АСАН МЕН ҮСЕН БАЛАЛАРҒА КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ
2018 ж. 04 қаңтар
4478
0
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мен қазақ салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында алғаш рет қазақ ертегілері кейіпкерлерінің қатысуымен «Асан мен Үсен жаңа жыл мерекесінде» атты ертеңгілік ойын-сауық кеші өтті.
Қала көлемінде жаңа жыл қарсаңында көптеген өнер орталықтарында балаларға арналған мерекелік шаралардың өтетіні белгілі. Ал «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен шара ұлттық нақышта әрі таза қазақ тілінде өтуімен ерекшеленді.
Жаңа жылдық шыршада ертегі кейіпкерлерімен бірге кішкентай көрермендер де сахна төрінен табылды. Салтанатты кеш кейіпкерлері Аяз Ата, Қар қызы, Асан, Үсен, Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқ, Мыстан, Әтеш және жыл иесі Итпен бірге жаңа жылды қарсы алған балалардың қуанышында шек болмады.
Қай кезде де әлеуметтік қолдауға зәру баларға қамқорлық көрсетуден танбайтын "Алатау" дәстүрлі өнер театрының ұжымы бұл жолы да осындай бүлдіршіндерlі назарынан тыс қалдырмады. Осынау жаңа жылдық шараның алғашқы күнін ұлтымыздың ежелгі дәстүрінде бар сүйіспеншілік пен ізгілік аясында ата-ананың қамқорлығына зәру балалардың жүрегіне қуаныш сыйлау мақсатында әлеуметтік қолдауға зәру бүлдіршіндер мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнады.
Жаңа жылдық шараның қалған күндері қалыпты жағдайда Алматы қаласының барлық бүлдіршіндері мен жалпы білім беру мекемелері, балабақша жеткіншектеріне арналған ертеңгілік ойын-сауық түрінде ұйымдастырылды.
Ойын-сауық бағдарламасының аясында ертегі кейіпкерлерінің жаңа жылдық хикаялары, қызықты ойын түрлері ойнатылып, әсем әндер шырқалды. Салтанатты шарадан соң Аяз Атаның балаларға деген тамаша тартуы ретінде мультипликациялық қойылым көрсетілді.
Қазақ ертегілеріндегі бәріміздің сүйікті кейіпкерлеріміз балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл жаңа жылдық шара өзінің ұлттық ерекшелігімен балдырғандардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Шара барысында өздерінің жаңа жылдық жырларын тарту етіп, кештің көңілді өтуіне аталысқан барша бүлдіршіндерге Аяз Ата мен Ақшақардың тарапынан арнайы сый-сияпаттар мен тәттілер үлестірілді.
Нұрсәт Қосан, 176 мектеп-гимназияның 1-сынып оқушысы:
- "Алатау" театрында өткен жаңа жылдық бағдарлама маған қатты ұнады. Әсіресе етегіден ғана естіп жүрген Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқтардың бізбен бірге жаңа жылды қарсы алғаны өте керемет әсер сыйлады. Бәріміздің сахнада ертегі кейіпкерлерімен бірге жүргеніміз өте көңілді өтті.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz