Роза Рымбаева ұлдарын өз тегіне ауыстырып алудағы мақсатын айтты
2018 ж. 30 наурыз
16716
29
Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева жеке өмірі туралы сұхбат бере отырып, көзіне жас алды. Әнші 19 жыл бойы күйеуі Тасқын Оқаповты сағынып жүргенін ашық айтты.
Роза Қуанышқызы болашағына сенімсіздік танытып қос ұлының тегін де ауыстырып тастаған екен.
Бұл туралы әнші «">Бақытты әйел» бағдарламасында журналист Мақпал Қаратайқызына берген сұхбатында ашық баяндады, - деп хабарлайды stan.kz.
«Мен шығармашылық үшін жеке өмірімді құрбан еттім. Менің осындай деңгейге көтерілуіме жолдасым Тасқын Оқапов үлкен еңбек сіңірді. Соның арқасында Халық әртісі деген атақ алдым. Мақсатым осы атақты алу болды деп айта алмаймын.
Сол үлкен еңбектің арқасында жеткен жетістігім ретінде көрсетемін. Тұңғышым Әлиді 33 жасымда дүниеге әкелдім. Мәдиді тоғыз жылдан кейін босандым. Бұл жерде мен әртістігімді көтерейін деп жүріп қалған жоқпын. Денсаулығымда да аздап мәселелер болған еді.
Әлиден кейін бірнеше баланы қатарынан босанғанымда мұндай жетістікке жетпес пе едім. Кім білсін… Құдай осындай екі ұл берді. Шынымды айтсам әншіліктен де ана ретінде бақыттымын.»,-дейді Роза Рымбаева.
Роза Қуанышқызы көзі тірісінде күйеуін талай мәрте ренжітіп алғанын да жасырмады.
«Әрине қазір күйеуімді сағынамын. Жасым келген сайын ол кісіні сағынып келемін. Уақыт өткен сайын маған қандай адамның жетіспейтінін байқап жүрмін. Мені қойшы, Әли мен Мәдиге жетіспейді.
Жігіт болған кезде, қалыңдық әкелетін кезде, ақылдасар әкесін іздеген кезде, мен жесір әйел ретінде мұндай жағдайды мен ерекше түсінемін. Жасым ұлғайған сайын сағынышым өсіп келеді. Кейде ойлаймын, «Осы мен депрессияға кіріп кетпесем екен» деп.
Отбасы болғаннан кейін ренжіткен сәттерім де болды. Шығармашылықта талай тартыстық. Мен өзімдікін дұрыс деп қайтпайтынмын. Жеке өмірде де ыдыс аяқ сылдырламады деп айта алмаймын. Ол кезде өмір сүру де оңай емес еді. Мынандай молшылық жоқ еді. Қазір не? Кез келген адам бір клип түсіріп жұлдыз болып шыға келеді»,-дейді Роза Рымбаева.
Қазақстанның жарық жұлдызы ұлдарын өзінің тегіне өткізген себебін де түсіндірді.
«Екі ұлым әкесіз қалған кезде, менде үлкен қорқыныш болды. Мен жыл бойы сапарда жүремін. Маған бірдеме болып кетсе бұлар қайтеді деген қорқыныш болды.
Содан тым құрыса атағым балаларыма көмек болар деп ойладым. Сол қорқыныштан екеуінің де тегін Рымбаев деп ауыстырдым. Бірақ, мектеп бітірген кезде Әли «Мама мен Оқапов боламын» деді. Келістім. Мәди менің тегімде қалды. Себебі менің де тегім болу керек бұл өмірде.
Мен қуаныштымын. Мәселе текте емес. Мәселе оның өміріндегі сәттіліктерге байланысты. Өмірде өз орындарын тапса екен.»,-деді Роза Қуанышқызы.
Әнші бірнеше рет өзіне ұсыныс жасаған ер адамдармен көңіл қоспақшы да болған. Алайда, кездескен адамдармен араласа келе өзі ойлағаннан мүлде басқаша болып шыққанын жасырмайды.
«Кеше ғана достарыммен кездестім. Сол жердің өзінде достарым арқылы көңіл білдірген адамдар болды. Қазірге дейін маған ғашықпын деп сезімін білдіретіндер көп.Тасқын кеткеннен кейін екі баланы жетілдірумен айналыстым.
Оларды музыкасына алып бардым. Дайындықтарына қатысатынмын. Орның арасында іссапарға барып, тиын-тебеніңді тауып келесің.
Өз шығармашылығымды да ұмытпауға тырыстым. Содан осы 19 жылым зымырап өтіп кетіпті. Арасында маған кездескен адамдар болды. Бірақ, Тасқынмен салыстырып отырамын. Менің осындай ерекше қөзқарасым бар.
Ендігі адам Тасқыннан асып түсуі керек. Асып түспесе онда ол менің адамым емес. Шын айтам, маған ғашық болғандар көп болды. Мен де бір-екі адамға қызықтым. Араласа келе менің адамым емес екенін түсіндім,қателескен екенмін.
Ендігі арманым, осы екі ұлды азамат етіп, орындарына қою.Қазір ешкімді іздемеймін, ондай жоспарым да жоқ. Қазір құрдастарыммен сөйлесе қалсам немерелерінің қызығынан басқа айтарлары жоқ. Өзім де сондай күнге ертерек жетсем екен.»,-дейді Роза Рымбаева.
Үнемі жанды дауыста ән салатын Роза Қуанышқызы сұлулығын сақтап жүрген құпияларымен бөлісті.
«Сахнада жүргеніме 50 жыл болып жатыр. Кез-келген өнер адамы косметологсыз елдің алдына шықпайды. Қазір заманның талабы мен мүмкіндігі зор. Айына бір-екі рет салонға барып, инемен дәрумендерді салдырып отырамыз.
Әжімдермен осылай күресеміз. Ал ерінді дүрдиту дегенге жоқпын. Бала күннен ерін осындай. Жасанды кірпікпен жүре алмаймын.Әдемісің деп қоясыз, мен әдемі емеспін.»,-дейді Роза Рымбаева.