ИГІЛІК
2017 ж. 15 желтоқсан
3277
0
Біздің ең зор байлығымыз – Тәуелсіздік! Тәуелсіздіктен өткен қасиет, Тәуелсіздіктен өткен кие жоқ. Шүкір, азаттықтың ақ таңы рауандап атқанына тұп-тура 26 жыл. Бұл ұлы азаттық – мәңгілік болсын! Дегенмен, осы киелі Тәуелсіздігімізге төніп тұрған қауіп-қатер өте көп. Осыны ойласаң, жүрегің ауырады. Жүрекке түскен зіл мұң: ана тіл мен баба дәстүр, ұлттық құндылық пен діл, жер мен ел тағдыры.
Тәуелсіздіктің басты белгісі – жер еді. Қазақ үшін қашан да болсын ең қымбаты, ең қасиеті – жер! Ұлан-ғайыр жеріміз бар, бірақ, сол жерімізге иелік етер жан санымыз аз болып тұр. «Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын» осынау сары даламызға кімдер көзін тікпей отыр? Қазақтың жері – ырыс пен құтқа толы. Ырысы мен құты – пайдалы қазбалар. Жер асты, жер үсті қазынасы қазақтың өзіне қызмет етіп, қазақтың өз игілігіне жарағанда, біздің әлеуметтік жағдайымыз жақсы болар ма еді. Қазына толы байлықтың кілті – қазақтың емес, өзгенің қолында тұрғаны қиын. Жер сатылмауы керек!
Тәуелсіздікке кері әсерін тигізер қауіптің бірі – ана тілдің мәселесі. Өткенде банкоматтағы тіл таңдау мәселесінің статистикасы: «қазақ тілі – 3%, орыс тілі – 97%» осындай екен. Ал, қазіргі уақыт та бұ мемлекеттің егесі – қазақтың өз саны 80% пайыздан асады. Сонда деймін-ау, әлгі 97% кім?». Міне, зор – мәселе. Үш тілі, екі әліпбиі, сан түрлі діни ағымы бар қазақтың болашағы не болмақ? Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғанымен, қолданыс аясы тар. Тұтас қазақ елі қазақша сөйлемейінше, тіл мәселесі күн тәртібінен түспейді. Қазақ тілінің жолы жіңішкеленіп, ауасы тарылса, қазақтың еркіндігіне қылбұрау түсті дей берейік. Тіл – Тәуелсіздік тұғыры! Тілің өзге мәдениеттер тоғысынан азат болмайынша, егемендігіңнің құны көк тиын болмақ...
Бүгінгі қазақтың әр баласы – ұлтын езіле сүю керек, ұлтына тер төге қызмет етуі керек. Ұлтты сүю – өзіңнің тегіңді, отбасыңды құрметтеу әрі өзіңді-өзің тану. Адам баласының қара тырнағына дейін ұлтшыл болуы керек (Бұл жерде айтпағым жақсы мағынада). Ұлттық сана – ана тіл мен төл жазуы арқылы қалыптасатыны анық болса, латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиіне бойсұнып, оған көзімізді үйретіп, санамызды дұрыстайық. Бұл әліпби – біздің Тәуелсіздігімізді нығайтуға, берекеміз бен бірлігімізді арттыруға қызмет етуі тиіс.
Тәуелсіздіктің үштағаны: тіл, жер және діл берік болуы үшін – қаймана қазақ бір-біріне қамқор, бір-біріне мейірімді болуы керек. Қазақтың қолдаушысы да, қорғаушысы да, панасы да – өз қазағы. Ұлы шаңырақ, қара қазанның қамы үшін біз Тәуелсіздікті көзіміздің қарашағындай аялауымыз керек. Тәуелсіздіктің көк байрағына тағзым етіп, сүюіміз керек. Елдіктің, ерліктің белгісі – сүю ғана.
Бұ дүниенің игілігі – Тәуелсіздігіңде ғана. Ғазиз басыңа – ноқта, тірсегіңе – тұсау түспесе, сен азатсың! Сен азат болсаң, сенің елің де азат! Ұлы азаттықтың арайлы таңы шуағын молынан шаша берсін!
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы
qazaquni.kz