Шардаралық шайырлар
2018 ж. 17 наурыз
7543
2
Көзі қарақты, ойлы оқырманның ойында болса, осыдан тура төрт жыл бұрын осы басылымда шалғайда жатқан шағалалы өлке – Шардарада әдебиет пен өнерді сүйетін дарынды жандардың шығармашылықтарын дамытуға қолдау білдіру мақсатында «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» ашылғанын қуана хабарлағанбыз. Бірлестіктің тұсаукесер рәсіміне ұйымға есімі берілген Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, талантты ақын Қазыбек Иса, Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы сол кездегі Әбілда Аймақ (марқұм) ағаларымыз бастаған бір топ айтулы ақындар қатысып, жұмысымызға сәттілік тілеп, ниетімізге қолдау білдіріп еді. «Жақсыдан – шарапат» дегендейін, содан бері біздің бірлестік өз мақсатын тиісті деңгейде жүзеге асырып келеді.
Құдайға шүкір, бұл қазақ аузы дуалы ақындарға кенде болмаған. Әзір де кенде емес. Қайта қазіргі уақытта қазақ ақындарының деңгейі анағұрлым биіктеген сыңайлы.
«Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген қанатты сөзді өткен ғасырдың елуінші жылдарында заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқан екен. Ал осы бір салиқалы сөз тіркесіне соңғы жылдары жерлесіміз, ақын Қазыбек Исаның: «Шардара барса шайырмын демес кім-кім де» деген тұжырымды ойын қоса айтып жүрміз. Бұған ешкімнің дауы жоқ шығар.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орындары бар жерлестеріміз – жоғарыда айтып кеткен Қазыбек Иса, өзге саланың маманы болғанымен, өлең-сөзде өзінің орны бар екендігін танытып қойған Бауыржан Қарабеков, бүгінде арамыздан озған белгілі түркітанушы, сыншы-ғалым, ақын Әмірхан Балқыбек, Төлеген Айбергенов атындағы және «Серпер» жастар сыйлықтарының лауреаты Әлібек Шегебай, т.б. бұл күндері шардаралықтардың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналып отыр. Бұлардан бөлек, ауданымызда түрлі салада еңбек еткендерімен қолдарынан қаламдары түспей, жырсүйер қауымнан жоғары баға алып жүрген ақындарымыз қаншама.
Жасы сексеннің сеңгірінен асқанымен сөзі де, ісі де ширақ Құрманбек Шәметов ағамыз үш бірдей жыр кітабының авторы. Ол кісінің құрдасы Жақсылық Орынбасаров ағамыздың да сөзі мірдің оғындай, ойлары ондыққа тиіп жатады. Жетпіске қарап жол салған Тұрғанбек Қанаев ағамыз ауыл шаруашылығының білгір маманы ғана емес, өмірден көрген-білгенін жырға айналдыра білген, «Еңбегім туған еліме» атты жыр кітабының авторы. Қара өлеңде жорғадай тайпалған Қасқыр (Қарсыбай) Серікбаев ағамыз «Өткел» және «Қасқыр ақын» атты жыр кітаптарын оқырмандарға ұсынып үлгерді. Зейнеткерлікке дейін ұстаздық қызметте болған Көбекбай Еспанов ағамыздың әлі де жастарға айтар оралымды ойы бар. Ауданымызда тұңғыш рет «Әжелер» ансамблін құрған Жарылқасын Ізбайқызы апайымыз да «Сабыр ет, көңілім, сабыр ет» жыр кітабының авторы. Роза Шығанақова апайымыздың көптеген өлеңдеріне әдемі ән жазылды. Өлең-жырлары өзгеше әдіптелетін ҚР Білім беру ісінің үздігі, А.Иманов атындағы жалпы орта мектеп директоры Нұрғали Ыбырайым ағамыз біздің ғана емес, Қазыбек Исаның да ұстазы болып саналады. Әйгілі жыршы-термеші Әбдіғаппар Айдаров ағамыз ақындық бағытта да оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Өлең-сөзден өзіндік стиль іздеген Хамит Жұмабековтің есімі де жырсүйер қауымға етене таныс. «Дарын» мектебінің мұғалімі Ажар Сламова өлең өлкесінде өзі ғана емес, Айтжан Орынбасар, Камила Дүйсенова, Дана Мырзақадыр, Динара Әділбек есімді жас дарынды баулып жүрген ақын қыздарымыздың бірі. Оспан Смайылов, Жанәділ Сейданов, Ғайболла Бектөреевтер де өзіндік ойларымен шаршы топта танылып жүрген жандар. Өнер өлкесінде термешілігімен танылған Қанат Дауылбаев бауырымыз «Көңілімнің көкжиегі» жыр кітабының авторы. Шағалалы өлкеден түлеп ұшқан, шағала-арманын жырмен кестелеп жүрген ақын қызымыз Ұлмекен Лесбекова республикалық «Шабыт» фестивалінің дипломанты.
