Рухани жаңғыру: Қазақ аңыздарына да ескерткіш қойылса
2017 ж. 24 қараша
3288
2
Белгілі құсбегі Т. Есенбекұлы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында еліміздің руханиятында елеулі өзгерістер жасалатынына үмітті. Оның айтуынша, "Рухани жаңғыру" аясында халқымыздың көне аңыздарын тірілтіп, олардың негізінде еңселі ескерткіштер салынса, бұл болашақ ұрпаққа өнеге болады.
Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақытта жер-жерден шыққан қазақтың батырларын лайықты әспеттеп, еңселі ескерткіш орнату дәстүрі жалғасып келеді. Осы бағытта түрлі ғылыми конференциялар, семинарлар өтіп жатады. Тыңғылықты зерттеу жұмыстары арқылы тарих тасасында қалған тосын деректер ашылып, жаңа мағлұмат ұсынылады.
Үлкен елдіктің белгісіндей іс-шаралардың бәрі жүрекке қуаныш ұялатып, қанаттандырып отыратыны рас. Бұл, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі үшін таптырмас құралдар.
Кейде осы істі одан да әрі дамытыңқырап, бұдан да күрделі дүниелерге түрен салсақ деген де ой келетіні жоқ емес. Мәселен, біздің буынның көбінесе ежелгі қазақ аңыздары арқылы өз-өзін тәрбиелегені еске түседі. О заманда ұлттық негізге, елдік санаға бағыттайтын тақырып мәніне, бәлкім, терең бойлай да қоймаған шығармыз; ал қазір ойласақ, сол кезеңдерде халқымыздың телегей-теңіз аңыз-әпсаналары, толғаулар-дастандары дүниетаным қалыптастыруға ғажайып ықпал еткен екен.
Енді пайымдасам, өз әжем Жаңылдық деген кісі сегіз-тоғыз жасқа келгенімше қоңыр барқын даусы күмбірлеп «Ләйлі-Мәжнүн», «Шәкір-Шәкірат», «Қалқаман-Мамыр», «Сал-сал» секілді көптеген көне қисса-дастандарды көкейіме құйып үлгеріпті. Жарықтық үлкен шешемнің әңгімесі бір ортаймаушы еді. Қайта, күн өткен сайын сөз мазмұнын біртіндеп тереңдете түсетіндей көрінетін. Таңғажайып ертегілер ғаламына еніп, енді не болар екен деп еліге әсерленіп жатып талып ұйықтап кеткенімді аңдамай да қалушы едім. Сол әңгімелердің ішінен айрықша есімде қалғаны «Толағай» аңызы сияқты.
Баяғы бір ескі заманаларда дәулеті шалқып, мыңғыртып мал баққан Арқа даласында күтпеген жерден сұмдық қуаңшылық орнап, ел қатты күйзеліпті. Ала жаздай жаңбыр тамбай, айнала төңірек қаңсып, мүлде қурап кетеді. Даланың аң-құсына қоса жаппай мал қырылады. Халық әбден арып-ашып, жүдеп, құр сүлдері қалады. Содан, бір кемпірдің батыр тұлғалы Толағай деген баласы «қой, әрекет қылмасақ болмас. Елді мына зұлматтан өзім ғана құтқаратын шығармын; талпынып көрейін» деп Алатауға аттанады. Ондағы ойы – жер жәннаты Жетісу жерінен жауын тартатын бір тау арқалап әкелу. Содан апта жүріп, ай жүріп, ақырын аяңдап діттеген межесіне де жетеді.
Алып құздардың бөктеріндегі бала таулардың бірін әуп деп көтеріп арқасына салған соң, қайтадан бүкшеңдеп, туған еліне қарай бет түзейді. Расында да, тауы керемет қасиетті екен, қозғалған бойда-ақ тау төбесінен нөсерлетіп жаңбыр төгеді.
Содан жігіт тауды арқалап, Бетпақдала жондарын тіліп өтіп, Сарыарқа аумағына ендеп кірген сәтінде әбден сілесі қатып шаршап, бір сәт тынығып, дамылдауды ойлап, бір тізесін бүге берген мезгілде сүрініп кетіп, тау басып қалады ғой...
Бұл, енді, аңыз болғанмен, елдің ғасырлар бойғы жанын тербеген асыл арманы. Елді ойлайтын, жерді ойлайтын, мұңымызды ортайтатын ерен азаматтар болса деген көкейкесті тілек.
Негізі, «Толағай» аталатын таулар қазақтың жер-жерінде бар. Мына біздің өлкедегі Жаңаарқада... Сонау Семей жақта да тұр.
Осы аңызды алғаш естігеніме, міне, арада алпыс бес жыл өтіпті. Әйтсе де, жүрегімде сақталып қалған сөз сәт сайын жаңғырып, көңіл тербететіндей. Кейін төртінші сыныпта жүргенде ме екен, «Тау көтерген Толағай» деген қысқа әңгіме оқыдық.Бертініректе Әбділда Тәжібаевтың осы көрініске байланысты поэмасымен таныстық. Демек, мұндай әсерлі дүниелер жас ұрпақ санасына ертеден сіңірілуге тиісті. Батырлар мен билерге қойылып жатқан мүсіндер тәрбиелік маңызы орасан аңыздарға да қойылса деген ниет те осындай ойдан туындайды...
