Сан қырлы талант иесімен кездесу
2017 ж. 24 қараша
2075
0
Қараша айының 23-күні Шығыс Қазақстан өнер музейінің музыка залында сазгер-ақын, қаламгер Бағдат Есдәулетованың шығармашылық кеші өтіп, оның «Шәкәрімнің үш анығы – бақытқа апарар үш баспалдақ» атты кітабының тұсауы кесілді.
Бағдат Есдәулетова 1952 жылы Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында, өнерді сүйіп, қадір тұтатын мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Сол себепті де ержеткен соң Бағдат Оразбайқызы шығармашылық жолды таңдады. 1975 жылы ол Өскемен педагогика институтының музыка-педагогикалық факультетін бітірген. Жиырма жылдан аса Зайсан балалар музыка мектебінде музыка теориясынан сабақ берді. Сонан соң Өскеменге қоныс аударып, қаладағы № 43 орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Сол жылдары Бағдат Оразбайқызы музыка пәні бойынша әдістемелік авторлық бағдарлама жасады, балаларға арналған әндер жазды. Кейін сазгердің әндері орта мектептерге арналған «Мектептегі музыка» пәні бойынша мемлекеттік бағдарламаға енгізілді.
2000 жылдан бастап, он жыл бойы Өскемен қаласының Жамбыл атындағы облыстық драма театрында және облыстық Достық үйінде директордың орынбасары болып қызметтер атқарды.
Осы кездері Бағдат Оразбайқызы ғылыми қызметпен белсене айналысты, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты, «Адамның руханиятын қалыптастыру» тақырыбында мақалалар циклін жазып, басып шығарды. Еселі еңбектері үшін ҚР Құрмет грамоталарымен, ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасы мәдениетінің үздігі» медальдарымен марапатталған.
Бүгінгі таңда сазгердің лирикалық, патриоттық және балалар тақырыбына арналған 60-тан аса әндері бар. Көпшілік әндерінің сөздерін де өзі жазған. Жеке әндер жинағын шығарды, біраз әндері 1993 жылы жарық көрген Қазақстан сазгерлерінің «Жастық шақ әуендері» атты әндер жинағының екінші кітабына енгізілген.
Кеш шымылдығы Өскемен музыка училищесінің оқушысы Ақжол Есімхановтың орындауындағы Қорқыттың «Қоңыр» күйінің сезім тербетер қоңыр әуенімен түрілді. Шығармашылық кеште әншілер Нәзипа Әбиева, Қадыхан Манайұлы ақындар Ұ. Есдәулеттің, С.Ғабдуллиннің өлеңдеріне жазылған Бағдат Есдәулетованың «Сені ғана сүйемін», «Сөйле менің жүрегім» атты әндерін орындап, жиналған көпшіліктің көңілін көтеріп отырды.
Өнер сүйер қауым бұған дейін Бағдат Есдәулетованы дарынды сазгер ретінде білген болса, осы шығармашылық кездесу кешінде оны жиналғандар жазушылық қырынан көріп, дәстүрлі емес медицина шебері, дүниежүзілік психологтар ассоциациясының мүшесі ретінде де таныды. Бағдат Оразбайқызы осы кешке жиналған қауымды өзінің алғашқы көлемді еңбегі - «Шәкәрімнің үш анығы – бақытқа апарар үш баспалдақ» атты орыс тілінде жазған кітабымен таныстырды.
- Кітаптың мақсаты, - дейді автор, - Шәкәрім Құдайбердіұлының адамзат тәрбиесінің маңызы туралы философиялық ойларын өзімнің көп жылғы зерттеулерімнің негізінде көпшілікке жеткізу.
Ұлы ойшылдың үш анығы – Жаратушының барлығы, Жанның ажалсыздығы және жанға азық болатын – Ұждан. Бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайтын осы үшеуі өзара үйлесім тапқанда ғана адам бақытты болмақ. Кітап туралы журналист Х.Дорошенко, дәрігер-эндокринолог Ж.Андинова, автордың жақын досы Н.Труфанова, ҚР мәдениет қайраткері, ақын-сазгер Н.Кемешов сынды адамдар өз пікірлерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді. Олардың пікірлерінің түйіні «Тақырып күрделі болғанымен, автор өз ойларын көпшілік оқырманға түсінікті тілмен, көп терминологиясыз баяндай отырып, жеткізе білген. Өзінің биоэнерготерапевтік жұмыстарынан да оқырманды қызықтыратындай көптеген нақты мысалдар келтіріп, көркем тілмен, тартымды етіп жазған» дегенге саяды.
Қызықты өткен шығармашылық кешті қорытындылаған музей қызметкері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтмұхамбет Қасымов өнер музейінің әкімшілігі атынан Бағдат Оразбайқызына сый-сияпат жасап, шығармашылық табыстар тіледі.
Мадина Черубаева,
ШҚ өнер музейінің бөлім меңгерушісі
Қазақ үні