Талғат Теменов "Алтын Адам" марапатына ие болды
2017 ж. 16 қараша
2918
4
Қазақстан Республикасының Халық артисі Талғат Теменов "Алтын Адам - 2017" марапатына ие болды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Алтын адам» («Жыл адамы») Мемлекеттік премиясының марапаттау рәсімі болып өтті.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Халық артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, профессор, театр және кино режиссері Талғат Теменов «Мәдениет қайраткері» аталымы бойынша «Алтын адам» құрметті атағына лайық деп танылды.
Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Майндағы Франкфурт қаласында өткен 15 халықаралық кинофестивальдың Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне және Португалияда өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған. Талғат Теменовтің өз сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Адамдар арасыңдағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті» болса, «Алма бағы», «Көгілдір такси» (С.Сматаевпен бірігіп), «Аққудың көз жасы» сынды пьесалар жазған. Тарихи тақырыпқа қойылған «Көшпенділер» фильміне режиссер ретінде қатысқан Талғат Досымғалиұлы оқырман көпшілікке жазушы ретінде де таныс. Ол «Қайырлы таң» және «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы.
2017 жылы режиссер Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін сахналады. «Аққудың көз жасы» спектаклі І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде көрсетіліп, келесі жылы Лондонда өтетін Ш.Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық фести-вальге қатысуға шақырту алды. О.Бөкейдің «Мынау аппақ дүние», «Қар қызы», «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінен пьеса жазып шықты. «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» кинокартинасы прокатқа шығып, Ялтада, Казаньда, Шанхайда өткен Халықаралық кинофестивальге шақырту алды. Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем!» V халықаралық театр фестивалінде, VI этникалық театрлар фестивалінде, Каспий жағалауы елдерінің театр фестивалінде қазылар алқасының төрағасы болды. Қырғызстандағы «Арт-Ордо» халықаралық театр фестивалінде қазылар алқа-сының мүшесі болды. Халықаралық Евразия Кинофестивалінде негізгі аталым бойынша сарапшылар алқасының мүшесі болды.
«Алтын адам» (Жыл адамы») фестивалі – «Жыл таңдауы» халықаралық мәртебеге ие және ТМД мемлекеттерінен 5 елде: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Белоруссияда өтеді.
«Алтын адам» ұлттық жобасы саясаттан аулақ әрі тәуелсіз жоба болып саналады.