Т. Теменов: Театр – бұл құдаймен бетпе-бет қалатын ғибадатхана
2017 ж. 01 қараша
3466
8
ҚР халық әртісі, танымал кино және театр режиссері Талғат Теменовтың ЮНЕСКОның Бас штабында сөйлеген сөзі
Құрметті ханымдар мен мырзалар! Сіздерді осыдан 72 жыл бұрын, яғни 1945 жылы 16 қарашада құрылған ЮНЕСКО-да ұйымдастырылып отырған бірегей іс-шарада көргеніме қуаныштымын! Мынау керемет залда көптеген зиялылар сөз сөйлеген. Бұл қабырғалар білім, ғылым мен мәдениет төңірегіндегі ерекше ойлар мен тосын ұсыныстардың куәсі болған. Осы сәтті пайдалана отырып, руханияттың дамуы мен адамзаттың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО ұйымына алғыс білдіргім келеді.
Бүгін мен тек ЮНЕСКО-ға алғыс айтып ғана қоймай, Республикамыздағы кино және театр өнері туралы сөз қозғағым келеді.
Иә, біздің еліміз жас мемлекет. 25 жыл тарих үшін – өте аз уақыт екендігі баршаңызға мәлім, бұл теңіздің тамшысындай нәрсе. Ұлы империя КСРО құлағаннан кейін, Кеңестік кеңістіктен кейінгі өзге де республикалар сияқты Қазақстан да көп қиын мәселелерімен өзімен-өзі қалды. Жұмыссыздық, қылмыстың көбеюі, зейнетақы, шәкіртақы мен айлықтардың төленбеуінен туатын қара бұлт еліміздің басына да төнді. Бірақ, батырды уақыт тудырады. Осы қиыншылықтарға қарамастан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс жол тауып, «Қазақстан» деп аталатын жаңа заманауи мемлекет құра алды. Бүгінде біздің еліміз барша көршілес елдерді басып озды. Ол экономика мен саясат, әрине, ол руханият, яғни білім, ғылым және мәдениет.
Назар аударсаңыздар: «Болашақта ұлттың табысты болуы – оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады.
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі Ұлттық сананың толысуын білдіреді.
Ұлттық код, Ұлттық мәдениет сақталмаса – ешқандай жаңғыру болмайды». Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» жолдауынан үзінді.
Менің қазір Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті жайлы айтпаймын. Алайда тек театр өнерінің емес, киноматографияның да өкілі ретінде бір ауыз сөз айтсам деймін.
Қазақстанда театр өнерінің туғанына көп бола қойған жоқ. Мыңдаған жылдық тарихы бар француз, итальян, ағылшын театр өнеріне қарағанда, біздің театр негізін орыс мектебінен алады. Соған қарамастан, біздің театр өнері бүгінгі күнде әлемге танымал әрі қай жерде болмасын үлкен табысқа ие.
Бүгінгі күнде Қазақстанда 54 кәсіби театр жұмыс жасауда. Тек тәуелсіздік жылдарында біздің республикамызда 19 театр ашылды. Жаңа театрлар, жаңа ғимараттар салынуда. Әсіресе жаңа «Астана Опера» және «Астана балет» театрларын атап өткім келеді. Осы театрлардың сахналарында шетелдік театр ұжымдары мен әлемдік жұлдыздар өнер көрсетіп жүр. Баршаны мойындатқан «Ла-Скала» театрының жақындағы гастрольдік сапары – бұл сөзімнің куәсі.
Баршаңыз білетіндей, биылғы жылы Астанада ЭКСПО болып өтті. ЭКСПО саяси, экономикалық, танымдық маңызға ие. Атап өтерлік жайт, осы ауқымды іс-шара қарсаңында Астанада 1000 жуық бағдарлама ұйымдастырылса, соның ішінде 10 Халықаралық театр фестивалі болды. Бұл театр мерекесіне Жапония, Корея, Израиль, Түркия, Иран, Ресей, Белоруссия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Қытай, Германия сынды мемлекеттер қатысты.
Томас Манн айтқандай: «Театр тобырды халыққа айналдырады». Бұл шындық. Театр – тек көңіл көтеру орны емес, ол алдымен рухани эстетикалық қуаныш алар орын. Театр – бұл адам өзімен-өзі, құдаймен бетпе-бет қалатын ғибадатхана. Өкінішке орай, бүгінде адамдар аз оқиды және бұдан шығар бір ғана жол, ол театр өнерін дамыту.
Адамдарды рухани байытатын тағы бір орын – ол кино. Біз кино саласындағы жетістіктерімізбен де мақтана аламыз. Кеңес одағынан кейінгі республикалардың көбінде киностудиялар жабылып жатқанда, «Қазақфильм» өзінің жүлделерімен мақтана алады. «Қазақфильм» жылдан жылға көркем, деректі және анимациялық фильмдер түсіруде. Жыл сайын мемлекет кинофильмдердің түсірілуіне ауқымды қаражат бөледі
Сөзімнің соңын өнертанушы Михаил Козининнің сөзімен қорытындылап кетейін: «Если бы наши люди, планируя бюджет под номером один написала бы «Культура», то все остальные сферы автоматически поднялись бы на много процентов. Один процент, добавленный на культуру, - это то же самое, что 15% на здравоохранение. Это то же самое, что 25% на образование».