Институттың жаңа жүйедегі жетістігі
2018 ж. 28 ақпан
3799
0
Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапхананың мәжіліс залында Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жария есеп беру жиыны өтті.
Жиын барысында аталмыш институт директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанов ғылыми зерттеу ордасының атқарған ауқымды істері мен алға қойған жоспарлары туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Дәстүрлі жиын аясында институтта жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу, шаруашылық жұмыстардың негізгі бағыттары, ұйымдастырған іс-шаралары, ғылыми потенциалы, кадрлық құрамы және жылдық бюджеті жайында кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 2015-2017 жылдары гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырған 26 жоба бойынша қол жеткізген табыстары, нәтижелері, ғылыми іс-сапарлар, білім және ғылым интеграциясы, республикалық, халықаралық байланыстар бойынша қорытынды ақпарат берілді.
Осы күнгі басқосуда институт қызметкерлерінің 2017 жылы жарық көрген жеке және ұжымдық еңбектері көпшілікке таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өткізілді.
2015-2017 жылдары жүзеге асырылған гранттық жобалар бойынша жалпы саны 48 кітап жарық көрді. Оның ішінде 24 ұжымдық монография, 9 авторлық монография, 1 оқу құралы, 1 энциклопедия, 4 ғылыми жинақ, 1 аударма еңбек, 2 антология (қазақ, орыс, және ағылшын тілдерінде), 4 конференция материалдарының жинағы, 1 электрондық альбом және «Электрондық жинақты (Қазақ қолжазбалары, 40-42 томдар)» атап өтуге болады.
Сондай-ақ, Фольклортану, Ежелгі дәуір және ортағасырлар әдебиеті, Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті, Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және публицистика, Сыртқы әдеби байланыстар және талдау, Әуезовтану, Музыкатану, Театр және кино, Бейнелеу өнері, Қолжазба және мәтінтану ғылыми-инновациялық бөлімдерінің өткен жылғы ғылыми және қоғамдық іс-шаралары, зерттеу жұмыстары ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел», «100 нақты қадам – Ұлт жоспары», Индустрияландыру, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру, т.б. бағдарламаларының аясында өткенін айтып өткен жөн.
Ағымдағы жылы институт жүзеге асыратын гранттық жобалар мен нысаналы бағдарлама, республикалық және халықаралық іс-шаралардың мазмұны, идеялық бағдары республикамыздың даму стратегиясындағы екі бағдарламаны – «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан», т.б. бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруға бағытталған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес бірнеше халықаралық, республикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар, ашық дәрістер ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді.
Ғылыми зерттеу ордасының ғылыми кадрлар дайындау саласында да айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтуге тиіспіз. Өткен жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлестікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылыми кадрлар даярлау орталығы арқылы магистратураның 1 курсына 5 магистрант, PhD докторантураға 2 докторант қабылдады. Бүгінде институт базасында 7 магистрант және 9 докторант білім алуда. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде 5 магистрант оқуды сәтті аяқтап, 1 докторант диссертациясын қорғап шықты. Бұл – ғылыми кадрларды дайындау бойынша институттың жаңа жүйедегі алғашқы нәтижелері. Өзге жылдармен салыстырғанда институттың 2017 жылғы кадрлық құрамы 99 қызметкерді құрайды, оның ішінде: 5 академик, 11 ғылым докторы, 29 ғылым кандидаты, 10 PhD докторант, 31 магистр, 7 магистрант бар.
Институт ұжымының ғылыми-зерттеу субъекті ретінде аккредитациядан өтуі де өткен жылғы жетістіктің бірі саналады. Аккредитациядан өту барысында 5 жыл бойында институт атқарған ауқымды жұмыстар тегіс құжатталып, тізімге алынды.
Былтырғы жылы алыс-жақын шет елдерге, республика аймақтарына ғылыми іс-сапарлар жүзеге асырылды. Қызметкерлері міз Лондон, Түркия, Венгрия, Мәскеу, Киев, Минск, Уфа, Ташкент, Бішкек, Грузия, т.б. мемлекеттердің ірі жоғары оқу орындары мен мәдени орталықтарына сапар шегіп, тағылымдамадан өтті.
Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиеттану, фольклортану мен өнертану саласында атқарған қызметі, жетістігі, жұмыс нәтижелері жайында көпшілікке толымды ақпарат ұсыну мақсатында өткен жария есеп беру жиынына жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы, әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар, магистрант, докторанттар, түрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйым, сала қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, т.б. қатысты.
Атап айтқанда, «Мұхтар Әуезов» қорының Президенті М.Әуезов, Экономика институтының директоры Ә.Сатыбалдин, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Ә. Дербісәлі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Т.Тебегенов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры А.Б.Темірболат, Қазақстан күрдтері «Барбанг» ассоциациясы – қоғамдық бірлестігінің төрағасы К.Мирзоев, Белорус этномәдени орталығының төрағасы А.Войцеховский, Алматы облысындағы «Элефтерия» грек қоғамдастығының төрағасы Г.Иорданиди, т.б. сөз сөйлеп, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми әлеуетіне, Қазақстан әдебиеті мен өнерін, фольклорын дамытудағы қызметіне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Аталған іс-шараға қатысушылар институттың алдағы жұмыс жоспарларына сәттілік тілеп, бүгінгі қазақстандық әдебиет пен өнердің даму жағдайын сөз етті.
Мұрат Әуезов,
«Мұхтар Әуезов» қорының президенті:
«М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өткізген әрбір іс-шараның мән-маңызы әрқашан жоғары болып келді. Кезінде әкем Мұхтар Әуезов әдебиет пен тіл институты жеке өз алдына отау тіккенде қатты қуанған еді. Өйткені әдебиеттану мен лингвистиканың зерттеу пәні айқындалған, объекті шаш етектен және көркем өнер тереңірек қарастыруды қажет етеді дейтін әкем.
Мен ес білгелі өзім куә болған институт ұйымдастырған ғылыми зерттеулер, өткізген жиындар жоғары деңгейден төмендеген емес. Жылда дәстүрлі «Әуезов оқулары» халықаралық конференциясы ұйымдастырылады. Былтыр Институт М.О.Әуезовтің 120 жылдығына орай «М.О.Әуезов және ұлттық рухани жаңғыру» атты халықаралық ғылыми симпозиум өткізді. Симпозиумға алыс және жақын шет елдердің ғалымдары мен отандық әдебиеттанушы ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Мұхтар Әуезовті қырғыз бен өзбек бауырларымыз қатты жақсы көреді. Олар да өзінше зерттеулер жүргізуде. Әдебиет институты ұйымдастырған осы симпозиум басқа елдерде де осындай жиындардың өтуіне бастамашы болды.
Сонымен бірге, институтта Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасын қамтитын түрлі гранттық жобалар сәтті орындалуда. Осы институттың жұмыстарына әрдайым тілекші болып жүремін».
Айнұр АХМЕТОВА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпарат хатшысы
qazaquni.kz