Латын әліпбиіне көшу. Қапы қалма, қазақ елі!
2017 ж. 05 желтоқсан
3898
37
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен елдің санасын бір серпілтті. Сарапшылар «бұл бір программалық дүние болды» десіп жатыр. Мақала басын Елбасы «әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды» деп бастайды. Беломыртқа ой: «ХХІ ғасырдағы қазақ санасы қандай болмақ керек» дегенге кеп тіреледі. «Санамыз ісімізден озық жүруі» дегені осыдан шығып жатыр. Ұлт жаңғыруы үшін ұлт басшысы екі ереже ұсынады: «1) Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды; 2) Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту». Креативті болу деген осы ғой. Негізі қазақ о бастан креативті халық. Еңбектің тағы бір түйінді жері: «Сананың ашықтығы: көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды».
Ия, қазақ көп жұмысын істеп үйренбеген халық. Үй күшік ұлт боп жүрміз әлі. Ұлтың оңалмай отбасы, ошақ қасыңның түтіні түзу шықпасын түсінетін уақыт келді бізге. Қазақ о баста креативті болса неге онда кертартпа боп жұр? Оның терең тарихи мәні бар. Бірнеше жүз жылғы қалмақ ықпалынан салт-дәстүрімізге кертартпа сарқыншақтар көп кірді (шаманизм, фетишизм элементтері). 200 жылдық орыс отарынан болмысымыз қатты өзгерді. Профессор М.Мырзахметұлы айтып еді найман Ақтайлақ би айтты» деп:
«Бұрынғының биі жақсы Құдай жасаған,
Ендігіні орыс пен қытай жасаған, –
деп. Ал, 70 жылдық кеңес қоғамы бізді қатты құдайсыздандырды (құдаймыз – МЭЛС, кітабымыз – «Коммунистік партияның Манифесі» болды ол кезде).
Қазіргі қазақ осыншама микробтарды бойына дарытып, қатты сырқаттанған ұлт. «Ару батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген ата-бабаларымыз. Одан емделу оңай болмай жатыр. Сол емделудің бір жолы – алфавит ауыстыру болып тұрғанға құсайды. Қазіргі кезде кирилден латынға көшу мәселесі қоғамда қатты талқыланып жатыр. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бұған атсалысып отыр. Азырақ тарих беттерін парақтайық. Қазіргі қазақ елі осы уақытқа дейін 21 рет мемлекет құрып, 10 рет әліпби ауыстырыпты. Яғни, бұл іс кеңес империясының құйтұрқылығынан ғана өрбіген нәрсе емес. Мысалы, сонау 5 ғасырда қазақ даласына несториан дінін әкелген жамағат эстрангело алфавитін қоса жапсырыпты. Оншақты алфавиттің ішіндегі ең өнімдісі араб әліпбиі болған. Осы әліпби кезінде Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулатилар шыққан. Қарахан, Алтын Ордасынды империялар құрылған. Таза түрік пассионарлығы деген де осы. Осы алфавиттен қызғыш құсты көлден айырғандай ғып, бізді айырған кеңес үкіметі. Алфавит туралы көкірегіміз қарыс айрылып, өкінетін тұс та – осы тұс. Өкінгеннен не пайда, ол уақыт өтті, кетті. Ол алфавитпен бірге мың жылдық өркениет кетті. Құран мен қазақ арасы алыстады. Шығыстан шырай кетіп, батыстың асығы алшысынан түсіп отыр қазір. Қағазды ойлап тапқан қытайға қарағанда айфон ойлап тапқан американың айдарынан жел есіп тұр. Екі жеп биге шықты деген осы. Ендігі гөй-гөй басқа боп тұр. Ол – қайтіп әлемдік өркениеттің биік аттақырынан күтірлетіп жем жейміз дегенге кеп тірелед. Ол үшін құлдық сана қамытынан құтылу керек. Дәл осындай тарихи текетірес өткен ғасыр басында да болып еді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп халық бекер айтпаған. Сол кезде А.Байтұрсынов төте, Н.Төреқұловтар латын жазуларын жақтап, екі жақ болған. Оған 1924 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш қазақ білімпаздарының сиезі куә. 1931 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде (қазіргі «Егемен қазақстан») жарияланған:
