Ерағаң ердің сойы еді...
2018 ж. 10 наурыз
5492
1
Қабырғалы қаламгер Ержұман Смайыл өмірден озды.
Биыл қаңтар айында ғана «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы Ерағаның мерейлі 70 жасын атап өтіп еді.
Жаңа заманғы қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне, дамуына ерекше еңбек сіңірген Ержұман Өтешұлы еңбек жолын «Егемен Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») газетінде қатардағы тілші болып бастап, асқан ізденімпаздығының, талантының, қажырлы еңбегінің арқасында осынау акционерлік қоғамның президенті лауазымына дейін көтерілді.
Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі Ержұман Смайыл журналистика саласындағы ұзақ жылғы қызметінде өзі де жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Ол баулыған көптеген іні-қарындастары бүгінде республикалық, облыстық газет-журналдың тұтқасын ұстап, халық игілігі жолында лайықты тер төгіп жүр.
Ақпарат айдынындағы тұтас буын қаламгерлерге үлгі болған Ержұман Смайыл кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстан Президенті сыйлығының және Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың алғашқы иегері.
Ол 1979-1987 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде редактордың орынбасары болды. 1987-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редакторының бірінші орынбасары, бас редакторы. 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, вице-президенті қызметін атқарған.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласында алатын орны ерекше қаламгердің жазбалары қоғамдағы қордалы мәселелерді, көкейкесті ділгірлікті дер кезінде шешуге, ел тәуелсіздігінің іргесін нығайтуға зор үлес қосып отырды.
Өзінің алдындағы жақсылар мен жайсаңның жалғасындай болған тәжірибелі маман соңынан ерген жас толқынның кәсіби жағынан да, кісілік қасиет тұрғысынан да өсіп-жетілуіне орасан қамқорлық жасап, қанаттануына зор үлес қосқан жан еді.
Сайып келгенде, мұның бәрі биік елдік мұраттар ұштасып жатқан іс болатын. Сондықтан да шығар, білікті іні-қарындастарының бәрі де қазақ журналистикадағы арда азамат, ұлық ұстаздарын «Ердің сойы Ерағаң» деп әрдайым жоғары бағалады.
Көрнекті қаламгер өзінің кіндік қаны тамған Алматы облысында жерленді.
Республикалық «Қазақ үні» газетінің ұжымы абзал азаматтың отбасына, ет-жақын туған-туысына қайғыға ортақтасып, көңіл айтады.
qazaquni.kz