«Мәңгілік елдің» кемел Ұлт Көшбасшысы
2017 ж. 01 желтоқсан
4969
0
Біз сан ғасырлық даму тарихымызда көптеген оқиғаларды бастан кешіріп, тағдырдың талқысы мен өмірдің ащы-тұщысының дәмін таттық. Тар жол, тайғақ кешу дәуірінде арыстан жалды, от тілді, отансүйгіш ойлы, жасын жүректі, найғазай намысты, сергек саналы қайсар қазақ аспандай асқақ рухын еш аласартпай, бақытты болашаққа жетуге талпынды, ғұмыр-тартыстың ұзақ жолында аяусыз күресті, жеңілді, жеңді, құлады, алайда қайта тұрды. Мың өліп, мың тірілген халықтың бекзада болмысынан тектілік пен ізгіліктің жұпары аңқып, сайын дала төсінде жауға қасқая аттанған тұлпарлар дүбірімен «Алашым» деп ұрандатқан Алаш арыстарының үні күні бүгінге дейін тарих қойнауында ұмытылмастай жаңғыруда. Қан мен қара шаңға көмілген дара тұлпарлардың жүйріктігі, абыз бабаларымыздың ұлтарақтай қазақ жерін қорғау жолындағы жан аямай өмірін сынға салған сәулелі сәттері-бүгінгі тәуелсіздігіміздің жеткен жемісі мен «Мәңгілік ел» болуға қарышты қадам жасауымыздың бастауы еді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын көтергенде, оны Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры ретінде ұсынды. «Мәңгілік Ел »мұратын жүзеге асыратын ұлттық саяси институт ретінде әлеуметтік-философиялық айналымға енгізді. Қазақстан Республикасы Қазақ елінің тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы тұлғасы Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау… Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деген болатын.
Жазушы-публицист Герольд Белгер: «Ойшыл жан бір күндік, пендешілік қарекеттің аясында қалмайды, ол өткен заманға бойлайды, бүгінгі күнді ойлайды, тарих ғылымына сүйеніп, болашақ туралы толғайды. Ойшыл жан бір ұлттың перзенті емес, адамзат перзенті» деген пікіріндегі келешектің көсегесін көгертуді үздіксіз ойлайтын ойшыл жан иесін дәл тапқандай қуанышта болдым. Себебі, тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтті, бүгінде қабырғамызды қатайтып, қорғанымызды бекіттік, Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен табысты елге, мызғымас мемлекетке айналдық. Бүгінгі таңда «Мәңгілік ел» болу бағдарындағы Елбасының жүйелі жоспары мен озық ойын, парасат пайымымен ел тізгінін қолға алған, өркениет өрісін көрген қайратты жан, қайтпас-қайсар қайраткер екендігін бүкіл дүние жүзі мойындауда.
Елбасының көреген саясатының негізінде қазірде тәуелсіз Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған барша мүмкіншіліктерді пайдаланып, ұлттық кодын сақтай отырып, рухани жаңғыруға бел буды. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады. Осылайша әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген асыл мұратты азық етіп, осы жолда рухани жаңғыруға бет алдық. Н.Ә.Назарбаев жаңғыру ұғымының аясында мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын адамға пайдасы жоқ кейбір дағдылардан арылу қажеттілігін баяндайды. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек»деп зерделеді мемлекет басшысы.
Ұлт басшысының парасатты жолы қазір әлем мемлекеттері тарихын зерттеушілердің назарын өзіне аударып отырғаны баршаға мәлім. Мәселен, ағылшын жазушысы және публицисі, саяси биограф Дж.Айткен мырзаның «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» атты кітабын жазып, Лондонда оның тұсаукесерін өткізгені Елбасымыздың біртуар тұлға, жер бетіне сөзін өткізіп, отырған бүгінгі заманның көрнекті саясаткері, қазақ елін алып көшке сүйреген көшбасшы екендігінiң көрінісі деп білеміз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халқын сүйер асыл жүрегінен туындаған төмендегі ой-тұжырымдарынан-ақ ұлтын сүйген алып жүректі биік тұлғаны көреміз. «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары, үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы- бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын».
Тамшысы болып мөлдіреп аққан жаңбырдың,
Сусызға су боп, еліңнің шөлін қандырдың.
Халқыңмен бірге жаңа ғасырға аттанып,
Еліңмен бірге рухани бүгін жаңғырдың!-деген өлең жолдарымен сөзімді түйіндей келе, 1 желтоқсан-Тұңғыш Президент күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын!
Құрметті Ұлт Көшбасшысы! Егеменді еліміздің алып мұхитында ұлт кемесін алға бастап, рухани жаңғыру жолында еліңіздің еңсесін еңкейтпей, Алаш аспанының аясында азат еліңіздің рухын көтеріп, тек алға
бастай беріңіз, «Мәңгілік еліміздің» мәртебесі биік болғай!
Асқар МҰСТАБЕКОВ
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі
Ридиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік
иститутының бастығы полковник
qazaquni.kz