СӨЗ ПАТШАСЫНЫҢ СЫРДАҒЫ САЛТАНАТЫ (фото)
2017 ж. 28 желтоқсан
4535
3
Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде «Парасатты поэзия» атты халықаралық жыр кеші болып өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған поэзия кешіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Сыр өңірінде өміршең де құдіретті поэзия атты сырлы әлемнің құрметіне арналып тұңғыш рет «Парасатты поэзия» атты жыр кеші өткізіліп отыр. Баршаңызға жолы бөлек, жөні ерек шараға қош келдіңіздер дейміз. Біз – ежелден «Сыр елі – жыр елі» атанған елміз. Тұма жырдың бастауын Қорқыттан алған Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған, Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз. Осы ретте, «Парасатты поэзия» жыр кешін Сырда ұйымдастыру Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясында тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түседі, айшықтай түседі деп есептейміз, – деді аймақ басшысы.
Өлеңге шөліркеген жұртты тамсандырған шараны «Парасатты поэзия» идеясының авторы, ақын Ш.Әбдікәрімов жүргізді. Қоғамның шындығын, кезең келеңсіздігін қаймықпай шығармасына арқау етіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихына, болашағына сүбелі үлес қосатын поэзия пырақтарының әркез айтары анық, келешек үшін алар орны ерекше. Бұл кеште де ақындар осы үдеден шыға білді.
Жыр кешіне қырғызстандық Б.Чотурова мен Қ.Бакировтай және Ғ.Жайлыбай, Қ.Иса, Е.Ашықбаев, Ұ.Дәлейұлы, Н.Бегалиев, Б.Бабашова, Б.Мүбәракұлы, М.Тоқсанбай сынды есімдері елге белгілі ақындар мен Қ.Жәленова, Қ.Есімсейітова, Т.Абылаев, А.Үсенов, Д.Аяшұлы, Т.Қабылша сынды жергілікті ақындар қатысып, өлең оқыды.
Сахна төріне шығып, өлең оқыған ақындар мұндай игі шаралардың Сыр елінен бастау алатынын айтты. Солардың бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақтөбелік Ертай Ашықбаев.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Парасатты поэзия» атты халықаралық шығармашылық кешіне қатысу үшін Сыр еліне келген ақындарды қабылдады.
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс», – деген болатын. Аталған жыр кеші Елбасы мақаласы аясында ұлттық кодымызды негіздеу мақсатында аймағымызда бірінші рет ұйымдастырылып отыр және оны дәстүрге айналдыру жоспарда бар.
– Бүгін облысымызға ежелден Алатауды тең жайлаған етене жұрт – қазақ пен қырғыз елінің қарымды қаламгерлері келіп отыр. Әдебиет әлеміндегі танымал тұлғалардың Сыр өңіріне келуі – аймақтың рухани өміріндегі үлкен жаңалықтың бірі. «Әдебиет пен өнер – егіз ұғым» десек, кез келген кемелденген өркениетті мемлекет өз әдебиетін, мәдениетін, тарихын қастерлеп, оны ұрпақ тәрбиесіндегі басты құралына айналдырады. Әдебиет – ел көрген сан алуан саяси-қоғамдық өзгерістер мен тарихи кезеңдердің айнасы. Сонымен қатар, оның рухани қазынасы әрі кез келген ұлттың «төлқұжаты». Ал, поэзия – ұлы әлем, тылсым күш. Мұңайғанның жүзіне күлкі сыйлатқан, бейқам көңілді тұңғиық ойға батырған, ғашық көңілдердің асық жүректерін бір арнаға тоғыстырған құдірет. Өлең сөздің патшасы екендігі ежелден айтылып келеді. Сонау замандағы «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» жырынан бастап, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы Абайға дейінгі және одан кейінгі ақындар осы ұғымды дәлелдеп берді. Сыр елінің бастамасын қолдап, шақыруымызды қабыл алғандарыңыз үшін сіздерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Сыр бойы ежелден ұлттық мәдениеттің мәйегі ретінде ерекше дәріптеліп келеді. Ескіден жеткен «Сыр елі – жыр елі» деген даналық бүгінде Сырдың бойын жағалай қонған халықтың бағасына айналды. Бұл өңір ұлттық әдебиетке талай талантты тұлғаны қосуымен ерекше құрметтеледі. Қорқыттан бастап Балқы Базар, Тұрмағамбет, Нұртуған, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Шораяқтың Омары, Бұдабай, Қарасақал Ерімбет секілді жүрегіне жыр жауһарын жинаған шайырлар бірінен соң бірі тізбектеліп кете береді. Осы жерде дүниеге келіп, алғашқы шығармалары осы өлкеде жарық көріп, бүгінде қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, Жақсылық Түменбаев, Иран-Ғайып, Тынымбай Нұрмағанбетов, Молдахмет Қаназов, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қомшабай Сүйеніш, Жүсіп Қыдыров, Қази Данабаев, Махмұтбай Әміреев, Әскербек Рақымбекұлы, Шәкизада Әбдікәрімов, Сәнімкүл Желдербаева сынды әдебиет өкілдері осы қатарды толықтыра түседі.
Халықаралық жыр кеші қасиетті топырақтан нәр алып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың сара жолын насихаттау мақсатында қолға алынды. Идея авторы – белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шаhизада Әбдікәрімов. Кездесуде ақын ұсынысын құп алып, жыр жүйріктерін Сыр еліне жинап, өлеңсүйер қауыммен қауыштыруға ықпал еткені үшін аймақ басшысына рахмет айтты. Айта кетейік, Шаhизада Әбдікәрімов. 19-21 желтоқсан күндері түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістан қаласында өткен жазба ақындар фестивалінде 18 мемлекеттің мықты ақындарының ішінен суырылып алға шығып, лауреат атанды.
Басқосуда, сондай-ақ, халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Қарбалас Бакиров игі шараға мұрындық болған облыс басшылығы мен азаматтарға алғыс білдірді. Және бір жақсы жаңалық, алдағы уақытта жыр кешінде оқылған өлеңдер топтастырылып, жинақ шығарылады. Одан кейін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев екі елдің әдебиеті, руханияты мен мәдениетінің дамуына, публицистика мектебінің заманауи деңгейге көтерілуіне елеулі үлес қосып келе жатқан шығармашылық иелеріне естелік сый ретінде Фирдоусидің «Шахнамасынан» Тұрмағамбеттің «Шахнамасына» айналған әлемнің жыр жауһары – «Шахнама» аудиоэнциклопедиясын табыстады.
Назерке Саниязова,
Әзиз Батырбеков.