Сәл есейе келе білсем, әжем айтқан әлгі Толағай тау біздің ауылдан қол созым ғана жерде: Алматы – Астана күре жолының бойындағы Ақшатау мен Ақсу-Аюлы елдімекендерінің арасында тұр екен. Жеке дара тұрған өте әдемі тау. Жапондардың әйгілі Фудзиямасын еске түсіреді. Сырт жағы да әсем. Геологтер жоғары тұсын ретке келтіріпті. Төменде сылдырап аққан бұлағы да бар.
Кейде Балқаш қаласына жол шегеміз, кейде Алматыдан оралып келе жатасың. Сонда қасындағы жан әлемі нәзік өнер адамдары, режиссерлер, суретшілер Толағай көрінісін бірден аңдап:
– Ойпырмай, мынау не деген әдемі тау еді! Қай дәуірлерде пайда болды екен? Тарихы қандай? – деп сұрайды.
Қыс айларында, тіптен, тартымды. Бесін мен ақшам арасында батыстан түскен күн шапағы тау мүсінін нұрландырып, мың-сан бояуға малындырып, көз жауын алады. Атақты суретші Орал Таңсықбаевтың Алатау тақырыбындағы қолтумалары елестейді. Өте тамаша.
Ал әлгіндей сауал тек өнер адамдарын ғана емес, күн сайын ерсілі-қарсылы ағылып жататын жолаушыларды да мазалайтыны анық. Сол себептен, жол жиегіне граниттен үлкен тас белгі қойылса деген ниетім бар. Оған сонау аңыздың бір-екі шумағы қашалып жазылып, тау жөнінде қысқаша мағлұмат берілсе деп ойлаймын.
Әрине, бұл үшін біраз қаржы да керек шығар. Дегенмен, істің бәрін қаражатқа тіреп, жұмысты кері шегере беретін болсақ, өткен-кеткен тарихтың бәрі мақұрым қала бермей ме...
Оның үстіне келесі жылы Шет ауданының құрылғанына 90 жыл толады.Бұл өлкеде небір күрделі тұлғалар шыққан.Мәселен, атақты Шортанбай жырау осында жатыр. Шортекеңнің «Қараскесек» деген керемет дастаны бар. Сол секілді «Ағыбай батыр» поэмасы да осы кісінің қаламынан туған. Шортанбайдың жан дүниесін тербеп, сондай дарынға рух берген Жанғұтты би бар... Шабанбай би де осында... Ағыбай батыр... Батыр Баян, Байғозы, Дербісалы, Жидебай, Сеңкібай батырлар... Қыздарбек күйші... Мұнда Кенесары қорғаны тұр... Міне, сонау Толағай аңызынан бастап осының бәрін аудан мерейтойы қарсаңында лайықты әспеттесек деп ойлаймын.
Әйтпесе, шынын айтайық, өткен-кеткен жүргінші «Шет ауданы қай жер?» дегенде: «Е, ол Қарағандыға қарай өтіп бара жатқанда тұрған әнебір кішкене қоныс қой!» дегеннен әріге аспайды. Сөйтіп небір таңғажайып терең дүниелер қор болып, тасада қала береді.
Одан соң осы «Шет ауданы» дегеннің өзі де өте кездейсоқ жазылған нәрсе. Әкімшілік атына да, қоныстың орны атауына да сәйкес келмейді. Республиканың немесе облыстың шеті емес. Қайта Қазақ елінің қақ ортасында, дәл кіндік тұста жатыр. Ертеректе Қарқаралы уезінен кішкене шетірек жатқандықтан ауызекі тілде айтылып, кейін ресми атауға ие болып кеткендей. Ал мұны түзететін кез баяғыда жетіп еді. Сондықтан аудан атын өзгертсе деймін. Ондай заман түбі бір келеді. Әкімшілік орталығы жоғарыда аталған тұлғалардың бірі атымен атала ма, оны мұқият ойластыру қажет екені және түсінікті. Тіпті, Ақсу-Аюлы деген ат та ауыстыруды керек ететін шығар. Бұрынырақта бұл өңірдің етегі қалың орман, ну тоғай, аң-құс мекені болғаны өтірік емес. Дегенмен, қазіргі аты елдімекеннің дәл бүгінгі ахуалына үйлеспейді. Әсіресе, «шет» деген сөздің мағынасы жоқ...
Өз басым сонау Толағай тұсына ескерткіш-тақта орнату бағытында әрекетсіз де емеспін. Ой-арманымды кейбір ықпалды азаматтарға айтып та қойдым. Ақжал кенішіндегі «Nova Цинк» ЖШС Бас директоры Сүйіндік Асан деген жігіт: «Ағай, қам жемеңіз, гранитті айтқан жеріңізге жеткізіп, қойып береміз» деп отыр. Оны кәсіби жағынан биік деңгейде орындап, көрнекті етіп орнату үшін жолдың маңайындағы кеңістік өлшемін дәл анықтау шаруасы да алаңдатып қояды. Сол тұста осы жерден шыққан дарынды адамдардың да сөздері қашалып жазылса. Сонда әрі-бері өткен ел: «Е, мынау Шортанбайдың жері екен ғой»... немесе «Құнанбай келіп қонып, Жанғұтты сөз айтқан мекен көрінеді» дегендей әсер алмай ма.
Мұның бәрі, сайып келгенде, кейінде жиі қозғалып жатқан рухани жаңғыру, туған жерге ту тігу мұраттарына әбден сәйкес келіп тұр. Тек жамағат осы ниетті дұрыс түсініп, қолдаса деп үміттенемін.
Тілеуғабыл ЕСЕНБЕКҰЛЫ,
құсбегі
qazaquni.kz