Кемелдік келбеті
2018 ж. 03 наурыз
4011
1
Мойынқұмның сұрқай қызғылт құмды, маң даласында жортқан жолаушының көзін аулайтын аң да, құс та көп. Ал, өсімдік дегенде алдымен көзге ілінері – жусаны мен жантағы, торы тобылғысы, изені мен шиі емеc, бетпақтың қызғылт құмына тамырын терең жайған, басқа аймақтардағы қызылды-жасылды өскіндердей бірден көз тарта қоймайтын, аптап ыстық пен қақаған аязға, долы дауыл мен сүргін жауынға жалаңаш денесін төсеп міз бақпайтын, шымға біткен шымыр,буылтық-буылтық бітімді, көз алдыңызға қазіргі заманғы культуристі, я болмаса трикстерді елестететін-барша жаратылыс иесінің өзі жаратқан құм перзенті – сексеуіл. Оны Мойынқұм даласының қаһарманы десе болғандай. Қайбір заманда аштықтан арыған, суыққа тоңған шақта сексеуілдің жанға жігер берер жытын жұтып жігерленіп, жаны мен тәнін жылытып, қайыра атына қонып, жауына селебе сілтеген қазақтың ендігі ұрпағы селдіреп қалған сексеуілге селебе сілтемесе дейсің. Құмды даланың төл перзентін бұтарлап отқа салудан тыйылса шіркіндер. Әлі күнге туған-өскен жердің кейбір түйткілдері толғандырады. Сексеуілсіз құм көріксіз. Сексеуілінен айрылған құм көшеді... Қашанғы әдетінше ой қуған ғалымның көз алдына тағы дақұм сапырған дауыл мен жауынға, табиғаттың небір сұрапылына мыңқ етпей өсіп, кемел шағына жеткен сіңірлі сексеуіл елестеді. Иә, өзі де ғылымның қиыр жолында шынығып, ширығып тарамыстанған әлгі өскінге ұқсайтындай. Мәуелі бәйтеректің жапырақтарындай жамыраған жас шәкірттерін көргенде марқаймасқа шарасы жоқ.
1948 жылдың көктемінде Жамбыл облысы Шу ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген мүбәрәк жүзді сәби белгілі ұстаз-ғалым Мүбәрәк Үмбетаев болатын. 1971 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің филология факультетін бітіріп келіп, бала шағынан әкесіне, атасына ілесіп талай аң-құс қуған көршілес Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында еңбек жолын бастайды. Ерке Шудың сылдыры мен анасының әлдиі, көршілес құмды ауылда аңшылық құратын құймақұлақ қара шалдың тобылғы сапты қамшыны асқан бір шеберлікпен өре отырып айтатын ертегіге бергісіз әңгімелері жас Мүбәрәктің сөз өнеріне деген ықыласын ерте оятқан еді. Оның үстіне Мойынқұм даласының сиқырлы суреттері қиялшыл жастың жүрегіндегі өзіне де белгісіз құбылысты түртіп оятып тыным бермейтіндей. Өлең, мақала жазып, ой қуатын болды. Мектептегі шәкірттеріне де ынтасы ерекше. Ақыры ауылдағы шәкірттерімен әрең қоштасып, Алматыға аттанады. 1977 жылы өзі қабырғасынан шыққан қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасына қабылданады. Аспирант Мүбәрәк Үмбетаевқа Сүйінбай Аронұлының шығармашылығын зерттеу міндеті қойылады. Арманын арқалаған жас «инемен құдық қазғандай» ғылым жолына бел шеше кіріскенін өзі де аңғармай қалады. Шынында, шыр етіп дүниеге келген адамзаттың туған-өскен топырағының табиғатына тартпасы кемде-кем болса керек. Жас Мүбәрәктің бойына өзі туған Шу өлкесі қамысы тербелген момақан, ойшыл қалпын, қызғалдағы мен сарғалдағының көктегі күнмен ойнап, жалт-жұлт еткен жайсаң, жарқын мінезін, жастық шағы өткен құмды дала түсіне эпос батырларындай жиі енетін сексеуілдің безіндей тас түйін жігер, төзім сыйлапты. Білім мен ғылым жолына түскен абзал жанға керегі де осы еді. Алайда, жас ғалым сөз сүлейі атанған Сүйінбайдың ақындық өнері бүкіл шығармашылық ғұмырына өзек болар түгесілмес қазынасына айналарын ол кезде түйсінген жоқ. Қазақстан, Қырғызстан тарихи архивтерін, қолжазба қорларын, Фрунзе, Ташкент, Қазан, Уфа шаһарларын аралап, тынымсыз ізденіс нәтижесінде, 1981 жылы «Сүйінбай Аронұлының поэзиясы және оның тарихи негіздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бүгінде Мүбәрәк Бейсенбекұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми зерттеу орталығының директоры міндеттерін атқарады.