Арапшы, жаңа әліпші,
Екі жақ боп тартысты:
Ахмет, Елдес, Мұхтарлар
Арапқа жұмсап бар күшті
деген жыр жолдары сол уақыттың уытты бір көрінісі. Байтұрсынұлы Ақмет сол сиезде: «жақсы әлібби тілге шақ болуы керек. Өлшенбей тігілген о жер, бұ жері бойға жұуысбай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әлібби де қолайсыз. Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әлібби де қолайсыз болады» деген еді. Қазаққа физика мен геометрия оқулықтарын жазып берген алаш арыстаны Елдес Омаровтың алфавит туралы пікірін бүгінгі күн ұлттық комиссия қатты ескеруі керек: «Жазудың, әдебиеттің қызметі: тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру, болған өзгерісті қаттап, таңбалап отыру. Тілдің ескі түрін ұстап алып, содан айырылмай, жаңадан болған өзгерісті, тілдің бұзылғаны деп түсініп, қабыл алмай отырған жазу елдің тіліне салған бұғау есебінде болады» деп еді ұлт жанашыры. Нәзір Төреқұловтың сөздерін терминтоптың құлағына алтын сырға ретінде ұсынамыз: «Қазақ тілінен лайық сөз табылмайтын болғанда, пән сөзді асыл түбірінен алу керек. Жаңа барлық қалықтардың бәріне ортақ «интернатсионал», «демократия» сықылды пән сөздерді өзгертпей, жалпы Яурыпаның айтып отырған түрінде алу керек. «Аптомобил», «телегірап» сықылды техника сөздерін де сол жалпы Яурыпаның қолданған түрде алу керек. Ондай сөздерді қазақшаға аударып, Яурыпадан алыстаудың пайдасы болмайды». Жалпы, осы оқу, жазу туралы данышпан Абай терең қоғамдық талдау жасаған (Абай сұмдық социолог қой негізі): «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады. Аның үшін бұл жер дарүл харб, мұнда әуел мал табу керек, онан соң ғараб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңіліне ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.
Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын білу керек. Аның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы – білгендік (Жиырма бесінші сөз). Абайдың ол орысша оқуы – қазір ағылшанша боп өзгеріп тұр. Ол төрткүл дүниені арбайтын әлемдік тіл боп тұр. Латын қарпі оның болат сауыты боп тұр. Біздің латынға ауысамыз дегеніміздің де бар себебі – Абай айтқан нәрселерде тұр. Әлеммен «бірдейлік дағуасына кіру», өйткені, қазір «хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі (орыста емес) еуропада тұр». Тек «құлшылық қыларлық» ісіміз оларда емес, өзімізде. Оның жүректі бүркеніп жатқанына мың жыл. Оның кілті – «араб, парсыда» (Бірнеше кілтің болмаса қазір бір кілтпен көп көп есікті аша алмайсың). Һәм бұл іс – ең ұлы іс! Ол іс хикмет, мал, өнер, ғылым ісінен жоғары тұру керек. Сонда ғана қазақ қоғамы – әлемнен ойып тұрып өз орнын алмақшы. Ұлттық код деген сол. Әйтпесе, еуропаның өркениетіне емес африкадағы пигмейлердің деңгейіне түсуіп кетуіміз ғажап емес. Егер со күйі мақсат пен құралды ажырата алмай аңырасақ.