...Тізбелей берсек, газеттің тұтас бетін тізіммен толтырар түріміз бар. Осы жерде аты аталған ақындарымыздың көпшілікке танылуына жергілікті «Өскен өңір» газеті мен ақындардың жанашыры, жеке кәсіпкер Нұрмахан Қары ағамыз басқаратын тәуелсіз «Шартарап-шарайна» басылымы үлкен ықпал етіп отырғанын айтпай кетуге болмас. «Жақсының жақсылығын айт» демеуші ме еді атам қазақ?!
Сөз реті келгенде аудан әкімі Болатбек Қыстауов басқарып отырған аудан әкімдігінің де ақындарға оң көзбен қарайтындығын айта кеткіміз келеді. Айтулы мерекелер қарсаңында жергілікті ақындар арасында мүшәйра ұйымдастырылып жүр. Мұнан бөлек әр мектепте жергілікті ақындармен жүздесу өткізіліп келеді. Таяуда ғана күрделі жөндеуден өткізілген аудандық мәдениет сарайынан ақындарымыз үшін арнайы бөлме (бірлестіктің жұмыс кабинеті) бөлінді.
Құрметті өнерсүйер, өлеңге әуес қауым!
Ұлы ақын Абай айтпақшы, біздің де негізгі мақсатымыз – «тіл ұстартып, өнер шашпақ»... Өз тарапымыздан мектеп оқушылары арасында бірнеше рет мүшәйра ұйымдастырдық. Жыр додасы барысында өлең-сөзге құмар жастардың қарасы көп екенін көріп қуандық. Бұл шараның барлығы жоғарыда айтып өткен «тіл ұстартып, өнер шашпақ» ниеттен туындап отырған мақсат.
«Ат тұяғын тай басар», – демекші, Қызылдың құмынан қуат алып, Сырдың сыңғырынан сыр ұғынған жоғарыда аттары аталған марқасқаларымыздың ізін алып келе жатқан іні-қарындастарымызға бағыт-бағдар көрсету, жол мен жөн сілтеу азаматтық парызымыз.
Бірлестіктің жұмысы – жаңа есімдер ашып, бәйгеге қосуымен құнды!
