Қайырымды басшы, қамқор аға
2018 ж. 20 наурыз
4424
0
Соңғы кездері Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарының бүгінгі жағдайын мәселе еткен түрлі жанрдағы ақпараттар оффлайн және онлайн кеңістігінен орын алуда. Көп ғылыми қызметкердің көкейінде жүрген түйткілді ойлар мазмұнды сұқбат-мақалаларға тамызық болса, кейбір алыпқашпа ақпараттар интернет-порталдардың рейтингін көтеруге септесуде.
Осындай ғылыми-зерттеу институттардың қатарында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты аталады. Заңғар жазушының есімін иеленген қарашаңырақ бүгінде заманның ағымынан қалмас үшін өзге техникалық, жаратылыстану, т.б. мекемемелерге қарағанда екі-үш есе артық еңбектенеді десек артық айтқандық емес. Өйткені қоғамның, заманның гуманитария өкілдеріне қойған талабы «қатал». Өзге салалармен қатар жүріп-тұрса «мезгілінен қолын кеш сермеп», ырыс-несібесінен қағылатыны анық. Әдебиетті, тілді зерттейтін бүгінгі маманның үш-төрт тілді еркін меңгерген, өз өнімінің жарнамасымен өзі айналысатын менеджер, уақытпен, қаржымен санаспайтын, күрделі істерде жаңғақша шағылмайтын, жаны сірі әрі универсал болудан басқа амалы жоқ.
Гуманитарияның осындай қараөзек шағында әмбебап қызметкерді сырттан іздемей, керісінше институттың қатардағы маманының тұлғалық, дәрежелік қабілеттерін дамытуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлетін басшылар да баршылық. Сондай тұлғалардың бірі ғалым, жазушы, журналист, ірі қайраткер ‒ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанұлы Қалижанов.
Барлық ғылым-білім атаулы қоғамның басты капиталы адам үшін, адамның өмірін ілгерілету, жақсарту үшін қызмет атқаруы тиіс деген қағида бар. Қазақстанның саясат, журналистика, ғылым салаларында өлшеусіз еңбек сіңірген Уәлихан Қалижанұлының барлық қызметі халық игілігі үшін атқарылды деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені осы жылы 70 жасқа толатын У.Қалижанұлының атына жазылған осыған дейінгі барлық жанрдағы жазбалар осыны дәлелдейді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген лебізді У.Қалижанұлының 70 жылдығында ғана емес, жалпы қайраткерлік істеріне қатысты қымсынбай қолдана аламыз. Уәлихан ағаның жақсылығын сөз ету мерейтойында ғана орындалатын рәсім емес. Бұған дейін мемлекеттік қызметте де, журналистика саласында да қанаттас қызмет атқарған, басшылығында болған қызметкерлері баспасөз бетінде Уәлихан ағаның адамгершілігі, биік парасаты, тұлғалық болмысы жайында жылылыққа, ризашылыққа толы естелік-эсселерін жазып келе жатыр. Көркем прозасы, деректі, публицистикалық, ғылыми жанрдағы шығармалары жайында Р.Нұрғали, Ш.Мұртаза, Қ.Сұлтанов, Ә.Дербісәлі, Ж.Дәдебаев, С.Негимов, Т.Оралбайұлы, Б.Омаров, Т.Әбдірайым, Б.Нұрахметов, т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылардың толғамдары жазылған.
2012 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор лауазымына тағайындалған сәттен бастап, Уәлихан Қалижанұлының бастамасымен институтта талай жобалар қолға алынып, іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы көпшіліктің жыл сайын халық алдында көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, БАҚ-тың қатысуымен өтетін институттың дәстүрлі жария есебінен түйген мағлұматы көп болар.
Осы мақаламызда Уәлихан Қалижанұлының есімінен кейін «аға», «ағай» деген «лауазымды» қолданып отырмыз. Өйткені қызмет барысында кейбір қазақтілді жастар ағылшынның «mister», орыстың «ович», «евич» аталатын құрметті сөздерінің «аға», «ағай» деген қазақша баламасын қолдана береміз. Жылы қатынасымыздың белгісі ретінде қабылдағаны шығар, оған Уәлихан ағаның кейіген сәтін көрген емеспіз.
