Өнеріме бағыт болған Әш-Ағам!
2017 ж. 21 қазан
3005
0
«Әшірбек Сығай дүниеден озыпты!» деген суыт хабар жеткенде жүрегім селт етіп, бірге өткізген талай жылдарымыз кино ленталарындай көз алдымнан тізіліп өтіп жатты. Қалайша? Өмір деген қас-қағым бізден де өте шыққаны ма? Кешегі ағалы-қарындастай әзілдесіп өткен дәуреніміз қайда кетті? Барымыз осы ғана ма? Енді не істеймін? Енді кім ақылшы болады? Енді бағытты бізге кім береді? Енді адасып кетпес пе екем? Жаңбырлы күнгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен сан сұраққа жауап таба алсамшы...
Бірге тумасақ та бір туғандай көретін Әш-ағаммен, Әшекеңмен таныстығымыз сонау студенттік жылдардан басталса, бізді осы кезге шейін ағалы-қарындастай бауырмалдық қатынаста жақындатып, табыстырған бір-ақ нәрсе болды. Ол – сахна өнерінің құдіреті еді. Әшекең де, мен де «актерлік өнер» атты мектептен әр жылдары әртүрлі ұстаздардан тәлім алсақ та, «бидайдың баратын жері диірмен» болғандықтан, сахнадан алыстап кете алмадық. Бірімізге – сахна сынының, бірімізге – сахна тілінің ұстазы, маманы болуды жазған екен тағдыр.
Әш-ағаммен қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, бұрынғы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының жанынан құрылған Өнер институтының «Театр өнері» факультетінде біраз жылдар ұстаздық қызмет атқардық. Ол кезде Хадиша Бөкеева апамыз «Актерлік шеберліктен», мен болсам «Сахна тілінен» сабақ беретінмін. Ал, Әш-ағамның бір жағынан Аспирантурада оқып, бір жағынан ұстаздық қызметін бастаған жылдар болатын.
Бірде Хадиша апай «Бернард Шоуды» қойып, мен – Кэмблді, Әшекең – Бернард Шоуды ойнайтын болдық. Х.Бөкеева жалаң сөйлеп ойнағанды ұнатпайтын. Ол кісі менің ұстазым болмағаныменен, менің бойымнан бір нәрсені көріп, мені де Әшекеңменен бірге тәрбиелеп, бойымыздағы өнеріміз өлмесін дегендей үлкен дайындықтан өткізді. Образдарымыз әбден шықты-ау, пісті-ау дегенде Консерваторияның Үлкен залында керемет қып ойнап шықтық. Екеуіміздің сөздің астын астарлап тиісетұғын жеріміз болды. Сонда Әшекең бейнені керемет сомдап, сөздерін ашып айтып, сөздің астары мен контекстерін келістіріп айтып ойнап еді. Әттеген-ай, сол кезде соны түсіріп ала қоятын техниканың жоқтығы.
Х.Бөкеева Әшекең екеуіміздің шығармашылық жағымызды ылғи да ұштастырып отырды. Ол кісіні онсыз да бұрыннан өзімнің ағамдай көріп жүрген кезім. Ал, шығармашылық байланыс арамызды онан сайын жақындастыра түсті. Сабақ беріп жүрген кезімізде, барлық жас мүғалімдер сабақ бітіп, студенттер тарағасын бірге қайтып, кафеге баратынбыз. Ол кезде шампан мода болатын. Сондай бір думандатқан кездерімізде Х.Бөкеева мен Р.Мұқайқызы екеуі арқамыздан жүріп отыратын. Ол да бір керемет кездер болған екен.
Әшекеңді театр өнерінің сыншылық жағынан айналасына жан салдырмайтұғын жүйрік сыншысы дейміз. Өйткені, ол ағамызда жәй ғана жалаң сөз болмайтын. Мейрхольдтей шебердің үлкен мектебінен өткен Хадиша Бөкеевадай ұстаздан тәлім алған Әшекеңнің актерлік мектебі де мықты болатын. Сахнада ойнап жатқан актердің жанын бірден түсініп отыратыны да сондықтан болса керек. Егер актер жалаң, үстірт сөйлеп, сөздің үстімен жорғалап кетсе, ағамыздың қабағы түсіп, салбырап, өзін жайсыз сезініп, тамағының асты салбырап, мұрнын қайта-қайта тартқылап, өзі біреудің алдында бірнәрсе жасап қойғандай қозғалақтап отыратын.
Әш-ағаммен өнердегі ұстаздық жолымыз бір басталғанымен, ағамыз қызметтік жағынан өсіп, билікте жүрді. Бірақ, ағамыз әлдебіреулер секілді қызметі өскен сайын мұрнын шүйіріп, кісімсіп кеткен емес. Қайда жүрсе де өнерге қызмет етті, өз ісінің құлына айналды. Әшекең билікте жүрген кез театр өнерінің көркемдік жағынан биікке өрлеп, театрлардың репертуарлық жағы да қолға алынып, өнердің билік тарапынан шын мәніндегі қолдау тапқан кезі еді.