Сәбит ЛАХАНОВ, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы
Нұрғали Ыбрайым
Мағжан сөмкесі Көрсеткісі келгендерден желкесін, Асқақ ұстап өтіпті Ақын өр төсін. Қараңызшы, қандай көркем, келісті, Мағжан аға ұстап өткен сөмкесін?! Реңі де, жарасымды пішім де, Қанша жырлар сақталды екен ішінде? Қаншама ару көзін сатып сыртынан, Қанша сұлу көрген екен түсінде?! Арғымақ жыр дүбірлетіп жер төсін, Ақын жаны бола-тұғын ерке шын. Қанша бауыры құмар болды ұстауға, Ақын аға қолы тиген сөмкесін. Жүрегімен жазған хаттар жаралы, Тебірентіп жатыр Ұлы даланы. Айғағындай қанша ұйқысыз түндердің, Көзге ыстық мына сөмке бағалы! Алашымның таң боп атты батқаны, Армандардың таралуда тәтті әні. Асылдардың жарқыратты мұрасын, Азаттықтың арайлаған ақ таңы! Қасқыр Серікбаев Бастап еді бір өлең Белгілі ғой өмірдің қиындығы, Табу қиын мойымас иіндіні. Ақын үшін Тәңірі о басында, Жаратпаған ақылға сиымдыны. Бас білігі бағынбай ырығына, Түсті келіп нарықтың құрығына. Ол аз десең аңдыған әр қадамын, Түсінбей жүр биліктің қылығына. Жабайылау екен, – деп, – түсінігің, Әкімдері көрсетер кісілігін. Кеңселерден талайы қуып шықты, Ұнамады-ау жыртығы ішігінің. Жас та келіп ұғымның көнергені, Көнермесе бұл кепке көнер ме еді? Пышақ қырлы бір кітап бола алмай жүр, Төрт кітапқа жүк болар өлеңдері. Ұтарың не өткенді жасырғанда, Жылап өткен Сәкен де, Қасымдар да. Бастап еді бір өлең бітпей қалды, Ұқсаңқырап сарайлық ақындарға. Әбдіғаппар Айдаров Шағала-арман Жаным, мен суымаймын, Болса да қанша жерден мұңым, қайғым. Жүзейін бір сені ойлап мәңгілікке, Сағыныш теңізінің суында айдын. Өтсе де жылдар жылжып, сырғып ай, күн, Сергелдең қылған сезім құрғыр-ай, бұл. Қағаз бен тәуелді қып қарындашқа, Ұйқыны алып қойды-ау, қу құдайым! Алдырмай көз шырымын, еркім қашып, Ойлардың өршеленген өртін басып. Келеді таң саз беріп себезгілеп, Теңізбен отырғанда мен сырласып. Бетке ұстап сұлу Сырдың самал лебін, Жанымның толқынынан табам емін. Ала алсам сенің жаулап жүрегіңді, Өзімді армансыз деп санар едім. Сыйлаған жомарт-Тәңір құсқа қанат, Шарықтар шағала-арман құсқа қарап. Сезімнің құл болайын жетегінде, Пенделер жүре берсін күстаналап. Көбекбай Еспанов Ей туыстық, руластық... Хақ алдында, тақ алдында барлық адам – бір адам. Ей туыстық, руластық, бой көрсетпе жырадан! Тәңір ием, жол көрсетіп, тірлігіңді сынаған, «Аққа Құдай жақ деген бар», сенің де бар сыбағаң! Алты Алаштың арғы атасы – қазақ деген бір адам. Енші алыспай, сөз шалыспай тату бол деп сұраған. Сен – ағасың, сен – ортаншы, сен – кенжесің, жолды біл, Деп біздерді топтап-топтап, Үш Жүз етіп құраған. «Жүзі күйсін!» деген сөз бар Жүзге бөлген адамның, Әділ болса, ешуақытта жолын кеспе ағаңның. Ал ағаңнан асып түссең тізгінді алып қолыңа, Өз ісіңмен дәлелдегін артықтығын бағаңның! Алтау болсаң, ала болып, ауызыңдағы кетеді, Төртеу болсаң, түгел болып, төбеңнен сый жетеді. Жүзді жікке, ру-руға бөлгендер ол іштарлар, Бөлген жұрттың келешек жасқа толар етегі. Ептеп тартып етегінен болғандарды күндейміз, Мұның