ЖАҢА ЗАМАНҒЫ РЕСЕЙДЕГІ ИСЛАМ
2018 ж. 26 қаңтар
8476
0
Ресей – зайырлы көп ұлтты және көп дінді федеративтік мемлекет. 1997 жылы Ресейде ар-ұждан бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңы қабылданды. Заңның кіріспесінде православиенің Ресей тарихы, мәдениеті мен руханиятының қалыптасуы мен дамуында айрықша рөлін мойындайтыны, ислам, буддизм, иудаизм және басқа да діндерді Ресей халықтарының тарихи мұрасының ажырамас бөлшегі ретінде құрметтейтіндігі атап көрсетілген. Ел халқының 80 пайызға жуығы православ сенімін ұстанады. 2017 жылы «Левада» социологиялық зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша сауалға қатысқандардың 90% православиеге құрметпен қарайды, ал 53 пайызы дінге сенеді. Елдегі мәдени және ұлттық ерекшеліктер туралы мәліметтерге сүйенсек, «2016 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Ресейде 1486 автономды этномәдени бірлестіктер тіркелген: оның 19 федералдық, 276 аймақтық және 1191 жергілікті ұйымдар»[1].
Мұндай мультимәдени ерекшеліктер елдің этномәдени құрылымы мен діни жағдайға ықпал етеді. 1997 жылы белгілі бір конфессияның ілімін ұстанамын деп көрсеткендер 2000 жылы 60,5%, 2001 жылы 57,8%, 2002 жылы 82%, 2003 жылы 61%, 2012 жылы 95% құраған[2]. Жаратушының құдіретіне сенетіндер 2000 жылы 43,5%, 2001 жылы 37,5%, 2002 жылы 45% көрсеткен[3]. 2012 жылы «Левада» социологиялық зерттеу орталығының мәліметі бойынша 76%-ОПШ, 4%-ислам, 1%-католик, протестант, иудей, буддизм ілімін ұстанушылар, 5%-атеист, 11%-ы жауап беруге қиналған [4].
Ресейдегі мұсылмандардың саны 25 млн. шамасында, бұл халықтың 18-20 пайызды құрайды. Кейбір деректерде Ресей мұсылмандарының саны 30-35 млн. Ресей мұсылмандары тұратын аймақтар – Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия, Қарашай-шеркеш, Қабарда-балқар республикалары. РФ солтүстік Кавказ мұсылмандар аумағын екі топқа Солтүстік-Шығыс (Дағыстан, Ингушетия, Шешенстан) және Солтүстік-Батыс (Солтүстік Осетиядан өзге барлық республикалар) бөлуге болады. Кавказдағы мұсылмандар ханафи мазхабын ұстанады. Олар Адыгей, Қабарда-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Дағыстанның солтүстігі және Шешенстанның Солтүстік-Шығысын мекендейді. Дағыстан және Шешенстанның өзге аумағында және Ингушетияда шафий мазхабын ұстанатындар басым. Солтүстік Кавказ аумағында накшбандия, кадирия және шазилия сопылық ордендері бар. Дағыстанның оңтүстігінде және Мискинджа ауылында шағын шиитік қауымдар бар. Дағыстанның Гимри ауылында XIX ғасырдағы кавказ халықтарының ұлт-азаттық күресінің басшылары имам Ғазы Мұхаммет және имам Шәміл дүниеге келген. Дербент қаласында 734 жылы парсылар салған көне мешіт бар. Солтүстік Кавказдың Батыс аймағында зайырлы ұстаным мен халықтық дәстүрлі діндарлық кең тараған. 1990 жылдары бұл аймақта реисламизация үдерісі, яғни дін негіздерінің қайта жанғыруы үдерісі басталды. 1994 жылы Ресейдегі ислам жаңғыру партиясы өзін-өзі таратқанын жариялаған болатын. Шешенстан мен Дағыстанда Түркия, Таяу Шығыстан келген миссионерлер діни ренессанс үдерісінде басым рөл атқарды. 1990 жылы солтүстік кавказ мұсылмандарының I съезінде Дағыстан мұсылмандарының діни басқармасы құрылды. ДМДБ жанында «Ас-салам» газеті және «Ислам» журналы, радио, телеканал және бірнеше сайттарды біріктірген медиа-холдинг жұмыс жасайды. 2017 жылы ДМДБ солтүстік кавказ мұсылмандарының үйлестіру кеңесінен шығатынын мәлімдеді. Дағыстанның діни жоғары діни оқу орындарының саны – 9. Әйелдерге арналған «Муслимат» медресесі жұмыс істейді.
Солтүстік Кавказдың шығыс аймағында діни жағдай өзгеше, мұнда сопылық ордендер өз ықпалын сақтаған. Дәстүрлі діни білім беру жүйесі өз маңызын жоғалтпаған болатын. 1990 жылдары Шешенстан, Ингушетия, Дағыстанда исламның қайта жаңғыруы үшін қолайлы жағдай туындады. Бұл екі бағытта жүрді. Біріншіден, жергілікті дін қайраткерлері, шейхтар, молдалар дәстүрлі діни құндылықтарды қайта жаңғыртуға күш салды. Екінші тарап, яғни Араб елдерінен білім алған жергілікті жастар жергілікті діни дәстүрді мансұқтап, дін қызметкерлерімен қақтығысқа түсті. Діни жаңғыру үдерісін сыртқы мүдделі күштер өз мақсатына тиімді пайдаланды. Діндарлар санасын радикализациялауға арналған діни жобалар аймақтағы дәстүрден тыс діни ілімдер мен жамағаттарды қаржыландырды. Діни экстремистік және террорлық идеологияларды қолдау және тарату мақсатты түрде жүргізілді. Солтүстік кавказ аймағындағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үдерістер, қарқынды урбанизация, дәстүрлі қоғамнан постмодернге өту, шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелер, тайпалық ерекшеліктер, кедейшілік, жұмыссыздық, жемқорлық, қылмыстық топтар діни экстремизмінің өсуіне себептер ретінде көрінеді. 1990 жылдары реисламизация үдерісі, яғни дін негіздерін қайта жанғырту басталды. Солтүстік Кавказ аймағындағы діни жаңғыру процесінде Түркия мен Таяу Шығыстан келген миссионерлер бұл үдерісте басым рөл атқарды. Жаһандық жоба постсәлафилік идеологиясы солтүстік кавказдағы ұлттық көңіл-күйге және ұлт-азаттық қозғалысқа ықпал етті. Заманауи постсәлафиилік идеологиясының түпкі мақсаты – әлем мұсылмандарын бір ілім аясында бірегейлендіру жолымен бірыңғай діни сана мен діндарлық ұстанымын қалыптастыру және біртұтас діни мемлекет құру болып табылады. 2007 жылы зайырлы ұлттық ұстанымның орнына діни бағыттағы «Имарат Кавказ» идеологиясы жарияланды. «Имарат Кавказ» ғаламторда белсенді әрекет етуі салдарынан бұл аймақта діни негіздегі қақтығыстар және діни экстремизм белең алды. Діни жағдайды қалпына келтіру мақсатында ресми билік орындары сопылық мектептерге қолдау көрсетті. 2010 жылы сәләфилер және жергілікті сопылар арасында сұхбат қарқынды басталды. Бұл діни жағдайды сауықтыруға ықпал жасағанымен, кейін бұл діни сұқбат пен қарым-қатынас саябырсып қалды.