Уәлихан ағаны интеллектуалдық, рухани, кәсіби қабілеттерінен бөлек, оптимист, ертеңгі күннен үміті мол тұлға ретінде сипаттауға болады. Сол оптимизм мен үміт қызметкерлерге де қанат бітіріп, талай жұмыстардың сәтті орындалуына себепші болуда. Соңғы жылдарды ғана сөз етсек, институтта 2015-2017 жылдары жүзеге асырылған гранттық жобалар бойынша жалпы саны 48 кітап ұжымдық және жеке авторлықпен жарық көрді. 27 ақпан күні өткен жиында 48 кітаптың тұсаукесер рәсіміне «Мұхтар Әуезов» қорының Президенті Мұрат Әуезов, Экономика Институтының директоры Ә.Сатыбалдин, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Д.Әбсаттар, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Т.Тебегенов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры А.Б.Темірболат, тағы басқа ғалымдар да қатысып, инстиут атына жылы лебіздерін жаудырған еді.
Өткен жылы институт М.О.Әуезовтің 120 жылдығына орай «М.О.Әуезов және ұлттық рухани жаңғыру» атты халықаралық ғылыми симпозиум өткізді. Оған қоса, жыл сайын дәстүрлі «Әуезов оқулары» халықаралық конференциясы ұйымдастырылады. Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан Мұрат Әуезов: «Мен ес білгелі өзім куә болған Институттың ұйымдастырған ғылыми зерттеулері, өткізген жиындары жоғары деңгейден төмендеген емес. Институттың жұмыстарына әрдайым тілекші болып жүремін» деп институт қызметкерлеріне, басшысы У.Қалижанұлына алғыс білдірген еді.
Уәлихан аға қызметке талантты, талапты жастарды қабылдауға тырысады. Бүгінде институт қызметкерлерінің жартысына жуығы жастардан құралған. Жас мамандардың ішінде бакалавр деңгейіндегі білім сатысы кездеспейді деп айтуға болады. Көпшілігі магистр немесе магистрант, докторант.
Институтта ғылым мен білім интеграциясы 2014 жылы басталған. Содан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлестікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылыми кадрлар даярлау орталығы арқылы «Әдебиеттану» мамандығы бойынша бірнеше магистрант, докторанттар оқуларын сәтті аяқтауда. Барлығы ҚР БҒМ тарапынан әдебиеттану мамандығына бөлінген мемлекеттік грант негізінде білім алды. Осы жылы 2014 жылы оқуға қабылданған доктораттардың үшеуі диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұның барлығы жас кадрлардың ғылыми потенциалын арттыруға жасалған игі бастамалардың жалғасы болса, 2017 жылдың соңғы айларынан бастап жас ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөліне бастады.
ҚР БҒМ Ғылым комитеті мен Қазақстанның ипотекалық компаниясы бірлесіп, жас ғылыми қызметкер санатындағы жастарға көңілге қонымды бағамен пәтер сыйлады.
Осы бастама бойынша М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 7 қызметкері бір айға жетер-жетпес уақытта баспанаға қол жеткізді. Бүгінде Алматы қаласының «Атлетикалық ауыл» («Атлетическая деревня») аталатын шағын ауданында ғылыми-зерттеу институттарының жас қызметкерлері үй алып, сонда өмір сүруде. Аталған аудан «Алматы арена» көпфункционалды мұз кешенімен танымал.
Ғылыми-зерттеу институттарының жас мамандарына пәтер беру кезінде Уәлихан Қалижанұлына да үлкен жауапкершілік жүктелді. Ғылым комитеті мен Ипотекалық компанияның пәтер беру бойынша қызметкердің жеке басында үйінің болмауы, зейнетақыға он екі айдың анықтамасының қажеттілігі, т.б. талаптары бар еді. Ал, Уәлихан ағаның Әдебиет және өнер институтының 7 қызметкері үй алатын кезде әрбір құжаттың болуын өзі қадағалап, ауруханада жатса да құжаттарын жеке хабарласып, сұрап алып жатты. Халық жылдап кезекке тұрып, пәтерге төленетін жалпы соманың 50 пайызын толтыру үшін сағаттап бас алмай еңбек етіп жатқанда біздің қызметкерлер 2-3 аптаның ішінде баспаналы болып, кілттерін қолына алды. Өз қызметкерлерін бірінші кезекте пәтермен қамтамасыз ету бойынша бастама көтеріп, әлеуметтік жағдайына қарайласу Уәлихан Қалижанұлының басшылығында дәстүрге айналғанына көзіміз жетіп жүр. Өйткені қазіргі күні түрлі мемлекеттік істерде қызмет атқарып жүрген шәкірттері ағайдың есімін естелік-мақалаларында жиі атап, алғыс білдіріп жатады.
Осынау шағын жазба соңында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қырғызстан Республикасы Ш.Айтматов атындағы академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Уәлихан Қалижанұлы Қалижановты 70 жасымен шын көңілден құттықтап, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз!
Айнұр АХМЕТОВА, Ph.D докторант
qazaquni.kz