арты жамандыққа апарарын білмейміз. Маған десе шүршіт болсын, тағдырымыз бір тағдыр, Қазақы үйдің ішіндеміз, барлығымыз бірдейміз! Бәрін көріп келе жатқан әлімсақтан, көнеден, Терең бойлап сабақ алсақ, тарих жолы – көреген. Төрелер мен Төлеңгіттер бір-бір ру ел болды, Арабың да, Сунағың да әулие емес төреден! Атам қазақ тойға кел деп шақырмаған оларды, Ойламады көсемдері ақыры не боларды. Ұрпағының жазығы жоқ, қазақтанды, ел болды, Айран құйып ел қып қойдық, тұқымдары жаңарды. Не бір түрін көрсек-тағы басқа салған азаптың, Ешбір ұлттың пейлі жетпес пейіліне қазақтың! Ұсақ-түйек ұран айтып руларды бөлмейік, Пейлімізді кеңге алсақ туар алдан ғажап күн! Нұрғали Мырзахметов Мен сол жолды ұстадым Табанымды туған жердің топырағына күйдіріп, Маңдайымды күн көзіне сүйдіріп. Жүрсем болды азабы мен қайғысын, Жүрегіме ала аламын сыйдырып. Неге десең бұл даланың мен ғанамын иесі, Бәрі, бәрі маған ғана тиесі. Өйткені, бұл ата-баба аманаты қалдырған, Аманаттың болады ғой киесі. Ата-бабам бөрліктіре қуып әмән дұшпанын, Туған жердің бастырмапты пұшпағын. Сол ерлердің ұрпағында болу керек ұстаным, Мен сол жолды ұстадым! Хамит Жұмабеков Алты мақал Өмірдің тоқып кестесін, Білмеймін жасың, нештесің. Жолаушы жолы жүрсе өнер, – Бір күнің босқа өтпесін. Айта алсаң тура бетке сын, Кәмелет жасқа жеткесін. Жүргенге жүгем ілігер, Бір күнің босқа өтпесін. Көпірден көлік өткемін, Досыңыз сатып кетпесін Қыбырлаған қыр асар, – Бір күнің босқа өтпесін. Ерінбей еңбек еткесін, Бір дәнін жерге төкпесін. Қамданған қапы қалмайды, – Бір күнің босқа өтпесін. Отбасыңда жеке ісің, Ағайын айтпас өкпесін, Жатқанға жан жуымас, Бір күнің босқа өтпесін. Балшықтай баптап илеген, Тұрмысты тірлік билеген. Өмірің болса бір түстік, Дүние кештік жи деген. Қанат Дауылбаев Жел мінезі Жел тұрды әл жеткенін теңселдіріп, Теңселдіріп, көрсетті белсенділік, Барымташыл пиғылмен басынғандай Бұрқан-талқан ашуын желкен қылып. Асау желдің соққанда арыны үдеп, Төңіректің кеткендей бәрі жүдеп. Тынысыңды тарылтар керімсалдың, Шарпығанда кеудеңді жалыны кеп. Кейде жайсыз соғады құйындатып, Құйындатып, жайыңды қиындатып. Астан-кестең етеді жолындағы, Кездескенді санамай бұйымға түк. Тіктелуге жетпестей мұршалары, Осал ма еді соншалық мұнша бәрі. Ықтасынға тығылып жапырақтар, Бір-біріне сыбырлап мұң шағады. Қалар десем ажарын дала сақтап, Дала гүлі қалайша пана таппақ. Бәрі солып, ал бірі құлап жатыр, Нәзік гүлдер тірсегін жарақаттап. Кім бар дейсің, әрине, қоштар мұны, Бар осындай тірліктен оқшаулығы. Кей мінезде кездесіп қап жатады, Желдің осы қолайсыз сотқарлығы. Өмір деген күрделі байқамасаң, Жел мінезін құрыдың қайталасаң. Тыншымайды, сірә да, тыншымайды, Татулықтың теңізін шайқап алсаң. Жанәділ Сейдан Жол жүру Шықтым ауылдан, Мектепті жаңа бітіріп. Бөлініп алғаш бауырдан, Үкілі үмітке жүгініп. Бағытым қала, бақ сынап, Аттандым үлкен орынға. Мектепті оқып жақсылап, «Төрттік» аттестат қолымда. Қиялға енген шың биік, Арманым да асқар алдағы. Білім мен жырды шын