Сайлау Батыршаұлы: Жаңа әліпби – рухани дамудың кепілі
2017 ж. 23 қараша
3446
17
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы 26 қазанда қабылданған жарлығын толық қолдаймыз. Себебі ол қазақ халқының рухани дамуына жол ашады және ел егемендігінің нышаны болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздік жарияланғаннан кейін қазақ тілін латын графикасына көшу мәселесі қолға алынды. Бұл 1929 жылғы біртұтас түркі әліпбиін латын графикасына ауысы туралы Құрылтай шешіміне қайта оралу болды.
1992 жылдың мамыр айында Түркия Республикасы үкіметінің бастамасымен Анкара қаласында барлық тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өкілдері жиналып, латын әріпінің негізінде жаңа әліпби жасау мәселесін талқылады. Бұл ғылыми шараға Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы делегациялары қатысты. Олардың құрамында тіл мамандары, филологтар және ресми үкімет өкілдері болды. Қазақстан тарапыннан Тіл білімі институтының директоры, Ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдаров бастаған ғалымдар және Үкімет тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде мен қатыстым. Түрік ғалымдары латын графикасына негізделген жалпыға ортақ түркі алфавитін және жеке қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен, әзербайжан әліпбиінің жобасын жасап, талқыға салды. Бір аптаға созылған маңызды басқосу барысында барлық тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өкілдері кириллицадан латын әрпіне көшуге келісті. Алматыға оралған соң біздің делегация латын әрпінің негізінде жасалған қазақ әліпбиінің жобасын Қазақстан үкіметіне тапсырды. Содан бері қазақ ғалымдары жаңа әліпбиге көшу жолында жұмыс атқарып келді.
Түркияда өткен ғылыми мәжілістің нәтижесінде Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан латын алфавитіне көшіп алды, ал Қырғызстан үкіметі де бұл жобаны бекітті. Алайда қаржы мәселесіне байланысты қырғыздар әлі латын әрпіне көшкен жоқ.
Ендігі кезек Қазақстанға да келіп, жаңа әліпби дайындағанда біз жоғарыда аталған мемлекеттердің тәжірибесін пайдаланып, оларда орын алған кемшіліктерді ескеріп, латын әрпінің негізінде қазақ әліпбиін жасадық. Президенттің бұл үлкен бастамасын бүкіл халық қолдады. Егер де біз кириллица әрпінде қала берсек, бүкіл түркі әлемінен алшақтап кетер едік. Сондықтан да латынға көшу түркі халықтарының бірлігін сақтау, ғылым, білім, өнер саласында өзара жақындасуына зор үлес қосады. Және мұның үлкен саяси мағынасы да бар, біз тәуелсіз мемлекет екенімізді көрсете білдік.
Латын әрпі негізінде жаңа қазақ әліпбиін жасаудың әлемдік қатынаста, шет елдермен телеграмма, факс, интернетте ұтымдылығы туралы көп жазылып жатыр. Осы арада, өз басымнан өткен мысал келтіре кетейін. Мен совет дипломат ретінде Конго Халық Республикасында қызмет атқарып жүргенімде, 1981 жылғы шілде айында М.И. Исиналиев Қазақ ССР сыртқы істер министрі етіп тағайындалды. Осыған орай мен Конгоның астанасы Браззавиль
қаласынан жаңа министрге құттықтау жібермек болып, телеграфқа барып қазақша орыс әрпімен телеграмма даярладым. Алайда менің телеграммамды қабылдамады. Себебі, халықаралық телеграф байланысында тек латын әрпі ғана пайдаланылады екен. Сөйтіп, біз кирил әрпімен шет елге телеграмма жібере алмай жүрдік, ал енді латыншаға көшкен соң әлем мемлекеттеріне қазақша латын әрпімен байланыс жасай аламыз.
Көп әліпби жобаларының ішінен таңдалып алынған жаңа әліпбидің ұтымды жерлері өте көп. Жазуды қиындатпай, қазақ тілінің төл дыбыстарын диаграфтан (қосарланған әріптен) бас тарттық. Оның орнына «ә» (A’ a’), «ғ» (G’ g’), «и», «й» (I’ i’), «ң» (N’ n’), «ө» (O’ o’), «ш» (S’ s’), «ч» (C’ c’), «ү» (U’ u’), «у» (Y’ y’) дыбыстарын әріптерге апострофа қосу арқылы белгіленді. Ал қазақ тілінде пайдаланылмайтын орыс тілінен енген «ц», «я», «ю», «ё», «щ» әріптерінің жаңа әліпбиге енбегені тура болды, себебі біздің тіл түркі тобына жатады, ал орыс тілі славян тобында. Сонымен, қазіргі кириллицаның 42 әрпінің орнына 32 дыбысты 32 әріппен белгілеу қазақ тілінің оқу, жазу тәсілдерін жеңілдетті.
Ия, бұл реформаның енуі үшін біраз қаражат пен уақыт қажет. Жаңа әліпбиді оқыту, оқулықтар, әдебиет шығару, баспасөзді латыншаға ауыстыру көп еңбекті талап етеді. Алайда қазақ халқының келешегі үшін, рухани дамуы үшін, Мәскеудің күштеп енгізген әрпінен құтылу үлкен қоғамдық-саяси мағынасы бар. Бұл шешім егемендігімізді нығайтуға, мемлекеттік тәуелсіздігімізді сақтауға жол ашып отыр. Оған дәлел, Ресейдегі шовинистік күштер, ішіміздегі русофилдер қазақтарды «русский мир» шеңберінен шығарғысы келмей отырған күштер біздің жаңа латын әліпбиіне көшкенімізге наразылық танытып отыр.
«Көз қорқақ, қол батыр» демекші, үлкен қадамға бет алдық. Біздің аталарымыз латын әрпінде оқыған, жазған. Осы уақытқа дейін кітапханаларда сол жылдары латынша шыққан еңбектер бар. Бүгінде кирил әрпінде оқыйтындар латынға көшкен уақытта осы уақытта дейін жазылған еңбектерді, кітаптарды оқи береді, оған қоса жаңа әліпбиді үйренеді. Ал жастарымыз ағылшын, француз, неміс тілдер арқылы латын әріптерін біледі. Енді бүкіл халық болып жаңа бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін меңгеру және дамыту жолында жұмыла жұмыс істейік.
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, профессор
Қазақ үні