26 жыл бұрынғы Қызылқұмдағы Наурыз мерекесі
2018 ж. 24 наурыз
4469
9
Кеше Қазақстан Жазушылар одағы өткізген Наурыз мерекесінде Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағы тізгінін ұстаған Ұлықбек ағамды құттықтап, кабинетіне кіріп шықтым.
Кейін Алматы қаласы әкімшілігі өткізген Наурыз мерекесін тамашалап отырып, осыдан 26 жыл бұрын тура осы 22 наурыз күні сол кездегі «Жас қазақ » газетінің бөлім редакторы болып істеп жүрген мен үйленіп, Шардараға, Қызылқұмға Алматыдан келін алып бара жатқан тобымызды Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы – «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулеттің өзі бастап барғанын есіне салдым. «Солай екен-ау, онда сенің тұңғыш перзентің 25-ке келген болды ғой. Уақыт деген қалай зымырап өтеді?»-деп, өткенге оймен көз жүгірттік. Сонда жаңа түскен жас келін Жәннаттың бетін ашқан әйгілі әнші-сазгер, қалың қазақ шырқап келе жатқан «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Лесбек Аманов та былтыр дүниеден өтіп кетті...
Сонымен бірге сол күні, 26 жыл бұрын Қызылқұмда тойланған Наурыз мерекесін сөз еттік. Қызыр қонған Қызылдың құмында Наурыз мерекесіне арналып, үлкен көкпар тартылып, Ұлағаң «Жас қазақ» газетінің атынан салым тігіп, бір дүрілдеген едік.
Енді міне, Ұлағаң Жазушылар одағы басқармасы төрағасы бола салып, Одақта 26 жылдан бері өтпеген Наурыз мерекесін өткізіп отыр.
Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын!