Танымал журналист атышулы сериалдың тас-талқанын шығарды
2018 ж. 10 қаңтар
13335
53
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Қайнар Олжай өзінің Facebook парақшасында “Қозы көрпеш Баян сұлу” фильміндегі өрескел қателіктерді тізіп берді. Бұл туралы Қамшы порталы хабарлайды.
Қайнар ОЛЖАЙ: Бықынаған қате жүрген бұл сериал тіл заңынан жұрдай
Алты серия өте шықты. Артында жарты айлық шу қалды. Екі жақ таласқа түскен дау қалды. Ал, басқа не қалсын?
Жұрттың бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудан» баяғы «Қыз Жібек» фильмінің әсерін күтті. Іздеді. Оны әлеуметтік желіде Назгүл Қожабек қарындасымыз жақсы атап өтті. «Ғабит Мүсірепов жоқ жерде енді қандай «Қыз Жібек» болсын».
Иә, «Қыз Жібек» фильмінде кейін тұрақты тіркеске айналған сөздер көп еді. Әңгімеге біреу ортасынан килігіп кетсе «Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» дер едік. Осы 2018 жылы 8 қаңтарда 60 жасқа толған Әндіржан атты курстасымыз жатақханада қыздардың бөлмесіне кіріп: «Жібекжан, қымызды қонақтар ішсін, бізге шай да жетеді» деп күлдіретін. «Біреудің басына қызыққан өз басын да ойлай жүргені жөн болар» дер едік кей жағдайда. «Қалауыңыз қасқалдақтың қаны, не адамның жаны емес шығар» дер еді аудиторияда қалжыңдаған қыздар, деп жазады Қайнар Олжай желідегі парақшасында.
Бір кинодан осыншама теңеу, тұрақты тіркес ұлттық тіл байлығына қосылып еді.
Ал, Баянның «Баянын» баяндасақ: «Бағымызға қарай алатын бай табылды». Қарабайдың қызы туралы айтқаны. «Күйеуді тапқан өзің. Қызды да өзің тап.» Бәйбішесінің Қарабайға айтқан сөзі. «Үйіне шымылдық құрғызып қойдық. Әкел де өзің отырғызып қой». Бұл да Қарагөз бәйбішенің аузынан шығады. Не тәлім, не тәрбие бар? Бұлар – өткенде алғашқы серияда жұртты шошытқан Баянның ата-анасына «Қодар ұнаса өздерің тиіп алыңдарыңнан» дегенінен басқа мысалдар.
«Өзіңізге тиер деп зорламаңыз». Баянның Қодарға айтқаны. Қодар Баянның құрбысы Талшынға бірнеше рет «Найсап» дейді. Қанша Қодар болса да қызға ондай сөз айтпаса керек. Басқа теңеулер баршылық қой. Иә. Талшын байғұстың естімегені жоқ. Қозы да Қодардан қалыспай оған «антұрған Талшын» дейді. Бірі жағымды, бірі жағымсыз екі кейіпкердің қызға қарата айтылған сөздерінің сыйқы осындай.
Баянға шешесі әкесін жамандағанда «Қарақшылармен әбден әуейі болып алды» дейді. Ал керек болса! Қарабай мен Қодар және оның қасындағылар әуейі болса қандай көрініс шығарын көзге елестете беріңіз. Сериалдағы әр фильмнің басында «12 жастан асқан балалар көруіне болады» деп жазылған. Оған «тек естулеріне болмайды» деп қосқан ләзім. Өйткені, ананың аузынан қызына қарата «еркек пен еркек әуейі» дегенді жас балалар естімесін.
Сөйлем құрауларында бықынаған қате жүр. Бұл сериал тіл заңынан жұрдай. «Бір өзің аттану керек». Баянның айтқаны. Дұрысы «аттануың» шығар. «Ондай орай өтіп кетті» дейді Қозы. «Орай» ешқашан өтпейді. «Орай», анығында «орайы» келеді. Қарабай «Қодар, қызымның еркін бер» дейді. Шамасы, «еркіне жібер» демек болған. Қодар «Ал Қозыны біреудің қалыңдығын алып қашқаны үшін жазасын тартатын болады» дейді.
Не «Қозы», не «жазаға тартылатын» болып түзелуі керек еді. «Егер оған бірдеңе болса, менің тірі болғанымнан керегі жоқ» дейді Баян. Дұрысы «болғанымның» шығар. Қодар Баянға «Бір махаббаттың отын жаққанмен, бірін өлтіремін деп ойламайсың ба?» дейді. От өлмейді, өшеді. Оның үстіне құрмалас сөйлемнің бірінші бөлігінде «жаққан» деген соң, екінші бөлігінде «өшіріп» деуге міндетті.
Қозының әкесінің ағасы Әжібай би сый-сияпатты көрсетіп «мына сауғаны бәйбіше, өзіңізге арнайы әкелдік» дейді. «Сауғаны» жауды шапқан батыр беріп кететін. Кейде жомарттанған тонаушы тастайтын. Ал құдалыққа келген әрі елге сыйлы бидің «сауға» әкелгені – өз қадірін өзі кетіргені ме? Одан әрі маңғаз Әжібай би «Шүршіт сәнқойлары қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» дейді. Айтайын дегені «Шүршіт сәңқойларының қолына түсе бермейтін бұйым, бәйбіше», не «Шүршітте сәңқойлар үшін жасалған, қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» шығар.
Ары қарай тізе беруге алтын уақыттарыңызды алмайық. Қазақша сөздер тұрмақ орысша аударылған субтитрде өрескел қате тұр. Қозының Баянға айтқан «тұп-тұнық жанары, аққу мойны, шиедей ерні» дегені «чистыми глазами, шубами как вишня, с лебединой шеей» жазылған. Нанбасаңыздар, қарап көріңіздер, ақырғы серияның ең соңы осындай өрескел қатемен біткен. Шие түстес ішікті Баянның үстінен көре алмадық. Көбіне құлын жарғақпен жүрген еді. «Губа» мен «шуба» сөздерін шатастырғанда бізде қате бықып жүретінін орыс тілділер де сезсін дегендері шығар.
Орысша субтитр демекші, оның пайдасы да тиетін тұсы бар. «Таңқы, таңдау сенікі» дейді Қодар қарақшыларының біріне. Анау қайдағы таңқы, мұрны аузына түскен біреу. Әйтеуір орысшасында оны «куроносный» деп беріпті. Шамасы қазақша сөзден емес, фильмдегі көріністен жөндесе керек.
Баян қашып кеткен соң Қарабай «Естідіңдер ме маған бөзек етіп тұр» дейді. «Бөзек» – жергілікті диалект сөз. Жалпы ұлтқа арналған фильмде ондай азғана аймақ түсінетін диалект болмағаны абзал.
Қозы мен Баян бірі жирен қасқамен, бірі ақбозбен қашып келе жатқанда Қозының аты жығылады. Қозы «күрең атым-ай, мұның не?» деп күйінеді. Күрең мен жиренді ажырата алмаған аңғал бала ма сонша? Сол атына қарап «Егер көкте арғымақтарға орын болса, сонда кездесерімізге сенемін» деп толғанады. Мынау Баянға да арнамаған сөзі ғой. Сосын Баянға қарап «жілігі үзіліп кетіпті» дейді. Жілік үзілмейді, сынады. Өйткені, ол бір сүйек, бірнеше сүйек жалғасқан омыртқа немесе мойын үзіледі.
«Саған тіккен шаңырақты» дейді Қарабай Қодарға. Шаңырақты көтереді. Отауды тігеді. Құрсыншы. Енді қазақ тілінде мүлде жоқ «жаңалықтарға» келейік.
«Осындай адамсыздық болар ма екен» деп Қодарға зекіреді Қарабай. Қалың көрерменнің де күйініп отырғаны сол «адамсыздық» қой. Қарабайға қарата бәйбіше «бұл сенің абыройыңа жат» дейді. Енді фильмді түсіргендерге тура осылай айтылса, қалай болар еді?
Бәрі құлаққа түрпідей тиген сөздердің арасында бір дұрысы бар екен. Таптық. Тек естір кісі болса. Қодар Қарабайға қарата: «Сенің қызыңның күйеуі бар. Ол екі рет байға тимейді» дейді. Бәрекелді Қодар!
“Осыншама қатені Ұлттық арнаның бас редакторы Қайнар Олжай телесериал эфирге берілгенше неге тексермеген?” дерсіздер. Ол туралы айта жатармыз. Оған дейін ұлттық жадыға қайшы тұстарын сөз етейік.
Қайнар Олжай, Қамшы