Ақиқаттың алмас қылышы
2017 ж. 15 желтоқсан
3449
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Ғылыми кітапханасында «Нұрмахан Оразбек – журналист, публицист және баспагер» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Ғылыми алқа аясында Нұрмахан Оразбек шығармашылығы мен өміріне арналған кітап және фото көрмесі ұйымдастырылды. Дүбірлі жиынға қаламгердің әріптестері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорлары, қоғам қайраткерлері, белгілі журналистер қатысты. Конференция кезінде Нұрмахан Оразбектің шығармашылығына арналған журналистік байқаудың қорытындысы шығарылып, аталған жоғары оқу орнымен қатар Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік Университеті, Сүлеймен Демирел Университетінің жеңімпаз студенттері Нұрмахан Оразбек атындағы атаулы шәкіртақымен, дипломдармен марапатталды.
Белгілі ғалым, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек жүргізген кеште Нұрмахан Оразбектің – Мамадияр Жақып, Бексұлтан Нұржекеұлы, Әлібек Асқар, Кәкен Қамзин, Гүлсім Оразалықызы сынды т.б. танымал қаламгер достары, замандастары, іні-қарындастары естеліктерін айтты. Оқырман назарына сол лебіздерден үзінді ұсынылып отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП,
ҚР Құрметті журналисі
МІНЕЗДІ АДАМ
Мінезсіз адам жоқ, жұрттың бәрінде де мінез бар. Біреу жуас, біреу кірпияз, біреу байсалды дегендей... Бірақ оларды ешкім де мінезді адам демейді. Тіпті әркімге бір тиісіп, жұрттың мазасын алып жүретін адамды да мінезді демейді, ары кетсе, тентек дер. Мінезді деген басқа түсінік. Ол айтқанынан қайтпайтын (әрине, дұрыстығына сенімді болса), айтқысы келгенді іште бүгіп қалмай, кімге де болса айтып салатын, бір істің ақиқаттығына көзі жетсе, сол үшін қасқайып тұрып күресетін, қандай да бір тиімділік үшін арынан аттамайтын адамдарды «мінезді екен», «мінезді адам» дейді. Ондай адамға Нұрмахан Оразбек жатады. Журналист, қайраткер азамат. Оны қаламгер қауым жақсы біледі. Ортасында беделді. Сол мінезділігінен сескенгеннен емес, ақ жүректілігі үшін, досқа дегенде қоң етін кесіп беретін мәрттігі үшін сыйлайды. Талайлар алдын кеспей, жол ұсынады. Ал оның көпке танымалдылығы ең алдымен сол мінезділігіне қатысты. Әйтпесе, ақ жүрек, адал адамдар, Құдайға шүкір, баршылық. Бірақ, Нұрмахан секілді адамдар сирек. Жұрт алдымен оның сол мінезділігін сөз етеді, ол сонысымен ерекшеленеді. Қиялға жүгініп, осы Нұрекеңнің бойынан сол мінезділігін алып тастап, көз алдымызға елестетейікші: қарапайым ғана көптің біріндей қара торы жігіт күлімсіреп қарап тұрар еді. Кітап жазған екен, кім жазбай жатыр, одан көп жазатындар да бар. Түрлі-түрлі газет-журналдарда жұмыс істепті, тіпті, онда басшы да болыпты, ондайлар да аз емес қой. Бірақ есте қалғандары сирек. Егер сол мінезі болмаса, Нұрекең де көптің бірі болып, еленбей қала береді-ау дейсің. Оған бұл мінез қайдан жұққан деген ой келеді. Біршама уақыт араласымыз бар, сол мінезін әркез көріп те жүрміз. Өмірінен де азын-аулақ хабардармыз. Өзінің ақжүректігіне басып, сол өмірі жайлы сырын ақтарып та тастайды, өмірбаянын жазғанда да ешнәрсесін жасырмайды. Жетім өсіп, жасында қиындықты көбірек көріпті. Қиындықтың біреуді жүнжітіп, біреуді ширататыны бар. Нұрмахан баланы ширатқан сыңайлы. Жасында апайының кітапханашы болғанын пайдаланып, кітапты көп оқыпты. Содан біраз нәрсені түйген. Ширығуға сол түйген қосылып, адал өмір сүру керек, әділдік үшін күресу керек деген байламға келеді де, ол мінез болып