Діни сенім тұрғысынан постсәлафия ілімін ұстанушылар парсы бұғазындағы араб елдерінде таралған ханбал мектебін ұстануы тиіс. Қазіргі таңда сәлафия ілімінің қалыптасу мен даму жолын сәлафилік, неосәлафилік, постсәлафилік кезеңдерге шартты түрде бөлуге болады. Алғашқы сәлафилік алдыңғы буын ізгі тақуалардың алтын ғасыр заманы, неосәлафиилік (XIII-XIVғ, XIX-XXғ.), постсәлафиилік (XXғасыр соңы мен – XXIғасыр) қамтиды. Солтүстік кавказдағы жаһандық постсәлафиилік жобадан тараған түрлі жергілікті сәлафийлік ағымдар – мазхабсыздар (лә мазхаб), «Әхл ас-сунна уал-жамағат» дағыстандық сәлафий қауымдары, билікке жақын мадхалилер және катарлық шейх Юсуф әл-Кардауи ықпалындағы ихуаншыл сәлафиилер. Зерттеушілердің пікірінше, аймақта бірыңғай ойлау мен біртұтас идеологияны ұстанатын біртекті салафиилік жамағат жоқ. Қазіргі таңда діни мен діни ұйымдар алпауыт елдердің ықпал жасау тетігінің жұмсақ күші(soft power) ретінде қолданатыны белгілі. 1990 жылдары солтүстік кавказда түрікшілдік және діни идеологияны насихаттайтын түркиялық нұршылар қауымы қызмет жасады. 2007 жылы мамырда Мәскеудің Коптев аудандық соты С.Нүрсидің кейбір еңбектерінің аудармасын экстремистік деп тапты. 2011 жылы дағыстандық нұршылардың жетекшісі экстремистік ұйым құрғаны үшін 2 жылға шартты түрде сотталды. Дағыстанда академик И. Крачковский аудармасындағы Құранды ғана қолданатын топ әрекет етеді. Олар Құранды тек ана тілінде оқу керек деп санайды. Шеркеш ұлттық зиялылар арасында –ұлттық тарих қойнауынан бастау алатын хабзизм -«халықтық діндарлық» жобасы да бар. Ресейде оннан аса имамдарды дайындайтын ЖОО және елуден аса медреселер жұмыс жасайды. Ресей билігі отандық дәстүрлі исламдық білім беруді қолдайды. «Радикализмнің алдын-алу мақсатына орай, ислам білім беру орындарына 2008 жылы 800 миллион рубль бөлінген. РФ ислам мәдениетін қолдау қоры құрылған» [5].
Солтүстік кавказдағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үдерістер, қарқынды урбанизация, дәстүрлі қоғамнан постмодерндік және постиндустриалды ақпараттық қоғамға қарай секіріс жасау, әлеуметтік-экономикалық мәселелер жұмыссыздық, кедейшілік, жемқорлық және бәсекелес елдердің геосаяси мүдделерінің қақтығысы діни негіздегі радикализмнің өсуіне ықпал етуде. «Росстаттың» дерегі бойынша, 2017 жылы елдегі кедейлер саны 23 миллионға жеткен. РФ солтүстік Кавказ мұсылмандар аумағын екі топқа Солтүстік-Шығыс (Дағыстан, Ингушетия, Шешенстан) және Солтүстік-Батыс (Солтүстік Осетия және барлық республикалар) бөлуге болады. Ресейлік мұсылмандар ханафи мазхабын ұстанады. Олар Татарстан, Башқұртстан, Адыгей, Қабарда-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Дағыстанның солтүстігі және Шешенстанның Солтүстік-Шығысын мекендейді. Дағыстан және Шешенстанның басқа да аумағында және Ингушетияда шафии мазхабын ұстанатындар басым. Солтүстік Кавказ аумағында накшбандия, кадирийя және шазилийя сопылық ордендері бар. Дағыстанның оңтүстігінде және Мискинджа ауылында шиитік шағын қауымдар бар. Солтүстік Кавказдың батыс аймағында зайырлы ұстаным мен халықтық дәстүрлі діндарлық кең тараған.
