Алматыда жыршылардың халықаралық «Ұлы Дала Елі» фестивалі өтті
2017 ж. 27 қараша
2174
0
Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Астананың 20 жылдығына арналған халық әндерін орындайтын жыршылардың халықаралық «Ұлы Дала Елі» фестивалі өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы Алматы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі өнерді қолдау және жаңғырту барысында жүйелі жұмыстар жүруде, осыдан бір ай бұрын ғана Алматының мәдениет пен шығармашыл қала ретінде ЮНЕСКО-ның шығармашыл қалалар Желісіне енуі де сондықтан.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының және дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығының ашылуы біздің мәдениетіміздің дамуына жаңа серпіліс берді және дәстүрлі орындаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты», - деп атап өтті Алматы әкімі Б.Байбек.
Өткен жылы халықтардың ұлттық өнерін танытатын «Ұлы дала елі» халықаралық жыршы-термешілер фестивалі, «Әуенмен тербелген мың жыл» атты дәстүрлі музыка фестивалі, «Алтын домбыра» ақындар айтысы, Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейі негізінде «Інжу маржан» телебағдарламасы өтті.
Алматының 1000 жылдығын мерекелеу аясында өткен жылы халықаралық «Ұлы Дала Елі» фестивалі ұйымдастырылып, оған Түркияның, Қырғызстанның, Түркменстанның, Әзербайжанның жыршылары қатысты, «Марко Поло ізімен» халықаралық фестивалінде Франциядан, Грециядан, Индиядан, Ираннан, Швейцариядан, Армения мен басақа да елдерден келген артистер өнер көрсетті.
Фестивальдің ашылу барысында Қазақстандағы Француз Республикасының Елшісі Филипп Мартинэ қазақ тілін жақсы білетінімен жиналғандарды таңдандырды және ақын, жыршы Ұлжан Байбосыноваға Франция Мәдениет министрлігінің «Өнер және Әдебиет Кавалері» орденін табыс етті.
«Бұл орден Франция Республикасының ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін беріледі. Кәсіби шеберлігіңіз арқылы Сізді ең үздік жыршы және күйші ретінде таниды», - деп атап өтті Филипп Мартинэ.