қалыптасса керек. Сол мінезділігінің арқасында ол қашан да белсенді болып жүрді. Мектепті бітіре салысымен, өз кезіндегі үлкен ұран – Тың игеруге аттанған. Одан соң ұлы құрылыс – Соколов-Сарыбай комбинатына барған. Сонда да біраз нәрсені көңіліне түйген. Түйгенде, сонда басқа ұлт өкілдерінің өз халқына кемсіте қарағанына қатты ашынған. Қаны қарайған сәттері де болғанға ұқсайды. Сонда оның қандай әрекеттерге барғаны белгісіз. Ал Нұрекең басқа жұрт куә болмаған нәрсені айтпайды. Жұрт куә болған нәрселер кейінірек, ол университетке түскеннен кейін басталды. Жасымыз Нұрекеңнен аз-кем кіші болғанмен, университетке мектепті бітіре салып түскендіктен, одан екі курс жоғары оқыдық. Сонда оның бір студент басқа ұлт өкілін ұлттық намысына тигені үшін жұрт көзінше сабағанын, комсомол жиналысында ұлт мәселесін көтеріп, сөйлегенін естігенбіз. Біздікі жай естіген әңгіме, ал Нұрмаханның курстасы, үлкен жазушымыз Мұхтар Мағауиннің «Шытырман» роман-эссесінде жазғаны – көзбен көргендер, сонда өзінің курстасының қолымен де, сөзбен де төбелескендері әсерлі айтылған. Төбелес деген онша жағымды нәрсе емес. Әсіресе, зиялы қауым құптай қоймайды. Бірақ, сол төбелес те көзқарас. Әділдікке сөзбен, уәжбен жетуге болмайтын кезде, жұрт оған амалсыз барады. Ауылында, өз ортасында ол ешқашан да біреуге қол көтермеген адам. Өз дегеніне уәжбен, сөзбен жеткен. Ал уәжге тоқтамағандарға амалсыз мінез көрсеткен. Университетті бітірген соң да сол мінезділігімен Нұрмахан талай адамның пайымына сыймайтын қадамдар жасады. Өмірді көремін, журналистік жұмысты басынан бастаймын деп, Алматыдағы қызметін тастап, сонау Торғай, Түркістан асып, аудандық газеттерде жұмыс істеді. Сонда да өзіне тән саяси белсенділігінен таймай, көзге түсіп жүрді. Сонда жүріп те республикалық басылым басшыларының назарына ілінген. «Лениншіл жас» газетіне солай келген. Қайда жүрсе де, ол көптің бірі болғанды қаламады. Осы бір әрекетім біреуге жақпас демей, ойындағысын айтып салатын. Ізденгіш, көп оқитын адамның ойында көбіне жақсы идеялар жүреді. Рас, ол біреуге жағады, біреуге жақпайды. Нұрекеңнің онда жұмысы болмайды. Мен пікірімді айттым, құптасаңдар жөн, құптамасандар өздерің біліңдер дейді. Дегенде, оның сондай мінезі біреулерге ұнайтын да. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне солай барған. Нұрмаханның осындай мінезі сол комсомол басшысы Өзбекәлі Жәнібековке жаққан. Тек сол жаққаны сәл кейінірек белді басылымдарға шақырылғанда, оны жібермей, жолына біршама кедергі болғаны да бар. Жаңашыл, талапшыл адамға кейде өзінің бауыр басқан ортасы да айтарлықтай ауыртпалық тудырады. Ол «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстанда») өткен ғасырдың 70-жылдарының басында біраз жыл жұмыс істеді. Жақсы көрінді. Біраз тың тақырыптар ұсынып, оны жазуға өзі қатысып, көзге де түсті. Әсіресе, сыртқы саясатты, шетел өмірін жазуда тек Мәскеудің бергенін жариялайтын заманда, бұл тақырыпта біраз материалдар жариялап, газеттің өз бетін көрсетті, өзін де танытты десек болар еді. Өзінің мінезіне басып, партияның заманы жүріп тұрған кезде, осы біз неге әр материал сайын партияның съезд, пленум шешімдерінің маңызын айта береміз, біреуінде айтсақ жетпей ме деген ұсыныс та білдірген. Бұл ұсыныс әсіресе коммунист ағаларына ұнамаған, олардың мұны «саяси сауатсыз» деп жазғырғанын да естіген. Олармен дауласуды артық көрген ол сонда ешқандай ың-шыңсыз өзін көптен шақырып жүрген Тарих институтына ауысып