ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ
2017 ж. 17 қараша
5189
0
Төрткүл дүниедегі мемлекеттердің басым бөлігінде көппартиялық жүйе қалыптасқан. Бұл демократиялық қоғамның алғы шарты болып табылады. Қай партия болса да халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының артуын, өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің қуатты, алдыңғы қатарлы болуын мақсат тұтады. Анығырақ айтсақ, кез келген партия сол қоғамның қозғаушы күшіне айналып, ұлттың өсіп-өркендеуі үшін жұмыс істейді. Өз айналасына бір мақсаттағы азаматтарды топтастырып, адамдардың белсенділігін арттырып, нәтижелі жұмыс істеуге шақырады. Біздегі сондай партиялардың бірі – «Нұр Отан» партиясы. Бірнеше сайлауларда жеңіске жеткен партия өкілдері мемлекетіміздің басқарушы, заң шығарушы орындарында қызмет етіп келеді. Бүгінгі ұсынып отырған хабарлар топтамасы «Нұр Отан» партиясы атқарып жатқан істерден мағлұмат береді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы атқарылар өз қызметін одан ары жетілдіру мәселелері қаралды. Жиынға Саяси кеңес мүшелері – Үкіметтің, Парламенттің, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшылары қатысты.
– Бүгін «Нұр Отан» партиясын жаңғыртуға қатысты маңызды мәселені талқылаймыз. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, Қазақстанды дамыту мен халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты. Партия бірнеше парламенттік сайлаудан лайықты өтіп, еліміздің басты партиялық-саяси күшіне айналды, – деді Саяси кеңес отырысын ашқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы «Нұр Отан» партиясы еліміздің саяси тұрақтылығын нығайтып, экономикалық реформалардың табысты іске асуына атсалысып келе жатқан бірден- бір саяси ұйым екенін баса айтты. Биыл құрылғанына 18 жыл болған «Нұр Отан» партиясы осы уақыт ішінде шыңдалып, халықпен тікелей жұмыс істеп, кезек күттірмес шүғыл шешілуге тиіс мәселелерді үнемі назарда ұстап келгенін атап өтті.
– Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Ол кедергіге тап болуы мүмкін. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруы тиіс. Билік тармақтары арасындағы бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты конституциялық реформа мәселелеріне келетін болсақ, бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мақсатында жасалған маңызды қадам. Партия қызметін жаңғырту жөнінде айтқан кезде, жаңғырудың 2017 жылы жарияланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсінуіміз керек. Осы бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын «Нұр Отан» партиясының қазіргі идеологиялық жұмысының тұғырнамасы екенін ерекше атаған Елбасы партияның болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра беретініне сенім білдіре отырып, алға қойған мақсаттарымыз аз еместігін, осының бәріне партия басшы болып, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіруі қажеттігін ескертті.
Қазақстан Президенті партия қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына назар аударды. Ордалы отырыста партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің есебі тыңдалды. Өз кезегінде Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекет басшысы ұсынған Ұлттық стратегияға сай әлемдегі ең үздік партиялар жинақтаған тәжірибелерді ескере отырып, бүгінде «Нұр Отан» партиясының институционалды жағынан әбден толысқанын айтты. Сондай-ақ ол биылғы үш бірдей жаңғыру: Конституциялық реформа, Қазақстанның үшінші жаңғыруы және Рухани жаңғыру құжаттары жарияланған күннен бастап нұротандықтар партия төрағасының тарихи бастамаларын әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап келе жатқанын, Елбасы тапсырмаларының орындалып жатқанын айтты.
Б.Мырзаұлы
qazaquni.kz