Біз "қайырымды қала тұрғындарымыз" ба?
2018 ж. 06 сәуір
4919
0
Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» Бақыт концепциясын бере ала ма? Бұған бірден абстрактылы жауап беруге болады немесе шектеулі ғана нақты бір сөзбен: «Иә, себебі, ол – қайырымдылық, ізгілік» дейтініміз анық. Алайда бақыт өзі кімге қалай ұғыналады?
Бақыт әлдебіреуге отбасы, махаббат, әлдебіреуге табыс, ал біреулерге қуанышты сәттер. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бақыт турасындағы ойларын қайырымдылықпен неге ұштастырды екен?«Бақыт», «қайырымдылық» және «қала» детальді мағынаны атқарып тұр.
Мәселен, Жер шары әлемі – домалақ пішіндегі алақандай жаратылыс десек, ондағы өсіп-өніп жүріп жатқан процесс – тіршілік. Ал тіршілік, бұл – тірлік, бұл – қуаныш, ең әрісі бұл – бақыт.
Енді Бақыт қашан баянды тұрақтап қалады екен мына жаратылыста? Ешқашан немесе бәрі өткінші, жалған дүние деген ойды алға тартатындар бар. Жоқ, бақытты біз сезінетін құбылыс, яғни сезім дейтін болсақ, ол адам жанымен бірге жасайды. Ал адам жаны мәңгілік емес пе?
Бақытты тіршілік бізде басталғалы қашан, домалақ Жер бетіне Күн планетасының шуағы түскелі тіршілік: су, орта қысымды ауа, өсімдік, жәндік, егін бастары көтерілді. Адамдар мыңдаған жылдар бойы Табиғат-Анамен үйлесімде келеді (соңғы даму процесстерін айтпағанда). Солай тіршілік ретінде сақталып тұр, десе де соңғы әлемдік апаттар, ауа ластануы, табиғи ауытқулар неден пайда болуда? Оған себепті басқа жақтан емес, сол тіршілікті жасаушылардан табатынымызды жақсы білеміз.
Күн – (ерте атауы – Ра) тіршілік сыйлау үшін, Жер – Адамға мекен болу үшін, Ауа, Су – өмір сүруге қажеттілік үшін жаратылған, әрқайсысы тек қана жақсылық әрекетін жасап тұрған бір жаратылыс емес пе? Ендеше, Адам ше? Адам сол игіліктің бәрін қажетіне жаратып тауысу үшін келді ме? Ғалымдардың айтуынша, өз қызметін атқарып тұрған тау-тас та, өсімдік, жәндік, жануар да мына әлемнің белгілі бір пайдасы үшін жасайды екен. Шыбын да, маса да, жел де, жаңбыр да деген сияқты.
Адамның, негізінен, белгілі бір игілікті жасағаны басқаға емес, өзіне жасағаны. Басқаға қайырым, жомарттығы – өзіне болған мәрттігі. Сондықтан «қайырымдылық қоғамдық қорлар» әлемдік халықаралық дәрежеде құрылып жатады. Бұл адамдық миссиямыздың шетін болсын ақтай алғанымыз шығар. Алайда, Ислам ғылымында: «нағыз Адам болу міндетінің ауырлығынан жаратылыс қорыққан, Таулар да бас тартқан деп жазады».
Себеп, біреу-ақ Бақыт іздеп жер бетін шиырлаған адамның өз міндетіне адал қарауында ғана. Ізгілік, махаббат, қайырым сезімімен қарауында ғана әлемге. Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыздың жоғарыдағы концепциясы да осы, қала дегені –домалақ жер бетіндегі сіз бен біз, ал қайырымды тұрғындар да Сіз бен біз бе? Ойланып көрейікші... мұнымен әлем адамдарын, мемлекеттерді, әртүрлі сенімдерді, тіпті саяси ағымдарды жаман дегім келіп тұрған жоқ. Немесе «Жауыз» деген ұғымға саяды деуден де аулақпын. Керісінше, мына ғаламды ұстап тұрған – Адамдар, ондағы жүрегі күндей мейірім шашқан қайырымдылары. Қайырымды адамдар әр мемлекетте бар. Солар мемлекеттерін аман ұстап отыр. Өйткені, оның үлгісімен сол мемлекеттің халқы өмір сүруде. Сондықтан да тарихты тобыр емес, тұлға жасайды, тұлға сақталады.
Расымен, бақыт турасында ауқымды трактат жазған Әл-Фарабидан бастап, осы күнге дейін мыңдаған ғылыми тұжырымдамалар жасалды, жасалып та жатыр. Бірақ оны әрбір жан иесі өзі жеке сезінбей Бақыт дегеннің не екенін ұғынбақ емес? Бұл тақырыптың мәнділіге де осында.
Ұлмекен Лесбекова
qazaquni.kz