Талғат ТЕМЕНОВ: Интеллектісі есектен сәл жоғары бір шоумен – кино түсіріп жүр
2018 ж. 15 ақпан
10806
10
Талантты ұстап қалсаң – өрге сүйрейді,
Ұстай алмасаң – көрге сүйрейді.
***
Астанада не көп, стадиондар, фитнестер, спорттық нысандар көп. Риза боласың. Ал осы Астанада қазақ театрлары қашан көбейер екен? Денесі сұлу, түр-тұлғасы келбетті азамат даярлағанмен, оның ішкі дүниесі, мәдениеті, жан байлығы жүдеу болса – ол қандай төрт құбыласы тең азамат болмақ? Адам баласы үшін тек тән сұлулығы ғана емес, жан сұлулығы да керек қой.
***
Режиссура начинается не от выбора актрис, режиссура начинается от выбора жен.
***
Орысша сөйлегеннің бәрі – мәдениетті емес, ағылшынша сөйлегеннің бәрі – білімді емес.
***
Баяғыда К.Станиславский: «театр – киім ілгіштен басталады», – депті. Ол кезде солай болған болу керек. Қазір театр жарнамадан басталады.
***
Кішкентай сахнада да үлкен шығармалар туады.
***
Қартая білу өнер болса, қартайғанда егде актриса болып орнын білу – таланттың таланты.
***
Бүгінде әншіге аз сөйлеген жарасқан. Өйткені, аузын ашса – интеллектісі көрініп қалады.
***
Өнер адамдарында ауызбіршілік жоқ. Алайда, біреуге қастандық жасарда, біреуді құртарда, арыз жазарда – олар өте ұйымшыл болып кетеді.
***
Дүниедегі ең жек көретінім – барылдаған, дарылдаған ақымақ актер-сымақтар.
***
Галстук таққанның бәрі – интеллигент емес.
***
Актерлер ақылды болмаса – Шекспир тумас еді.
***
Ерте тұрғанның бәрі – әтеш емес.
***
Америка – армандар орындалатын жер. Тіпті, актер де – Президент бола алады.
***
Қазаққа Жорж Соростан гөрі Жорж Амадудың берері көп.
***
Өмірде ешқашан ғашық болмаған режиссер – махаббат жайлы қоя алмайды.
***
Ғашық болған артистпен жұмыс істеу – абзал.
***
Сахнада сөйлегенде түкірігі шашылып сөйлейтін артист – артист емес.
***
Баяғыда ұстазым Асқар Тоқпановтың айтқаны есіме түседі. Өмірде үш нәрсені табу қиын дейді. Ол – нағыз жар табу, дос табу және өз мамандығыңды табу. Керемет сөз. Алдыңғы екеуін дұрыс таппасаң – қара басыңның драмасы, ал соңғысын таппасаң – айналаңның, қала берді ортаңның соры.
***
Кезінде таланты болмай, театральныйға түскен артистерге обал. Бір тағдыр, бір адам өмірге бекер келіп, бекер кетті. Амал не?! Өкінішті…
Артистің өмірі де жанған сіріңке сияқты. Бір сіріңкең от та болады, шоқ та болады, ал бір сіріңкең тек шала болады. Бықсып жанады. Ал артистке бүксіп-бықсып өтуге болмайды.
***
«Тағдырыма ризамын» деп көпшілікке жар салатындар – тағдырына нағыз риза болмайтындар.
***
Беті жылтырағанның бәрі – артист емес.
***
Сахнада махаббат тақырыбы – мәңгілік.
***
Ең жек көретінім – тапсырыспен жазылған пьесалар, ал ең сорақысы – сол дарынсыз, дәрменсіз дүниелерді сахнаға сүйреу.
***
Ұстай алмасаң – ақын азады, талант тозады.
***
Өнердегі жақсы басшы – қамқор,
Жаман басшы – жемқор.
***
Қазаққа драма, опера, балет – кеше келген өнер. Бірақ бізге ең керегі – драма. Өйткені, онда ана тіліңнің мәйегі бар.
***
Актерлік те – ақындықтың бір түрі.
***
Дарынсыз драматург – қартайғанда құдалық жайлы пьеса жазады.
***
Шекспирге жақындаған сайын – биіктей береді.
***
Мұқаң мен Ғабеңді былай қоялық, қара сөзден қамыр илеген Қалихан мен Оралхандардың тіліндей драматургтер енді қашан туады екен? Белгісіз…
***
Сахнада фанатизм болмаса – өнер тумайды.
