АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАСЫ!
2017 ж. 15 желтоқсан
4919
0
Аңсары ауып аспанға,
Самғайды қыран асқарда.
Арқарлар еркін жортады,
Биік шыңдар мен ақ қарда.
Болмаса жайы кетер ед...
Басы ауған жаққа тастар да...
Желтоқсан келді ендеше,
Бір соғып өткен жел кеше.
Жадында сол күн сақталып,
Қазақтың қалды өлгенше.
Ұғындыр желдің ызғарын,
Сол сәттің суық мұз-қарын.
Лақтырған еді-ау, аяусыз,
Ләззаттай асыл қыздарын.
(Ұға ма ұрпақ бүгінгі,
Ызғардан қалған із барын?!)
Сүйретіп қазақ жігітін,
Бояған қанмен күні-түн.
Қоқысқа тастап қарменен,
Көмкере салған тірісін.
Суырылып шыққан қазақты,
Соққыға жығып қырған-ды.
Әперген бізге азаттық,
Қайраттан өлең, мұң қалды.
Қазақ деген аты бар,
Жиырма бесте жасы бар.
Жарқылдаған ерлер ед...
Бір қауым елді асырар.
Құрбандық болған еліне,
Еске алып жүрміз егіле.
Өлмесе солар келер ед..
Ердің бір жасы елуде.
«Зұлматтың көзі құрысын,
Тәуелсіз болсын тынысың.
Алдыңнан шықсын жарқырап,
Елім-ау, бақ пен ырысың!» –
деп, жанын қиған Ләззат бар,
Тарихты бүгін тағы ақтар,
Солардан терең сыр айтып,
Сөйлесін үнсіз парақтар.
Әперген ерлер еркіндік,
Жігерің қайда, серпіл жұрт.
Арының қайда тұлпардай,
Бойыңды ұста еркін, тік!
Жүрегің тола жас жалын,
Бүркеме ойдың астарын,
Тіліңмен қазақ тіліп айт,
Айтылар сырдың шаш бәрін.
От болар мынау шақ біздің,
Тұлпарды ертте, тарт тізгін.
Арқыра қазақ, жарқыра,
Біріктір басын үш жүздің!
Дәл қазір нағыз жас шағың,
Шығатын биік асқарың.
Жер басып жүрсің арман не?
Боданы болмай басқаның.
Арманға барар жол алда,
Дес берме қайғы, зар-мұңға.
Тіл менен дінді нық ұста,
Бой бермей асау тағдырға.
Туған жер, тілің, тағдырың,
Қымбат қой білсең әр гүлің.
Сол Тәуелсіздіктің арқасы ед,
Атадан қалған ән-жырың,
(Мақтаныш болған әр күнің).
Алтыннан қымбат ұрпағың,
Жіберме шетке бір талын.
Өз елің менен жеріңде,
Әніңді еркін шырқағың.
Жоғалтпа қазақ мұраңды,
Сұралар бәрі, сұраулы.
(Ұрпағың ертең сұрайды)
Жан қияр ерлер болмаса,
Мына өмір қалай құралды?
Шайқалтып алма бағыңды,
Абыройың менен арыңды.
Тыныштық мәңгі мұратың,
Сөндіріп алма шамыңды!
Әсел Назаралы,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі
qazaquni.kz