Ер үшін ғана емес, Ел үшін де мерейлі мереке!
2017 ж. 09 қараша
2991
0
Көрнекті көркемсөз шебері,
жазушы-драматург,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Дулат Исабековке
Қадірлі Дулат Исабекұлы!
Сіздің жемісті 75 жасыңыз Ер үшін ғана емес, Ел үшін де ерекше мерейлі мереке деп білеміз. Қазір әлемде қазақ әдебиеті дегенде алдымен аталатындардың ішінде өзіңіз ойып орын алатыныңыз анық. Қазақтың қас қаламгері мен қайраткері ретінде өне бойы өнеге көрсетіп келесіз. Кеше ғана қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында тұңғыш рет Лондонда апталық театр фестивалыңыз өтіп, Лордтар палатасында сүбелі сөз сөйлегеніңіз қазақ халқы үшін мақтаныш екенін айтуға тиіспіз. Бұған дейін де бірнеше рет Ұлыбритания астанасында драмаларыңыз сахналанып, «Тіршілік» деген атпен кітабыңыз ағылшын тілінде шыққаны белгілі. Осыдан 51 жыл бұрын, 1966 жылы шыққан алғашқы «Бекет» кітабыңыздан бастап, әдеби орта мен оқырманның ыстық ықласына бөленіп келесіз. Одан кейінгі «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтарыңыз, «Қарғын» (1980) романыңыз қазақ әдебиетіне асыл қазына боллып қосылды. «Екі жиырма» (1983) деген атпен таңдамалы повестерііңіз жарық көрді. Бірқатар шығармаларыңыз орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Таңдаулы пьесалар жинағыңыз «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындыларыңыз ағылшын, венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. Драмургиямызға тың серпін берген көптеген пьесаларыңыз шетелдерде, республикалық театр сахналарында табыспен қойылды. Бүгіндері Лондон, Париж, Мәскеу, Санкт-Петербург, Душанбе, т.б. қалалардың сахналарында сәтті қойылып жатқан драмалық туындыларыңыз халқымыз үшін үлкен мерей! «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975) фильмінен бастап, бірнеше туындыларыңыз бойынша көркем фильмдер түсірілді. Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының (1985), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006) атандыңыз. Сіз талай жыл әдеби-мәдени салада талмай еңбектеніп, байыпты басшылық ете білдіңіз. Әр жылдары Қазақ теледидарының бас директоры (1988–1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992–1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істедіңіз. Қазір «Мәдениет» журналының бас редакторы ретінде де қоғам мен руханиятымызда қайрат көрсетудесіз. «Ақ жол» демократиялық партиясының ұлттық мүддені ұлықтаған рухани шараларының бәрінде төрімізден табылып, ақыл-кеңесіңіз бен ақ батаңызды беріп келесіз. Қадірлі Дулат Исабекұлы! Мерекеңіз берекеге ұласып, қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге танытудағы жемісті істеріңіз өрісті бола беруін тілейміз. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, шаңырағыңызға шаттық тілеп, шығармашылық табысыңыз шыңға шығара берсін дейміз. Жұлдызыңыз жарқырап, Алла жар болып, алдыңыздан Ақ жол ашыла берсін!Зор құрметпен, Азат Перуашев,
«Ақ жол» партиясының төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты