Македонияда Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды
2017 ж. 21 желтоқсан
2297
0
Скопьедегі (Македония) Әулие Климент Охридский атындағы университет кітапханасында Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталығының ашылуы өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Бұл Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының 2016 жылдан бері 14-ші орталығы болып отыр. Оның алдында әлемнің 13 елінде: Кореяда, Қырғыстан Республикасында, Финляндияда, Венгрияда, Ресейде, Арменияда, Малайзияда, Түркияда, Қытай Халық Республикасында, Грузияда, Францияда, Жапонияда, Швецияда орталықтар ашылып қызмет етіп жатыр.
Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшілігінің ықпалдасуымен ашылады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рүстемов Нұрбах Тұрарұлы, Скопьедегі Әулие Климент Охридский атындағы университет кітапханасы директоры Сенка Наумовска; орыс мәдениет орталығының мамандары, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкерлері; Македониядағы қазақ диаспорасының өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Қазақстан әдебиеті орталығының ашылуы Скопьедегі Әулие Климент Охридский атындағы университет кітапханасы оқырмандарына қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен оның экономика, саясат, әлеуметтік салалардағы табыстарын көпшілікке таныстыруға жол ашады.
Орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, соның ішінде, Елбасының әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптары, тарих, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеті бойынша кітаптар ұсынылды. Барлығы 200-ге жуық кітап тапсырылды. Бұл кітаптар македон оқырмандары арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, қазақтың бай мәдени мұрасын тануға мүмкіндік берері сөзсіз.
Іс-шара барысында екі кітапхана арсындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды. Кітапхана директоры Сенка Наумовска Скопьедегі Әулие Климент Охридский атындағы университет кітапханасы атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасына кітаптарын сыйға беретіні жайлы, сол кітаптар арқылы Макеодония халқының тарихы, экономикасы, мәдениетімен таныса алатыны туралы айтты.