Әшекеңнің ректор болып тұрған кезінде жолсапармен Санкт-Петербургке (ол кезде Ленинград) барып, Яхинтев атындағы көркемсөз оқушылардың байқауына Арман Жұмаш деген студентімізді дайындап бардық. Әшекең ректор ретінде барды. Студентіме Ақан серінің монологын жаттатқанмын. Сол монологта Ақанның ән айтатын жері бар болатын. Бірақ, студентімнің ән орындаушылық дайындығына көңілім толмады. Байқауға қатысардан бір күн бүрын Әшекең әлгі студентті қарап, тыңдап шықты да: «Дариға, сен осы әнді студент туғызып айтып тұр деп ойлайсың ба?» – деді. Мен «жоқ» дедім. Сосын ол кісі «Дайындалыңдар» деді де шығып кетті. Ақанның «Дариға-ай!» деп әнді көтеріп айтатын жері бар болатын. Өзімнің де көңілім толмай тұрғасын, бір жағынан ректорымыздың да ескертуі бар, студентімді түнгі сағат үшке дейін еш тоқтатпай, әнді қайталап айтқыза бердім. Ана бала сол әнді туғызғанша айтқызумен болдым. Бір кезде жан дауысыменен «Дариға-а-ай!» деп әнді шарықтатып, қалықтата айтып кеп берді. «Міне, әнді осылай туғызып айту керек!» деп барып тоқтаттым. Ертесіне байқау басталды. Әшекең де қазылар алқасы мүшелеріменен бірге отырды. Кезек біздің студентімізге келгенде ана бала түндегі орындағанындай әнді туғызып, дауысы шырқырап айтып кеп жібергенде зал сілтідей тынып, артынан ду қол шапалақ соғылып кетті. Сірә, ән туды деген осы болар! Байқау соңында қазылар талдау үшін бөлек кетті. Талдаудың қалай болғанын Әшекеңнің өзі кейінірек айтып берді. Бұған шейін студенттеріміз дәл осы байқаудан «Дипломант» деген атақты алса, соған мәз боп қайта беретін. Біздерге «Лауреат» деген атты бермейтін. Осы жолы да әлгі шәкіртімізге дипломант деген сияқты жүлдені бермекші болған екен. Сол кезде Әшекең тұрып: «Сендердің бұл байқауларың қалай өзі? Бұл тек орыстардың ғана атақ алатын байқауы ма? Мына жігіттің жасы небәрі он жетіде. Қандай керемет дауыспен орындап шықты. Зал сол әннің тілін түсінбесе де қабылдады. Сонда қалай болады бұл? Өнерде тіл жоқ дейсіңдер. Соған қарамай өздеріңді көтересіңдер. Ана баланы өзге балаларменен салыстырып қараңдаршы!» деп шешен тілімен айтып берген кезде ешкім ештеңе дей алмаған. Әшекеңнің сол бір ауыз сөзіне тоқтаған қазылар алқасы сөзден де, өнерден де жеңілгендерін мойындағандай боп лауреаттықты біздің балаға берген еді. Ол кезде лауреат болу деген үлкен қуаныш болатын. Әш-ағам осы жеңісімізден соң ақкөңіл, сері мінезімен бізді көтеріңкі көңіл-күйде Санкт-Петербургтегі керемет бір ресторанға алып барды. Сол жолы «Бірінші рет қазақтың баласы лауреат атанды» деп қуанып, тойлап қайттық. Бұл – Әш-ағаңның шәкірттеріміздің келесі жеңістеріне жол ашып берген жеңісі еді. Бұл кез-келген мәселенің түйінін ащы да, тәтті де қылмай, өзінің салқынқандылығыменен, байыптылығыменен, өткір тіліменен ақиқатын алдыңа жайып салар қасиетінің кезекті бір жеңісі еді.
