МҰЗАҒАММЕН ҚОШТАСУ
2017 ж. 27 қараша
2234
2
Ұстаз еді баулыған өнерге елді,
Жаңбырынан жас өркен кенелген-ді.
Желе жортып жыраққа кеткен кие
Қайта айналып Ертіске келер ме енді?..
Ақындар көп биікке барам деген,
Ол – құзартта,
Біздерге қалар белең...
Мұзағамды аңсаумен сыңсиды әлі
Маралды көл, Маралды ән, Маралды өлең!
Тоқсан төрт жыл ел-жұртын аралап кеп,
Ол тоқтады «Осыған қанағат» – деп.
Сонсын, жүген, ноктаны төріне ілді,
«Жыр пырағым – қазаққа аманат!» – деп.
Желге ұрынып сарыала жапырағым,
Жүрегімді жұлмалап жатыр ағын!
Келіп тұрмын Кеңсайға
Маралдының
Түйіп алып бір уыс топырағын...
Біз – пендеміз, ол рух боп алыстады,
Біз – жердеміз, нұр енді ол ғарыштағы.
Кеңсайда осы
Келгенше Ақырзаман
Аманат боп қалсыншы абыз тәні!..
Арман ҚАНИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Павлодар қаласы.
qazaquni.kz