Иә, «дүние де өзі, мал да өзі» дейтін ғылым жолы. Алайда, алмағайып уақыт келді. Құбылып тұрған дүние: бірде бетін берсе, енді бірде кері айналып, көз алдайды. Ғылым малға, мал мансапқа айналып жатты. Өзінің табанақы, маңдай теріне ғана сенетін, «ақ жүріп, адал тұратын» қарапайым қалпынан танбады. Аумалы-төкпелі нарық кезеңі қыспаққа алғанда да, ғылымнан қол үзген жоқ, керісінше соңына шырақ алып түскендей болды. Мүбәрәк Бейсенбекұлының докторлық қорғап, профессор атағын алуға мүмкіндігі де, ғалымдық қарымы да жеткілікті еді. Бірақ, ол ғалым атанудың заңдастырылған сүрлеуінен өтпей-ақ, Абай айтқан «шын ғалымша» өмір сүріп, еңбектенудің азабы мен рахатын әлдеқашан сезінген еді. Тіпті, ол заңды ғылыми атақ-дәреже түгілі, осы күнде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан «Жылдың үздік оқытушысы», «Құрмет ордені» тағысын тағылар сияқты марапат-атақтарды қаперіне алған да емес.
Ал, Мүбәрәк Үмбетаевтың сонау ұлы Әуезовтің академиялық шешендік дәстүрі мен қазіргі инновациялық оқыту әдісін шығармашылықпен ұштастырып келе жатқан нағыз «еңбек торысы», зиялы ғалым екеніне оның ғылыми шығармашылық еңбектері дәлел екені мәлім. Көз майын тауысып, түн ортасына дейін қағаз-кітапқа, я компьютерге қадалып отыру әдетіне айналғалы қашан. Жары Зейнегүл, келін-бала, немерелері де бұған үйренген-ді. Ғалымға тән туабітті төзімнің, ешкімнің көзіне еленбей төгілген тердің қайтарымы да өзі үшін – отбасы бақыты, көз алдында отырған өрімдей шәкірттері, қала берді солар қолтықтап жүрген өз еңбектері. Бүгінгі талапшыл шәкірт аудиторияда бос сөзбен уақыт өткізетін оқытушыға емес, білім-білігі шәкіртінен он есе асып түсіп жататын, оқытудың заманауи тәсілдерін, алуан әдістерді шығармашылықпен үйлестіре алатын өз ісінің шебері дейтіндей оқытушыға зәру болса, осы олқылықтың орнын толтырып жүрген ұстаздың бірі де осы кісі болса керек.
Мүбәрәк Бейсенбекұлы «Пірім менің – Сүйінбай» (Қазақ университеті, 1992), «Ақындық өнер өрісі» (« Қазақ университеті», 2003), «Импровизация и жизнь» («Қазақ университеті», 2004), «Еншілес ел ақындары»(«Қазақ университеті», 2007), «Өтеген батыр тұлғасының әдеби-тарихи негіздері» («Қазақ университеті», 2012), «Сүйінбай».Монография.Абай атындағы ҚазҰПУ, «Ұлағат», 2015), «Сүйінбай айтыстары және өмір шындығы: монография» («Қазақ университеті», 2015), «Қазақ-қырғыз халық ақындары: оқу құралы» («Қазақ университеті, 2017), «Көңілдің кейбір кездері: әдеби толғаныстар мен пайымдар» («Дәуір», 2018) атты еңбектерін жазып, жариялаған танымал әдебиеттанушылар қатарында деуге болады.
Мүбәрәк Үмбетаев «Сүйінбай айтыстары және өмір шындығы» атты монографиясында «Айтыс өнерінің алтын діңгегі», жыр алыбы Жамбылдың ұлы ұстазы, халық ақыны атанған Сүйінбай Аронұлының шығармашылық мұрасын жүйелі-кешенді түрде терең зерттейді. М.Б.Үмбетаев биографиялық әдістің де оң нәтижелерін ескереді, ақынның өмір сүрген ортасы, сызба арқылы оның ата-тегінің этникалық құрылысын көрсетеді. Ғалым осы орайда атақты А.Н. Веселовскийдің «художник воспитывается на почве человека» деген афоризмін ескереді.Иә, ол орыс текстологы Н.Н. Михайлов айтқандай, «кандидаттық, я докторлық дәреже алу үшін ғана» қорғамаған, тұрмыстың илеуіне қарамастан ғылымға жанкештілікпен берілген ғалым. Осы күні өзге «ғалыммын» дегендерден әлдеқайда мойны озық екені әсіресе, ғылыми қауымға мәлім.
