КЕМЕҢГЕР КӨШБАСШЫМЕН БІРГЕ ЕЛІМІЗ МӘҢГІ ЖАСАМАҚ
2017 ж. 30 қараша
1711
0
Алматыдағы Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында «Қазақстан Ұлы дала елі» атты мәдени шара өтті. Тарих пәнінен өткізілген осынау шара аясында ұлтымыздың Тәуелсіздік жолындағы жан қиярлық ерен ерлігі тақырып өзегіне айналды. Шарада студенттер қазақ халқының қилы тарихы туралы сөз қозғай келе, әлі күнге дейін халықтың санасында жаңғырып тұрған кешегі 1986 жылғы 16 желтоқсанның ызғарын да сөз етті.
Қазақ ұлттық университетінің Тарих,археология, этнология факультетінің профессоры Фатима Қозыбақованың тікелей бастамасымен өткен тағылымы мол іс-шарада ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы болған тәу етер Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиеті де кеңірек қозғалды.
Қазақстан егемендікке қол жеткізгеннен кейін де ел болып еңсе тіктеу оңайға соқпағаны бәрімізге белгілі. Осындай алмағайып заманда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрші мемлекеттердің көшбасшыларымен тіл табыса отырып, өзінің сындарлы саясатын жүргізе білді. Көк туымыздың көкте желбіреуі жолында тыңнан түрен салып, ұлтымызды ұйыстырып, ұлы көшті тек ғана алға қарай бастады. Еліміз дамудың даңғыл жолымен жүруі үшін еселі еңбек етіп, осы жолда қаншама тер төкті. Нәтижесінде Қазақстан деген алып мемлекет өзге елдермен иық тірестіріп тұратындай деңгейге жетті. Күні кеше ғана бүкіл әлем тамсана тамашалаған Астана төріндегі ЭКСПО көрмесі біздің еліміздің атын жаһанға мәшһүр етті. Кемеңгер көшбасшымыздың ұйытқы болуымен өткен мән-маңызы жоғары осынау шара қазақ атын әлемге танытты.
Азаттықтың ақ таңының атқанына биыл 26 жыл. Осынау жылдар бедерінде еліміздің экономикасы, ауылшаруашылылығы, мәдениеті, білімі және т.б көптеген салалар қарқынды дамып, зор жетістіктерге қол жеткізді.
Елбасымыздың көрегендігін көрсеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.
Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.
Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп елімізді жаңғыруға бастайды.
Конфуцийдің: «Өз патшасына сенімдік серік бола алатын халқы бар мемлекет қана ешқашан құламайды...» – деген сөзі бар. Яғни біз халық болып Елбасымызға сенімді серік бола білсек, біздің елдің алмайтын асуы болмасы анық. Ұлы Дала еліміз де «Мәңгілік елге» қарай нық қадам баса береді.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА ,
Мадина ӘБДІРОВА,
qazaquni.kz