Сонымен қатар, Мордова және Орынбор, Омбы, Астрахань облыстарында тұратын мұсылмандар ханафии мазхабын ұстанады. Ел халқының 18-20% құрайтын мұсылмандар үшін 7500-ден аса мешіт жұмыс жасайды. Ресей мұсылмандарының федеративтік деңгейде РФ мұсылмандар орталық діни басқармасы, РФ мұсылмандар діни жиыны, Ресей мүфтилер кеңесі жұмыс жасайды. 1998 жылы солтүстік кавказ мұсылмандарының үйлестіру орталығы құрылды. Орталыққа солтүстік кавказ және оңтүстік федералды округ аумағындағы мешіттер кіреді. 2017 жылы Дағыстан мұсылмандар діни басқармасы солтүстік кавказ мұсылмандарының үйлестіру орталығынан шығатыны туралы мәлімдеді. РФ қоғамдық палатасы және дінаралық кеңесінде мұсылман ұйымдарының өкілдері бар. 2015 жылы РФ қоғамдық палатасы жанынан терроризммен күрес бойынша үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Ресейлік мұсылмандардың 100 мың данамен таралатын «Ас-салам» және РФ МДБ «Минбар Ислама» газеті бар. 2015 жылы ақпанда РФ жоғары соты Мордова сотының мектептте хижаб, джинси киюге тыйым салуын заңды деп тапты. 2017 жылы сәуірде Шешенстанда білім беру орындарында қыз балаларға хижаб киюге рұқсат берілді.
1990 жылы Татарстанда алғашқы медресе ашылды. 1994 жылы Қазан қаласының маңында Ескі Аракчино поселкісінде дінаралық орталық – барлық діндер ғибадатханасы салынды. Қазан қаласында мемлекеттік емес Усмания және Мәскеу қаласында Иман жалпы білім беретін орта мектеп жұмыс жасайды. 2008 жылы РФ МДБ педогогиканың жетістіктерін және инновациялық технологияларды және заманауи әдістерді қолдану жолымен білім сапасын көтеруді қолға алды. 2012 жылы Татарстанда мұсылмандық оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігі құрылды. 2015 жылы орта кәсіби діни білім беру стандартын енгізу мәселесі талқыланды. 2016 жылы Татарстанда республика мұсылман жастарының форумы өтті. Форум жұмысына ресейдің мұсылман аймақтарының жастары қатысты. 2017 жылы қыркүйекте Татарстанда Бұлғар ислам академиясы ашылды. Академияда магистратура және докторантура бөлімдері бар. Оқу – тегін. Билік жаңа оқу орнын ислам білімі және ғылымы саласындағы елдің идеологиялық дербестігінің тұғыры ретінде қарайды. Сонымен қатар, діни радикализмнің таралуының алдын алу, исламтанулық ғылыми мектеп қалыптастыру және діни оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізгі мақсат. Еділ жағалауы федералды округтан шет елдік діни оқу орындарынан білім алғандар саны соңғы бес жылда 2,5 мыңнан асқан. Академия аясында ғұламалар кеңесін құру көзделуде. Ресей президенті әкімшілігінде исламдық жобалардың үйлестіруші-кураторлары ислам мәдениеті, білім және ғылым қорын құрып және мұсылмандық білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру көздерін іздестіруде бұл көбіне діни экстремизм мен терроризммен күрес мақсатына бағытталады. 2018 жылы қаңтарда РФ тергеу комитеті мұсылман жастарды шет елге діни білім алуын шектеуге шақырды. Ресей билігі үшін жаһандану жағдайында Ресей мұсылмандарының этнодіни бірегейлігін қалыптастыру мен дәстүрлі діндарлықты жетілдіру маңызды. Шет елдік дін ғұламаларының пәтуасына құлақ салатын және жат-жұрттық дін ұстаздарына еліктейтін діндарлардың қалыптасуы мен көбеюі қауіпті құбылыс. Сондықтан, дәстүрлі діни сана мен діндарлық мәдениетіне сай діни ұстанымды қалыптастыру үшін Ресейде исламтанулық білім берудің үш деңгейі медресе-жоғары оқу орны-академия жүйесін қалыптастыру үшін мақсатты жұмыстар жүруде. 2017 жылы ресейлік 23 мыңнан аса мұсылмандар қажылық парызын өтеді. 2017 жылы Мьянмадағы рохинжа мұсылмандарын қолдау митингтері Мәскеу, Санкт-Петербург, Грозный қалаларында өтті. Ресей мұсылмандары негізінен сүнниттік сенімді ұстанады. Сирия мәселесіне қатысты Иранмен жақындасуы діни жағдай және діни қатынасқа да әсер етуі мүмкін. Деректер бойынша, Сирия аумағында террорлық ұйымдар қатарында 4500-5000 -ға жуық ресей азаматтары қатысуда. «Аджнад «әл-кавказ», ахрар-ар-шам», «джейш әл-Мухаджирин-уал-Ансар» лаңкестік топтар қатары ресейлік азаматтардан құралған. 2015 жылы халқының басым көпшілігі сүнниттік сенімді ұстанатын Сирияға солтүстік кавказ халықтарынан құралған әскери полицияның жіберілуі сүнниттік араб елдерінің көңілінен шығу мақсатын көздейді. Дегенмен, шииттік (алавиилік) билік басқаруындағы Сирияға қолдау көрсетуші Ресейдің сүнниттік араб елдерінен толық қолдау табуы қиын да күрделі мәселе.