М.Үмбетаев монографиясының бірінші тарауы «Сүйінбайдың Тезек төремен айтысының әлеуметтік сипаты» деп аталады. Ең алдымен, зерттеуші «Сүйінбай мен Тезек төре айтысының» ақынның басқа айтыстарынан айрықша екенін ажырата келіп, оның эстетикалық мәніне терең үңіледі. Зерттеуші хан, төрелерді мақтаған сарай ақындарының тоғышарлығын, оларды халық ұнатпағанын, ал Махамбет, Шернияз, одан әрідегі шығыстың шайырларының билеушілерді аяусыз сынап, шенегенін, сондықтан мехнат шеккенін баяндай келіп: «Ал, XIX ғасырдағы қазақ даласының Рудаки, Фердоуси іспетті дүлділ, семсер тілді ақыны Сүйінбай Аронұлы болды» –
дейді. Сыншыл реализм әдісі ақиық ақын Сүйінбай айтысында сатиралық бейнелеуден танылады. Сүйінбай зорлық-зомбылығымен, ұрлығымен әшкере болған Тезек төренің елге әмірін жүргізе алғанмен, көп әйелді отбасына тәртіп орната алмағанын бетіне басады.Тезектің әйелінің, қызының теріс қылықтарын келеке етеді. Тезек қарсыласының сөзі сүйегінен өтсе де, артында қалың халық тұрған Сүйінбайды жазалай алмайды. Осы сипаттарды ғалым жан-жақты зерделейді.Ғалым аталмыш айтыста Сүйінбайдың ертеден келе жатқан мысал айтысын жаңашылдықпен игергенін, жалпы мысал айтысын ақындар айтысы үстінде тым сирек кездесетінін байыптайды. «Сүйінбайдың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысының қоғамдық мән-маңызы» деген екінші тарауда белгілі ғалым М.Үмбетаев бұл айтыстың жүз елу жылдан астам уақыт бойы қырғыз, қазақ елдерінде ауызша айтылып, сақталып келгенін сөз етеді. Қатағанның кертпалығын, жікшілдігін сипаттаған деректерді шолып өткенімен, оның суырып салма өнерде теңдесі жоқ төкпе ақын екенін атап өтеді.
Зерттеуші М.Б.Үмбетаев өзінің толассыз ізденісі нәтижесінде Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Сүйінбай, Мұрат, Майлықожа, Жанақ, Жамбыл, Бақтыбай және Қалығұл, Арыстанбек, Солтобай, Жеңіжоқ, Тоқтоғұл, Тоголок Молдо, Молло Нияз, Молдо Багыш сияқты жыр дүлділдерінің өлең-жырларын салыстыра зерттеу ісін алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Саңлақ ғалымның еңбектері жаңашыл бағыттағы зерттеу ауқымынан табылатыны даусыз.
Қырғыз-қазаққа танымал ғалым Мүбәрәк Үмбетаевтың ақиық ақын Сүйінбай Аронұлының ақындық, күрескерлік тұлғасын сомдаған «Сүйінбай мен Тезек төре» атты тарихи-музыкалық драмасын өз алдына сөз етуге тұрарлық көркем туынды деп білуге болады.Сондай-ақ, ұстаз-ғалым М. Үмбетаев «Көңілдің кейбір кездері: әдеби толғаныстар мен пайымдар» («Дәуір», 2018) атты жуықта жарық көрген кітабында қырық жеті жылға жуық ұстаздық-ғалымдық шығармашылық ғұмыры мен адами өмір-тағдырынан түйгендерін әңгіме, өлең-жыр, пьеса, шығармашылық портрет жанрында оқырманға ұсынады. Жалпы, шеберлік, дарын көпқырлы деген емес пе?
Сонымен, бүгінде әдебиеттану ғылымында есімі танымал ғалым Мүбәрәк Үмбетаевтың монографиялық зерттеулері, оқулықтары мен оқу құралдары, бағдарламалары, іс-тәжірибесі қазіргі таңдағы бәсекеге қабілетті білім беру жүйесінде, инновациялық оқыту үдерісінде пайдалануда тиімді, ғылыми әлеуеті аса мәнді еңбектер болып табылады. Сондықтан, қырық жылдан аса уақыт ғылымның қия жолымен өркениет көшіне ілескен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тынымсыз еңбек етіп, оның дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Мүбәрәк Бейсенбекұлы Үмбетаев қоғамда ұстаздық, ғалымдық, адамгершілік пайым-парасатымен, кемелдік келбетімен шынайы құрметке лайық абзал азамат екені анық. Жаны жайсаң, жақсы ағаның жетпісі жемісті болсын демекпіз.
Раушан ӘБДІҚҰЛОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры
qazaquni.kz