сүйіп, Басталды өмір дастаны. Әкеме бергем сертімді, Жасамаймын деп қиқар іс. Күттіріп, таусып еркімді, Сәскеде келді «Икарус». Құлаққа тұнар жыр мен күй, Салонда толған қыз жігіт. Жалынды жастар, ән мен би, Гитара үні қыздырып. Алғашқы сапар, жанға нәр, Бергендей қуат тың күші. Балқытып, баурап, бойды алар, Сұлу қыздардың күлкісі. Сыңғырлап үні шолпыдай, Төгілген нұрлар жүзінен. Тұра алмайсың толқымай, Сырларын ұрлап көзінен. Арттап бір қалып мекендер, Икарус жөңкіп барады. Жолаушы болып мінгендер, Топ-топ боп түсіп қалады. Желік бітіріп табанда, Енген ем күйге бір көркем. Сән берген мына салонға, Қыздар да түсті бір жерден. Автобус іші көңілсіз, Күй кешіп, демін тартқандай. Қос қостан отыр, бәрі үнсіз, Өтіп бір кеткен шақтардай. Басылған жұрттың ентігі, Жабырқау, күйі сенгісіз. Бағытта тоқтар ендігі, Түсері кімнің белгісіз? Ажар Сламова Көркемім – көк теңізім Көк теңіз, тұңғиықсың, тым биіксің, Көркіңмен көңілдерге нұр құйыпсың. Кербез қарап қызығып келгендерді, Келбетіңмен сиқырлап сыр жиыпсың. Көк мұнар айдынымыз күнде асығар, Көңілге сырдан тағар сырғасы бар. Көп күткен сағыныштың себебіндей, Көргенде қайта жүрек бір басылар. Көзмоншақ тақтым жырдан тұмар қылып, Көркіңе көз тоймайтын құмар қылып. Күмбездей көк те саған басын иіп, Күн сәлемін жолдайды, қыран күліп. Көк теңізге аспан да, күн де ғашық, Көктен қарап қызығып жүр таласып. Көкте жұлдыз, алыстан ай қараса, Көк теңіз еркелейді бұлдағы асық. Керім ескен самалы көк теңіздің, Көп қытықтап ойнайды бетте біздің. Кереметін қанша айтса таусылмайтын, Куәсі бұл бағзыдан жеткен іздің. Көк теңізім, көркемім – сөзім жетпес, Көз тастаған толқымай сезім кетпес. Күнде басып қоямын жүрегімді, Кеудеге сыймай соққан өзің деп кеш. Динара Әділбек Қазақтың дана Абайы Ауырса бала емшісі оның анасы, Асау ақынның шабытын тербер даласы. Елі үшін туып, халқы үшін азап шегетін, Әрбір халықтың болады дара данасы. Қазағым кенде емес-ті мұндай жандарға, Жалғайтын жұртын ойлаумен таңды таңдарға. Абайы барда кеңпейіл, шешен қазаққа, Дамушы елден дамыған болу арман ба? Қазағы үшін қайырылған сұрау белгі боп, Қиындық көрді тұрса да қанша белді боп. Ұлы Абайдың ескерткішінің алдына, Келді ғой қанша шыншыл адамдар шерлі боп. Жалғыздан – жалғыз шуағын шашты түнде де, Шыдамды болды ауыр да азап күндерде. Алауыздықта адасып жүрген жастарды, Шақырды ойшыл қараңғы жолмен жүрмеуге. Сабырлы болды шеттетіп бәрі жатқанмен, Арынды болды әр күні мұңды батқанмен. Ағайын – туыс сатқындық жасап жатса да, Күрескер болды өткір шындықты жақтаумен. Табанды болып қалады жарқын бастауды, Шегінбес артқа, ұмтылыс күндер басталды. Ұлы дарынның Шәкәрім сынды шәкірті, Шақырды үлгі алуға құмар жастарды. Қарасөздері сынады қазақ мінезін, Анықтап айтып ері мен елдің шын езін. Адасқақ елдің артта қалғаны емес пе? Ой – көкірексіз көреді биік тым өзін. Ұстаған бірдей ақыл мен қайрат, жүрегін, Өзінен биік халқының қойған тілегін. Тоғжан мен Абай махаббаттары мәңгілік, Ұлағат болып ұрпаққа жетсін – тілегім. qazaquni.kz