***
Адамның тісінің түгел болғаны қандай абзал, ал артистің тісі түгел болғаны – оның көркі ғана емес, көрерменге деген құрметі.
***
Спектакль де, кино да шартты ұғым. Шартты өнер. Ал бірақ сол шартты ұғымды өнерге айналдыратын – тек режиссердің таланты.
***
Интернет жаман десең – аузымыз қисаяр. Ал инстаграмм мен фейсбукті негізі қазақ ойлап тапқан сияқты. Бүгінде түшкіргенін де, үскіргенін де әлеуметтік желіге салатын артистер көбейіп кетті. Әсіресе, актриса-сымақтар. Құпиялық қазақ қыздарына қандай жарасқан?!
***
Базбіреулер өлмей жатып, атына қандай театр қойдырам деп бас қатырып жүр. О, тоба…
***
Интеллектісі есектен сәл жоғары бір шоумен – кино түсіріп жүр. О, тоба…
***
Мәдениетті басқару – арулардың конкурсында қазылар алқасы боп отыру емес.
***
Сахнаға жастық қалай жарасқан?!
***
Кино түсіру Меккеге тек анаңды көтеріп алып бару емес, бүкіл еліңді көшіріп алып барумен бірдей.
***
Арақ ішкеннен қорықпаймын,
Арын ішкеннен қорқам.
***
Артист азса – арыз жазады.
***
Шекспирдің Ягосынан қазақтың Ягосы қауіпті де зымиян.
***
Бүгінде кино түсіру – вино ішкеннен де оңай заман болды.
***
Бүгінгі біздің эстрадалық артистер де, жәй артистер де кинорежиссер болып барады. Сабынның көпірігі тәрізді. Жып-жылтыр, әдемі. Түртіп қалсаң – түк жоқ. Фильмдері де солай. Не түгі жоқ, не бүгі жоқ.
***
Сұлу актриса талантты болса – театрдың бағы. Режиссер топас болса – театрдың соры.
***
Жақсы режиссер – театрды өрге сүйрейді,
Жаман режиссер – театрды көрге сүйрейді.
***
Дүниедегі ең биік шың – табалдырық. Хан да, қара да есіктен кіргенде оң аяғын көтеріп аттап кіреді. Сөздің шыңы – шүкірлік.
***
Бүгінде шала-молда артистер көбейіп кетті. Аятты түсінбек түгіл, оқымаған актерлер – намазхан боп кеткен заман.
***
Қазақ театрында Шекспирді оқымаған директор бар. Шиллердің кім екенін білмейтін артистер де баршылық.
***
Сахнада дарынсыз драматургтер, ақымақ артистер, ретін білмейтін режиссерлер толып кеткен уақыт болды.
***
Режиссерлік мамандық – бұл да ақындықпен пара-пар. Режиссер болып қалыптаспайды – режиссер болып туады.
***
Жақсы режиссер – жақсы аспаз сияқты. Жақсы аспаздың асынан тойып шығасың, жақсы режиссердің қойылымынан рухани байып шығасың.
***
Жақсы режиссер – ырыс.
***
Планерканы осы күнде лездеме деп аударып жүр. Маған ұнамайды. Меніңше дәл тәржіма емес. Дұрысы, өткен жетідегі болған спектакльдерге анализ жасау, яғни сол қойылым туралы кезекші артистер, режиссердің көмекшілері өз пікірлерін ортаға салады. Сол лездеме – артистердің бір жетіде бір бас қосатын жиыны. Бұған актрисалар аса мұқияттылықпен келеді. Біреу соңғы алған киімдерін көрсетуге келсе, бірі соңғы иіс суымен мақтануға келеді. Біреулер рольден шеттеліп, қағылып, көптен ойнамай жүрсе, әріптестерінің алдында көзге түсу үшін сөйлейді. Біреу басқа біреуден өш алу үшін сөйлейді. Ал біреулер тек қана көсемсіп ақыл айтып сөйлейді. Бұл да творчество…
***
Сахна – айна. Сахнадан актердің ішкі дүниесі, оның интеллектісі, мінезі, рухани әлемі көрініп тұрады.
***
Өнер алды – қызыл тіл. Яғни сөйлей білу – өнер болса, сахнада сөйлеу – өнердің өнері.
Талғат Теменов, Алматы ақшамы