Қазақтың "Ұлыстың ұлы күні" деуінің мағынасы қандай?
2018 ж. 19 наурыз
5870
5
Наурыз мерекесі құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні құт-береке әкелсін. Бірақ, тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да наурыздың нақыштарын толық түсініп жүрген жоқпыз. Көпшілік наурызды "қыз ұзату", "құда түсу", "тұсау кесу", "сүндетке отырғызу" деп түсінеді. Наурызды тойлап жатқан қай мекемеге барсаңыз да осы салт-дәстүрді келсін-келмесін "көш жүре түзеледі" деп сахналық қойылым, көрінісретінде жарыса көрсетіп жатады. Сонда наурыз осындай салт-дәстүрлер мен ғана шектеле ме?! Неге Ұлыстың ұлы күні дейді? Неге бірлік берекеге шақыратын мереке деп атайды?! Бұған жауап іздеп жатқан ешкім жоқ.
Баяғы бала кезімізде әке-шешем наурызды жасырын тойлап, наурыз көже пісіріп, мәні мен мағнасы түсіндіріп отыратын. Амал күні, көрісу, кешірім күні, жаймашуақ күн, өлара, қауышу деп алты күнді ерекше құрмет тұтып қарсы алатын. Әр күнді аталуына сай амалдап, жаймашуақ күні үй-ішін далаға шығарып, күнге кептіретін.
Әкем Мұхаметқали оның мәнісін былай түсіндіретін. Бір жылда 365-66 күн бар. Осы күндерді бір айдағы 30- күнге бөлгенде 6 күн артық қалады. Сол алты күн наурыздың 13-і мен 21-і аралығына келеді. Осы күндерді қазақ "Өліара" деп атайды. Өліарада табиғат құбылыстары, күтпеген оқиғалар, қыстың қаһарынан қалған ауру-сырқау, табиғат апатттары болады деп күтеді. Осы күндері қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күнінен үмітті жұр тбірін-бірі құшақтап көрісіп, құрбандыққа мал айтып сойып, бірін-бірі құрметтеп қонаққа шақырады. Алда әлде қандай қауіп бар деген түсінік пен адамдар қателіктері, артық-кемдері болса кешіріп, бірінен-бірі кешірім сұраған. Өйткені "адам табиғаттың бір бөлшегі, адамдар мейірімді болса, табиғат та мейірленеді" деп түсінген. наурыздың 13-21 аралығындағы өлараның әр күнін болжап, жаңбыр жауса, "молшылық болады" деп, "шөп шүйгін, мал тоқ болады" деп, жел тұрып, күн суытса, "жаз салқын болады" деп бір жылдың ауа-райын болжайтын болған. Осы амалдан өткеннен кейін 21 наурызды «Ұлыстың Ұлы күні келді!» - деп қуанысып, бір ай бойы наурыз мерекесін тойлайтын болған. Біз наурызда күн мен түннің теңелетінін ғана білеміз. Өзіміздің табиғатпен байланысты екенімізді біле бермейміз. Табиғатпен тілдесіп, түсінісіп, тамырымыз бір екенін ұғысудан алшақтап,табиғатқа мейір таныта алмай жүрміз. Адамдар қатыгезденіп бара жатқан соң, Табиғат та қатал. "Адамдар қатал болса, табиғат та қатаяды. Қоршаған орта да «адамдар маған не істесе мен де соны қайтарамын» дейді екен" деп отыратын әкем марқұм. Біздің қаталдығымызды табиғат та дәлелдегісі келетін шығар. Наурызды салт-дәстүрдің ғана мерекесі деп түсінбей тереңіне үңілейік.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Фейсбук парақшасынан