ЖАСТАР РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛУІ КЕРЕК
2017 ж. 08 қараша
7077
15
Қай заманда,қай қоғамда болсын ұрпақ тәрбиесі ең маңызды рол атқарған. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері балалардың, жасөспірімдердің оқу-тәрбие ісіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу- білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс.
Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру – қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі – рухани тәрбие. Республикамызда жас ұрпақты жастайынан мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік секілді құнды қасиеттерді бойына сіңіре білу, сондай-ақ салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу, рухани бай адам баласын қалыптастыру қажет. Бұл жөнінде Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мәні терең, мазмұны бай мақаласында ұлттық рухани болмысымыздан ажырамау, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен өнеріміз, әдебиетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігін айтып өтті. Әрбір жас ұрпақ өзінің ана-тілімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қала алады. Ата-баба дәстүріне құрмет көрсету, жай ғана құрмет көрсетіп қоймай оны өмірлік салтында берік ұстану, бабалардың аманатын ақтап бойына сіңіру, оны келер ұрпақтарға жеткізу кез-келген азаматтың парызы. Сондықтан, оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болғаны жөн.
Бүгінгі заман талабына сай мәдениетті, білімді, парасатты азаматтарды қалыптастыруда әсіресе жасөспірімдер мен студенттерге рухани тәрбие беру өте бағалы әрі пәрменді қозғаушы күш бола алады. Осы бағытта Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Байырғы оқу орнында болашақ педагогтардың дайындау барысында ұлттық мәдениетімізді, озық салт-дәстүрімізді, тарихымыз бен әдебиетімізді бағалап, ертеңгі күні оны мектеп оқушылары арасында насихаттай білуге баса назар аударылады. Университеттің білікті де тәжірибелі ұстаздары жастар тәрбиесі жөнінде өзге қабырғалы жоғары оқу орындары ұстаздарымен тәжірибе алмасып, пікір бөлісіп тұрады. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргеннен бері осы құнды құжат аясында оқу орнында бірқатар шаралар өткізіліп келеді. Әрбір факультетте ашық тәрбие сағаттары жүргізіліп, студенттер арасында семинар сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, осы тақырып аясында өз пікірлерін ашық ортаға салды. Рухани жаңғырудың бір көрінісіне айналған латын әліпбиін қолданысқа енгізуге байланысты университетте қызу талқылаулар болып өтті. Ұстаздардың жетекшілік етуімен студент жастар латын әліпбиінің енгізілуін қолдап, түрлі шаралар өткізді.
Руханилық – адамзаттың ішкі жан дүниесінің баға жетпес көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінезі, ар-ұяты, сана-сезімі мен қарым-қатынасы, жалпы адамгершілік құнды қасиеттері дамиды. Бұл өз тарапынан мейірімділік пен игі әрекеттерге баулиды. Рухани-адамгершілік тәрбиесі – бұл жеке тұлғаның рухани және мәдени тұрғыда қалыптасқан өзін-өзі ұстау мәнері мен қоғамдағы мәдени қарым-қатынас көрінісі. Біздің университет болашақ ұстаздарды дайындайтын жоғары оқу орны болғандықтан бұл мәселе бірінші кезекте тұратыны түсінікті. «Бүгінгі білімді студент – ертеңгі білікті ұстаз» деген ұстаным оқу орнының ежелгі берік бағыты болып табылады, солай бола береді де. Келешек буынды тәрбиелеп, білім беретін де осы бүгінгі студенттер екенін естен әсте шығаруға болмайды. Сондықтан Қазақ мемлекеттік Қыздар университетінде терең білім беру мен қатар тәрбие жұмысына да жете көңіл бөлінеді. Бұл қазіргі заман талабы. Ал бүгінгі білікті маман кез келген талапқа сай болуға міндетті.
Р. БАЛТИЕВА,
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, педагогика
ғылымының магистрі
qazaquni.kz