Жаңарған қазақ қоғамы жалпы, жаңа әліпбиді жатырқап жатқан жоқ. Бірақ ой-пікір алуандығына ауыздық салынып отырған жоқ. Жұрт меніңкі дегеннің бәрі қызғанбай өз ойын ортаға салып жатыр (Біздікі сол көп пікірдің бірі ғана). Бір қызығы кейбір «таза қазақтар» қарсы шығып, «шала қазақтар» қолдап шықты бұл істі (Қоғамдағы бұл қызық феноменді көзі шалған қазақ интеллигенті Қазыбек Иса болды). Кейбір «таза қазақтар» тырс етпей ұйықтап жатқанда «Шала қазақтар» шала бүлініп, ұлт қамын жеп жүр қазір. Оларды ұлт қамын жеуден кім шеттетсін? Бұл да бір қазақты Құдайдың жарылқағаны ғой. Әйтпесе, ұлтшылдықты біржола монополияға айналдырып алғысы кеп жүргендер аз емес арамызда. Мұхтар Шаханов бұл іске түбегейлі қарсы емес, тек қазір әліпбидің ер-тоқымын ауыстыратын кез емес дейді. Профессор М.Мырзахметұлы қазақтың қалай орыстандырылғанын түбірімен білетін ғалым. Сондықтан, ол кісінің алфавит ауыстыруға қоятын бір-ақ шарты бар: миссионер әріптердің мүлде мансұқталғаны мақұл. Олжас Сүлейменовтің латыннан кирилді жоғары қоюы онша жұмбақ жәйт емес. Парижді мекен еткенмен, ол кісінің латынға онша іші жылымай жүр. Біз латынға ішіміз жылығаннан емес, суық ақылдың күйін күйттегенен көшпекпіз. Ішімізде не жатқанын жасырмай айттық. Тек соны қайтіп қорғап қалудың қамы ғой бәрі.
Енді латын графикасына көшсек, қайтіп көшеміз? Біздің байқауымызша алфавит сұлбасына қатысты талас-тартыс негізінен ә, і, ө, ұ, ү, қ, ғ, ң әріптері төңірегінде болып отыр. Жалпы, әліпбиге қатысты қазір екі ұстаным айқын болып отыр.
Бірінші, классикалық латынның 26 әріпіне қазақ тіліндегі 28 дыбысты сыйғызу (Ешқандай апостроф, диграф, диакритика тәсілдерін қолданбай).
Екінші классикалық латынның 26 әріпімен шектелмей апостроф, диграф, диакритика тәсілдерін қолданып, «бір дыбыс, бір әріп» принціпіне сәйкес әліпби жасау.
Біздіңше осы екі пікірдің арасында ортақ шешімге келу керек. Бірінші ұстаным – әліпбиді қазіргі озық технологияға бейімдеу тұрғысынан шығып отыр. Мақсат: интернет әлеміне еркін кіру (Онда суда жүзген балықтай болу). Себебі: интернет – қазіргі өркениеттің алтын кілті боп тұр. Екінші ұстаным – қазақ тіліндегі дыбыстарды жоғалтып алу қаупінен «бір дыбыс, бір әріп» принціпін ұстау керек дегеннен шығып жатқан нәрсе. Бұл жоба профессор Әлімхан Жүнісбек жасады деп, ел ішінде таралып жүрген нұсқаға тән. (Сол сияқты З.Базарбаева, А.Шәріпбаев нұсқаларына да тән). Бұны филологтардың жобасы дейді (Ә.Жүнісбек нұсқасы жұрт аузында түрік алфавиті деп те аталып жүр).
Бірінші нұсқа елбасы жарлық шығарған нұсқаға тән. Осы ресми нұсқа ұстанымын жалпы, дұрыс деп санаймыз. Тек ондағы жетіспеушілікті (бірыңғай апостроф қолдану) реттеу үшін, ел ішіне таралып жүрген Арман Байқадам деген азамат ұсынып жүрген «VAILATYN» жобасы негізінде толықтырып (мысалы ондағы инвариант тәсілін пайдалану, клавиатура символдарын толық сақтау, кирилдегі Қәрпін латынша К әрпіне ауыстыру, Ғ әрпін Q әрпіне ауыстыру, ң әрпін ngдиграфымен беру т.б), елге бір тоқтамға келген нұсқа ретінде ұсыну керек деп ойлаймыз. Қалған жобалардың, пікірлердің бәрі осы екі нұсқа негізіне ұқсас дүниелер («НұрОтанның» хатшысы Фархад Куангановтың апостраф орнына аъкюттер пайдалану дегені де екінші топ пікіріне жақындайд. «Қазақграммар»варианты да ескеруге тұратын нәрсе, олар осы екі жарылған пікірдің орта жолын тапқысы келген. Атақты математик Асқар Жұмаділдаев латынды қолдайды, бірақ кирилді де қимайды). Көпшілігі жәй ғылыми негізге негізделмеген, белгілі бір жүйесі жоқ әуесқой нұсқа туындылар. Соңғы айтарымыз, әліпби мәселесін даңғаза, басы артық талқылаулардан арылтып, негізді, жүйелі, айтары бар, елге, қоғамға пайдасы тиер деген нұсқаға біржола тоқтау керек.
Жоғарыда біз айтып отырған екі бағытқа қатысты тағы бір ерекшелік: бірінші ұстаным-нұсқа А.Байтұрсынов жасаған «Төте жазу» үлгісіне құсайды. Екінші ұстаным-нұсқа 1929 жылы қабылданған «Яналиф» үлгісіне келеді. Өз басым, бізге қазір «Яналифтан» гөрі «Төте жазу» үлгісі жақын әрі пайдалы болар деген ойдамын. Өйткені, заман өзгеріп кетті. Біз құптап отырған нұсқа – Америка, Ұлыбритания һәм Малайзия т.б. елдерінің таңдаған нұсқасы. Екінші нұсқа – Түркия һәм посткеңестік түрік елдері таңдаған т.б. алфавиттерге келеді. Қайсысы озық, қайсысы тозық екенін жұрт өзі таңдасын. Ұлттық комиссия тек ұлттың қамын жесін. Түрлі ой-пікірлер тасқынын таразылап, ХХІ ғасырда қазақ елінің рухын көтерер, өркениеттің шыңына шығарар шешім шығарсын. Өйткені, әліпби ауыстыру жеке адамның киім, көлік, әшекей т.б. ауыстыруы сияқты нәрсе емес. Алфавит – ұлт денесіне қан жүгіртетін құрал. Дұрыс болмаса ол қоғамға жоғарыда айтқандай, зиянды микробтай болып сырқат жұқтырар, дұрыс болса қоғамның имунитетін көтеріп, қанын тасытар, күш-қуатын арттырар нәрсе. Бізге ол нәрсе қазір қатты керек боп тұр.
Біз қазір өткен ғасыр басында Міржақып «Оян, қазақ» деп жар салған жар басына тағы келдік. Ол сонда:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,
Қазағым енді жату жарамасты.
Қызығып қызарғанға кеткендер көп,
Шен алып дәрежеге жеткендей боп.
Ойлады өз файдасын халықты сатып,
Қазақты ең керексіз еткендей боп.
Тұманға кірді қалың біздің қазақ,
Арты жар, алды тұйық – бұл не ғажап?
Адасқан ағайынға басшы болып,
Ішінде жол көрсетер адам аз-ақ.
Бас қосып киргизский интеллигент,
Біздерге халықтың қамын ойлау міндет.
Культура деген сөзді на практике
Етпейміз не себепті осуществлять?
Милләтләр цвилизованный озып кетті
Оянбай енді жату не следуеть.
Ұйқысы ғафилдіктің басып кетті,
Қазақты ояталық етіп һүммет.
Олай болса, әфәндім, ұйықтамалық,
Енді оянбай жатуымыз болар ұят.
Хайыр хош сәләмәт тұр, ғазизіміз,
Хат жазушы Мир Яғкуб ибн Дулат.
деп еді-ау!
Қапы қалма, қазақ елі!
А. Қалшабек,
Қазақ үні