кеткен. Жалпы, Нұрекең бір жұмысқа өзі өтініш жасап бармайды. Әдетте оны шақырады. Тіпті, бір жұмысты атқаруды өтінеді. Тарих институтына солай барған. ҚазТАГ-қа да шақырды. Алғашында бас редактор, одан соң директордың орынбасары етті. Жұрт оны сол ҚазТАГ-тың жұмысына арнап жаралғандай көретін. Сол заманда барлық газет ҚазТАГ-пен байланыста. Ресми материалдардың бәрін содан алады, соның бетіне қарайды. Газет басшыларына ең танымал адамның бірі – Нұрмахан Оразбеков болды. Ол қолға алған нәрсе бітіп жатады. Бұл жүмыстан да оны басқа жаққа шақырған. Тіпті, Сарыағашта демалып жатқан жерінен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне редакторлыққа Алматыдағы үйіне де жібермей, Ташкент арқылы бірден Қарағандыға ұшқаны бар. Нұрекеңнің мінезі осы газетте айрықша көрінді. Бұрындары ол өзі басқаларға тәуелді жағдайда жүрді. Бір идея айтса, оның жүзеге асуы басқаларға байланысты еді. Кейде қалып қоюы да мүмкін. Ал мұнда ол – бастық, шешуші түлға. Ойындағысын жүзеге асыра алады. Сол газет те басқалардың қарауында емес пе, редактор да біреуге бағынышты емес пе деуге болар, солайына-солай, бірақ Оразбеков оны басты нәрсе санамады, азарлығы – орнымнан алып тастар, әзірге өз ойымдағыны жүзеге асырамын дегенді ұстанды. Алғашқы күннен-ақ бұл газет өзгеріп сала берген. «Қиындау» тақырыптың материалдары жиі жарияланатын болды. Жұрт, әрине, сондай материалға құмар. Сол тұста облыстық газеттер редакциялары басқа облыстан шығатын газеттерді де алып отыратын. Сөйтіп, «Орталық Қазақстандағы» өзгерісті бүкіл республика журналистері біле бастады. Бұл газетте Желтоқсан оқиғасына қатысты материал жарияланғанда, оған МҚК атынан ескерту де жасалды. Редактор оны тыңдады да қойды. Қуғын-сүргінге ұшыраған жазушы Жайық Бектұровтың естелік материалдары бірінен соң бірі шықты. Ғалым Ебіней Бөкетов туралы естеліктердің де жолы болмай жүр екен, оларға да жол ашылды. Ақын Серік Ақсұңқарұлының мінезді өлеңдері де оқырманға жетті. Осының бәрі жаңа редактор Нұрмахан Оразбековке қатысты болып жатқанын оқырман қауым бірден аңғарған. Бірақ сол оқырман бір күні осы газетте «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранның «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деп өзгергеніне таң қалды, сенбеді. Таңданғанда, кеңестік құрылыстың жарғысындай болған ұранды да өзгертуге болады екен-ау, оған редактордың қалайша дәті барды екен деген. Бұл өзгертуді түсіндіріп жату артық. Ол редактордың ерлігі екені даусыз. Оразбеков Қазақстанда бірінші болып осылай жасады. Сол мақалада айтылғандай, азарлығы – бас кетер; кеткенде, қызметтен алар деген шығар. Бұл Нұрекеңе жарасатын мінез. Осы газетте жұмыс істеп жүргендегі Нұрмахан Оразбековтің тағы бір ерлігі шын мәнінде бас кетердей әрекет еді. Бұл жайында біраз айтылған. Қаламгер қауым ғана емес, жұрттың көбі біледі. Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков те ол жайында жазып, оны үлкен ерлік іске балағаны бар. Жалпы, Нұрмахан туралы әңгіме болғанда, мұны аттап кете алмайсың. Ол қиянат болар еді. Мұндай ерлік қайталанбайды. 1991 жылдың 19-тамызында ГКЧП дейтін, яғни Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет елдің демократияға деген қадамын, халықтардың тәуелсіздікке ұмтылысын біржола тоқтатуға әрекет жасағанда жұрттың бәрі абдырап, оған қандай баға беруді білмей қалды. Біреулер олардың көкейін аңғарса да, айтуға қорықты. Талай адам әліптің артын бақты. Қорықпаған бір адам болды, ол Нұрмахан Оразбеков еді. Бәлкім, саясаткерлер ішіндегі ондайлар болған шығар, бірақ журналист қауым ішінде, редакторлар арасында Нұрекең жалғыз болғаны анық. Сонда оның ерлігі не еді? ГКЧП мәлімдеме жасап, елдегі билікті өздері алатынын хабарлағанда, «Орталық Қазақстан» газеті бадырайтып: «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында мемлекеттік төңкеріс жасалды» деп жазды. Мақаланың тақырыбы: «Иә, бұл мемлекеттік төңкеріс». Сол ГКЧП жеңіске жетсе, өзін не күтіп тұрғанын Нұрекең жақсы білді. Ондай жағдайда не болатынын қуғын-сүргінді бастан кешірген Жайық Бектұров ағасы да ескерткен, ең болмаса шамалы жұмсарт деп жалынған. Сонда Нұрмахан: «Жақа, сөзді шығын қылмаңыз, ендігі кезек біздікі шығар, бәлкім. Тағдыр солай болса, бұқпантайлағанмен құтыла алмаспыз» деп безерген. Мінез бе? Мінез ғой. Көп адамда кездеспейтін мінез. Көп адамның қолынан келмейтін әрекет. Бұдан кейін де Нұрекең біраз шаруаның басында жүрді. Ағылшын тілінде шыққан республикалык «Қазақстан» газетінің, «Ақиқат» журналының редакторы болды. Республикалық «Қазақстан» баспасын басқарды. Қайда жүрсе де сол мінезі, айнымайды. Бірбеткейлігін артық көріп айтқандарға: «Осылай кеткеніміз кеткен шығар» дейтіні де бар. Бірде баспагерлердің жиналысы болып, оған министр де қатысып, сонда әріптестері сөзіңіз өтеді деп оны сөйлетіпті. Дауысын көтеріп сөйлейтін әдетіне басса керек. Сонда бір кезде шәкірті болған министр: «Нұреке, осыны дауыс көтермей-ақ, жай айтуға болмай ма?» десе керек. Нұрекең: «Сендер жай айтса, естисіңдер ме?!» деп жұртты күлдіріп қана қоймай, үлкен жиналысты түсіністік арнаға түсіріпті. Бұл да – мінез. Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреатыБІЗ БАТЫРЛАРДЫ НЕГЕ КӨКСЕЙМІЗ?
Бұл 1988 жылдың қазан айы болатын. Қазақ баспасөзінде «Батыл һәм мінезді газет» аталып жүрген «Орталық Қазақстанның» Бас редакторы басқа қызметке ауысып кетті де, газетке редактордың орынбасары Есімбек Бәйтенов біраз уақыт қол қойып жүрді. Бір күні «Алматыдан, КазТАГ директорының орынбасары Нұрмахан Оразбеков деген редактор болып келетін көрінеді» деген сөз тура аспаннан комета құлағандай әсер етті бізге. Өйткені, «КазТАГ директорының бірінші орынбасары екен» деген сөзде аса бір ауыр салмақ жатыр еді. Республикадағы жалғыз ақпарат тарататын агенттіктің бедел-салмағын, жұмыс төркінінің төтенше болатынын телетайптан түсетін съезд, пленум, сессия материалдарын түнімен күтетін газет журналистері жақсы білетін. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құзырына қарайтын беделді мекеменің, оның ішінде директордың бірінші орынбасарының облыстық газетке келе жатқанына қайран қалып, «Ол ертеңгі агенттік директоры емес пе, облыста несі бар?!» деп, болжам айтқан аға буын журналистеріміз де болды. Келді. Таныстық. Барлық журналистерді жинап, алғашқы «летучканы» өткізді. Бірден айтқаны: «Менің ешқайсыңызбен бес бересі, алты аласым жоқ. Бәріңіз де – мен үшін бірдейсіздер. Бірақ, газет беті жауапкершілікті талап етеді. Кімнің жазуы дұрыс – қалады, кімнің жазуға қабілеті жоқ – кетеді» болды. Жаңа басшының бұл талабының жазуды жаңадан үйреніп жүрген біз сияқтылар мен зейнеткерлікке екі-үш жылдары қалған, жазулары да қасаң тартқан ағалардың тура төбесінен жай түскендей әсері болғаны рас еді. Тағы да діттеп айтқаны: «Маған салақұлаш пленумдар мен сессия, съезд материалдарынан цитата келтіргендеріңіз қажет емес. Көтергелі отырған мәселеңіздің мәнін оқырманға қазақтың жалпақ тілімен жеткізгендеріңіз