ОТПАН ТАУҒА ОН ЖЫЛ!
2017 ж. 31 қазан
7863
20
Рухани жаңғыру
Ашылу салтанатында "Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық" - деп Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев айтқан Отпан тау бүгін бір ғана түбектің емес, ата-дəстүріне құрметпен қарайтын күллі қазақ жұртының қасиетті мекеніне айналғаны сөзсіз.
2003 жылы ақын ағаларымыз Сабыр Адай мен Светқали Нұржанның бастамасымен қолға алынып, жобасын Амантай Исмағұлов жасаған бұл кешен қазір айырықша мəнге ие. Сабыр Адай ағамыздың Отпан тау хақында жазылған "Қарапайым қағидалар" кітапшасында тарихи тұрғысынан Отпан таудың алар орны мен əрбір орын тепкен ғимарат, ескерткіштерінің мəн-мағынасы ашық жазылған.
"Тарихсыз халық жоқ" - дейді. Төл тарихымыз қырық құбылған кездерде шынай тарихты жоғалтып алу оңай болды. Оның ішінде түбек тарихы бабамыз тиген табан ізінен емес, сонау Сақ пен Ғұннан, Көк Түркінің заманынан бастау алғанын ескеруіміз қажет. Отпан тауды тұнып тұрған тарихтың қойнауы дер ем. Себебі ғұмырын ат үстінде өткізген батыр аталарымыз жау келгенін сезген жағдайда от жағу арқылы бір-біріне белгі беріп, тойтарып отырған. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Маңғыстауға Наурыздың "Амал" мейрамы мен Отпан тауды көру үшін жыл сайын Қазақ елінің əр тарабынан қонақтар ағылып келеді. Енді ғана ел болып, Тəуелсіздік алғанымызға жарты ғасыр толмаса да, ескіліктің жаңғыруы секілді той-томалақта біріккен қазақтың басы, уақыт өте келе Отпан тауда алқалы жиын құрып, кеңесу үшін бірігетіні үрдіске айналып жатқанын байқаймыз.
2015 жылы "Амал" мерекесі қарсаңында Алаштанушы, Əлихантанушы ғалым ағамыз Сұлтан Хан Аққұлұлы Отпан таудағы сапарында: "Бүгінгі шараға келген бойда менің ойыма еріксіз 1917 жылғы шілде айындағы тұңғыш жалпықазақ сьезі есіме түсіп отыр. Өйткені, есіңізде болса сол 20 ғасырдың басында 1917 жылы қазақ өзінің ұлттық мемлекеттілігінің негізін қайта қалаған кез болатын. Негізі, байқасақ қазақтың ұлттық бірлігін нығайтатын осындай мереке Маңғыстау жерінде бұл үлкен бір тарихи оқиға, тарихи құбылыс деп айтауға болады" - деп бағасын берген. Шынымен де, ерлікті еске түсіріп, елдікті танытатын шаралардың Отпан тауда өтуі тегін емес. Сонымен бірге, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты Қазыбек Иса Отпан тауға ат басын бұрған сəтте шабыты шалқып, жырмен шашу шашқанын жақсы білеміз:
НАУРЫЗ КЕЛДІ – БАСТАЛДЫ АМАЛ КҮНІ!
(Отпантауда оқылған өлең)
Маңғыстаудың көргенде маң даласын,
Кеңістікке керемет таңданасың.
Қашағанның жырындай қайран жүйрік,
Қашағанын уақыттың аңғарасың…
Бекет пiрге дұға етсе, барып тұрып,
Бекем қылып қайтарар халықты үмiт.
Құдiретi Құдайдың осы емес пе,
Ой ордасын тауды ойып салыпты нық.
Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы, елімнің амандығы!
Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,
Жазылады жазира дастаны әлі.
Көктеміміз басталса, Оңтүстіктен,
Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!
Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпантаудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!- деп, өлеңін оқып, ақындық тұлғаның табиғатын танытқан еді. Жазар болса, қалам сиясын тауысар тарихы өте тереңдегі Отпан тау мен үшін мақтанышпен айтар қастерлі жер. Бүгін "Адай Ата - Отпан тау" рухани тарихи-мəдени кешеніне 10 жыл толып отыр. Айтарлықтай, ұзақ уақыт емес. Дегенмен, халықтың асыға күтер мерекелері мен алқалы жиындар өтетін, Елбасы айтқан "Рухани жаңғырудың" қайнаған ортасы деп айту əбден болар еді. Бабалардың көзін көрген, тарихтың қатпарлы тастары қалған, елдік рухты шыңына жеткізер Отпан таудың маңызы əлі де арта түсеріне кəміл сенімдімін.
Жанұзақ ҚОЙШЫҒҰЛ
Ақтау қаласы
qazaquni.kz