Заманауи Ресейде мемлекет пен дін қатынасы зайырлы негізде жүзеге асуда. Ресейде діндарлық пен діни сана ұлттық руханият және дәстүрге деген құштарлықты көрсетеді. 2017 жылы желтоқсанда Левада-орталық жүргізген сауалнама бойынша әлемдік тарихтағы орыс халқының айрықша рөліне сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы сенеді. 1992 жылы бұл 13%-ды құраған, яғни бес есе өскен. Сауалнамаға қатысқандардың 50%-ы Ресейді ұлы держава деп санаса, 82%-ы ұлы державалықты сақтауды қалайды[6]. Мемлекет дәстүрлі діндердің қоғам өміріндегі атқаратын әлеуметтік қызметін айқындауға, әсіресе православтық мәдени дәстүрге ерекше көңіл аударады. Бұл елдегі мемлекет және дін қатынасының өзекті тұстары: ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ету, жаңа діни ағымдардың және оккульттік-мистикалық ілімдердің таралуы, сыртқы діни ықпалды тежеу механизмдерін жетілдіру, діни фанатизм көрінісі, клерикалдардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуы, өнер мен шығармашылық туындыларына діни сараптама жасау, діндарлық пен ұлтшылдықтың қабысуы, ұлттық сананың діни негізінің өсуі, православтық құндылықтардың қоғамдық-саяси өмірге ықпалының өсуі, діни экстремизмнің қылмыстық әлеммен байланысы, ғылым мен діннің үйлесімділін теологиялық тұрғыдан айқындау, апологеттік позицияның күшеюі, аймақтардағы діни экстремизмнің көрінісі, діндарлықтың сандық және сапалық тұрғыдан өзгеру көрінісі, қоғамдық пікір қалыптастыруда клерикалдар ықпалының артуы. Ресейдегі мемлекет және дін қатынасы өркениеттік және адамзаттық құндылықтар аясында дамуда.
Бағдат Бейсенов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филос. ғ. д.
Алматы қаласы
qazaquni.kz
Әдебиет:
- Ю. Ерофеев: национально-культурная автономия или этнокультурное объединение? http://finugor. ru/en/node/51468. 5. 01. 2016.
- United Nations Human Rights, Office of the High Commissioner for Human Rights, Universal PeriodicReview – Russian Federation, 33, http://www. ohchr. org/EN/HRBodies/UPR%5CPAGES%5CRUSession4. aspx.
- United States Department of State, International Religious Freedom Report 2012: Russia, athttp://www. state. gov/j/drl/rls/irf/religiousfreedom/index. htm?year=2012&dlid=208360#wrapper.
- At http://www. levada. ru/archive/religiya/kakuyu-religiyu-vy-ispoveduete. But see a much different total reported from a 2012 survey in the «Atlas of Religions and Nationalities of the Russians, «from the the Research Service «Sreda» at http://sreda. org/en/arena, which gives Orthodox belonging to Church at 41 percent and Faith without religion» at 25 percent.
- http://www. sova-center. ru/en/religion/publications/2009/04/d15726/.
- Lenta. ru. 21. 12. 2017.