маңызды. Атты айналып жүре бермей, жалынан ұстап бірден мініп кетуге үйреніңіздер...», – деді. Жаңа редактордың бұл сөзі тура Құран сөзіндей санамызда жазылып калғандығы сондай, әрбір мақала жазған сайын әлі күнге дейін ойға түсіп, сол талаптан шығуға ұмтылатынымыз да рас. Сосын «Папкаларыңызда жатып қалған қандай дүниелер бар, маған көрсетіңіздер», – деді. Маған да керегі осы болатын. Жазушы Медеу Сәрсекеевтің академик Бөкетов туралы жазған естелігі мен Ебіней Арыстанұлының (Бөкетов) бір әңгімесінің тартпамда жатқанына екі жыл болған. Қонаевтың академик Бөкетовке деген қырын қабағынан қорыққан бұрынғы редакторымыз «Жариялай алмаймыз» деп, дайындап апарған екі дүниені де өзіме қайтарып берген болатын. Жалғыз біздің бұрынғы редактор емес, Бөкетовтің аты естілсе болды, республикадағы барша газет-журналдардың «үркіп», Қонаевтың теріс қабағына ілігіп қалармыз деп, академик шығармаларын баспайтын кезең болатын. Естелік пен әңгімені тез алып бардым. Жаңа редакторымыз пальтосын желбегей жамылып алып, суық бөлмеде сұсты отырған қалпында: «Оқып шығайын», – деді. «Не болар екен?» деп күпті көңілде жүргенімде, кешікпей редактор өзіне шақырды. «Естелікті бірінші берейік, жақсы дүние екен. Ебекеңнің әңгімесін сосын жариялаймыз», – деді. Ешкімнен қорқып та, үркіп те отырған жоқ. Сөзі – салмақты, сенімді. Таң қалдым. Қуандым. Ал, Сәрсекеевтің естелігі шыққан газетті Ебіней Арыстанұлының жары Зүбайра апамызға апарып көрсеттім де, жаңа редактордың батылдығын біраз мадақтадым. Апамыз жары тіріліп келгендей қуанды, республиканың бірде-бір газет-журналы қанша жыл болды бірде-бір дүниесін баспай қойғанын айтып, көзіне жас алды. Көп ұзамай әңгіме де басылды. Міне, жаңа редактор Нұрмахан Оразбековтің мен білетін батылдығы, әділдігі осындай. Содан не керек, бір-екі айдың ішінде-ақ газетіміздің мазмұны түрленіп, беттері ажарланып, журналистеріміздің жазуы жаңарып, ұжымға күшті бір алапат серпіліс келді. Жазғандары қызыл қарындашпен сызылғанға ренжігендер, жаңа басшының кәсіби талабына шыдамай өз еріктерімен жұмыстан кетіп жатты. Ай сайын обкомға қарай жазылып жататын «домалақ арыздар» пышақ кескендей тыйылды. Тыйылмағанда... Жастайынан «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде тілші болып, жазуға үлкен газеттерде төселген, одан он жылдай КазТАГ-тың ұстаханасына түсіп, аударманың мықты мектебінен өткен адамға кім не айта алсын?! Тіптен, «Газет – біздің органымыз, біз не айтсақ сол болады» деп, басылым ісіне жөн-жосықсыз араласатын обкомыңыздың өзі Оразбеков қол қойған, дәлелі мықты, нақты фактілерге жазылған журналистер мақаласына қарсы дау айта алмай, шындықпен келіскен кездері де аз болмады. Бірде бізге «Буденный» совхозының партия ұйымының хатшысы келді. Совхоз директорының шектен шыққан іс-әрекеттерін нақтылы дәлелдермен ашына айтты. Ол парторгті жақсы танитынбыз. Бізге келіп отырғаны да сондықтан. Біз оған «Газетке жаңа редактор келді. Өте әділ, барынша батыл адам. Сол кісіге кіріп, бар мән-жайды өзіңіз түсіндіріңіз» деп жөн сілтедік. Бұған ол қуана келісті. Редактор Оразбеков жас парторгтің әңгімесін тыңдап болысымен-ақ, партия бөліміндегі жігіттерге тапсырма береді. Шынымен-ақ әлгі совхоздың шаруашылығын тексере келгенде, көптеген кемшіліктерге кезігеді. Ақырында ол жөнінде газетте көлемді сын мақала жарияланды. Мұндай ашық сын газет оқырмандарын біраз дүрліктірді десе де болады. Обкомнан комиссия құрылып, фактілерді тексерді. Ақырында газет сыны обкомның бюросында қаралып, әлгі директор орнынан алынды. Бұдан кейін газеттің беделі аспандап кетті. Жер-жерде, ел-елде болып жатқан кемшіліктерді батыл жазатын оқырман хаттары көбейді. Ал, газеттің журналистері арғымақ атқа мінгендей арқаланып, шабыттанып алды. Өйткені, олардың алдында қай жерде де, қандай бір сын сағат, сындарлы сәтте де қорғай алатын батыл, білімді, қайсар редактор Нұрмахан Оразбеков бар еді. Нұрекең редактор болған жылдың келер жылының көктемінде қарағандылықтар ұмытылып кеткен Наурыз мейрамын жаңғыртып, ұлан-асыр той жасап қарсы алды. Бұл идеяны көтеріп жүргендер Нұрмахан Оразбеков пен обкомның идеология жөніндегі хатшысы Қуаныш Сұлтанов еді. Тапсырма алған біз «Ата салты» деген айдармен қазақтың дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын дәріптейтін мақалалар топтамасын әзірледік. Дені – оқырмандар атынан. Өте сәтті шықты. Мақтауға сараң редакторымыздың аузынан шыққан «дұрыс болып шықты» деген сезінің өзіне төбеміз көкке жеткендей қуанғанымызды көп жылдар өтсе де ұмыта алмаймыз. Осыдан кейін «Ата салтын» аптасына бір рет шығарып тұратын болдық. Бұл жоба оқырмандар үшін жоғын түгендеген, көңілдерінен шыққан айдар болды. Оқырмандардың өзінен ұмытылып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрін баяндайтын көптеген хаттар келе бастады. Әсіресе, мектеп бітірген балауса жастарды, оның ішінде, қыздарды екі жыл қой бағуға жіберетін үрдісті өткір сынап, «Қай қазақ қызын атқа мінгізіп ақ боран, көк мұзда қойдың соңына салып еді?» деп, журналистерге тапсырма беріп, дүркін-дүркін мақала ұйымдастыртып, ақырында ол «дәстүрді» облыста жойдырғанын, нағыз халық жанашыры екенін көрсете білгенін айрықша айтқымыз келеді. Бұл Нұрмахан Оразбековтің өзі жиі айтатын журналистің, редактордың қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі, сосын батылдығы, әділдігі еді. Өкініштісі, жалпы жұрт тарапынан Нұрағаңның ұлт мүддесі жолындағы осы әрекеттері «Нағыз батырлық, ерлік!» деп бағаланғанымен, Үкімет тарапынан еленбей қалды. Неге? Жауап – біреу. Ол кезең барлық республикалардың көңілі алабұртып, Одақ тарайды, тарамайды деп, егемендік бола ма, болмай ма деп, күпті көңілде жүрген, дүрбелеңге толы өлара шақ болатын. Дүрбелең берекесіздік әкелді. Сол берекесіздіктің арасында Нұрекең ерлігі еленбей, уақыт өте жаңғырығы азая берді. Атақты американдық кәсіпкер Уоррен Эдвард Баффетт: «Отценивая людей, старайтесь найти три основных качеств: интеллект, энергичность, и, конечно же, честность. Если не будет последнего, то первые два окажутся губительными для вас!» деген екен. Бұл – капиталистік қоғамның небір сұмдық, сұмпайы сынынан өткен атағы әлемге танымал миллионердің айтқан тәмсілі. Құлақ құрышын қандырады, көңілге терең ұялайды. Қанша жерден білім-парасатың мен күш-қуатың асып-тасып жатқанмен, сен оны Тазалық, Адалдық, Шындық атты ұлы құндылықтармен көмкере білмесең, түптің-түбінде сыбай-салтаң білімің мен асқан тасқан күш-қайратың өзіңнің түбіңе жетеді екен. Міне, тәлім, тәрбие қайда жатыр?! Нұрекең бұл тәмсілді бала кезінен-ақ біліп, бойына сіңіріп өскен! Өкінішке орай, бұрынғының жақсылары осылай тәмам болып келеді. Амалың жоқ... Нұрағаң да – жоқ. Әйтеуір, «Оразбеков ұстаханасының түлегіміз» деп біздер жүрміз. Қадірі қашқан қаламға сүйеніп... Алайда, бүгінгі сұрқайы қоғам қаламның қадіріне жармасқанымен, қасиетін жоя алмайды. Соны медет тұтамыз да... Шығырында шыр айналған дүние осылай өте береді екен... qazaquni.kz