Өнердегі өзімізбенен қатар жүрген, сол кісілерге қарап бой түзеген Маман Байсерке, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Есмұхан Обаев сияқты ел ағаларамыз бар. Ол ағалармен әңгімелесіп, дастархан басында шәй ішудің өзі бір ғанибет. Осы ағаларымыздың бәрімен де Әшекең әзілдесетін жерінде әзілдесіп, ақылдасатын кезінде ақылдасып, қашан көрсең де сөздері жарасып жүретін. Қай жылы екені есте жоқ, жаздың бір жаймашуақ кезінде Павлодар қаласының Мойылды деген демалыс орнына Маман аға, Әшекең, мен жолдасыммен бәріміз бірге демалуға бардық. Сол демалыстағы барғаннан қайтқанға шейінгі он күннің ішінде езуімізді бір жимай қайтып едік. Әшекең жүрген жерде сынмен бірге әдемі әзілі де қатар жүретін. Маман аға екеуі бір бөлмеде жатты. Ағалардың бөлмелеріне бара қалып, есіктерін ашып қалсаң, көк түтіннің арасынан екеуі көрінетін. Маман ағаның түтіні. «Мынадай түтінмен қалай демалып отырсыздар-ей? Тым болмаса сыртқа шығып шексеңіздер, осында айтылған әңгіме сол жерде де қызықты емес пе?» деймін ғой ағаларға әзілдей. Сөйтсем, сол көк түтіннен басын көтермей, Маман ағаның айтқандарының барлығын тыңдап отырған Әшекең: «Әй, ол әңгіме сол түтінмен кіреді ғой мидың ішіне кіргенде де. Таза ауамен көрінген адам ала береді. Түтінмен кірген әңгіме мида қатты қалады ғой» деп Маман ағамды сөйлеткеніне мәз болатын. Бір кезде екеуі бірнәрсені айтып алады да қарқ-қарқ күледі. Ағалардың өрілген бұрымдай боп осылай әдемі жарасып жатқан әзілдеріне қарап сүйсінесің.
Қарындастарымен аға боп, шәкірттерімен балаша, замандас ағаларымен кейде құрдасша әзілдесіп, құрдастарымен де қалжыңдаса білетін Әшекеңнің бойында осыншама жайдарлылық қалай сыйып жатты екен деп ойлайсың. Адамсүйгіштік ол кісінің бойында о бастан болғандықтан да ол кісіге адамдар үйір болды. Егер де оның бойында адамсүйгіштік қасиет болмаса, оған да адам жақындамаған болар еді. Ол өнерді сүйгендіктен де кезінде ащы қып айтқан пікірін біреулер жанашырлық сөз ретінде қабылдап жатса, кейбіреулер өкпелеп, ренжіп те жатты. Бірақ «Сын шын айтылуға тиіс» деген қағидамен өмір сүрген Әшекеңді артында «Әшірбегім-ай!» деп сағынатын адамдар қаншама.
Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген керемет бір даналық сөз бар. Әшекең осы сөздің астарын бізге тағы да бір тереңірек ұғындырып, дәлелдеп беру үшін келген жандай көрінеді. Өйткені, ол кісі театр мектебіне ұстаз болса, сыншылар мектебіне тікелей ұстаздығын жасап кетті. Теория мен практиканы бір-біріне ұштастырып, ұшан-теңіз білімін сөз мәйегіне салып кеп жібергенде Әшекең қалаған еліңде, ол Грузия бола ма, орысың бола ма, немісің я болмаса ағылшының бола ма, қайсысын алсаң да, солармен тең сөйлесіп, өзіміздің театр мектебін жоғары көрсетіп, ең алдымен, ұлттың рухына, өнеріне қызмет етті. Ал, республикалық кез келген театрларымыздың бәрін бұл кісі бесікке тербеткендей, бүкілін бес саусағындай білді. Бір жаңалығын қолынан жібермей, барлығын қадағалап, қырағы көзқараспен ұстап отырғаны әрбір сөзі менен мақалаларынан көрініп тұратын. Осының бәрін Әшекеңе ешкім міндеттеп отырған жоқ. Бұл үшін ешкім айлық беріп жатқан жоқ. Бірақ өзінің жаны, жүрегі солай соқты.
Артында қалдырған еңбектерін ашып оқысаң, кең ойлап, жәй ғана тілменен, қарапайым ғана сипап айтқан сияқты көрінетін сөздерінің астарында түсінген адамға қаншама зіл жатқанын байқау қиын емес. Театр туралы жазған кітаптары қаншама! Оны жалғыз Әшекең ғана жазып, қаншама өлгендеріміздің бэрін тірілтіп, кейінгі ұрпакқа мол мұраны қалдырған жоқ па? Қазіргі жастар оны қайдан оқыр еді? Өмірден озған қазақ өнерінің талай тарланбоздары мен актерлері, режиссерлерінің шығармашылық портреттерін жасап, бұл күнде тарих қойнауына кеткен каншама спектакльдер жайындағы талдау-сараптама мақалаларын да жазып, ертеңгі ұрпақ үшін жазып қалдырып жатты. Ол еңбектерді кім оқиды деген жоқ. Осындай еңбекқорлығы мен іскерлігін шәкірттерінің де бойына егуге тырысты. Қандай жағдайда да шәкірттерін қалдырмайтын. Шәкірттеріне білімді өте мұқият әрі адал беретін. Сосын әр шәкіртінің бойынан болашақ тұлғаны іздеп отыратын. Берілген білім – адамның бойына бітетін, тамырға құйған су сияқты. Дән егілген жерінде ерте ме, кеш пе, ол бүршік жарылып, гүлге айналып, жемісін бермек. Біз кейде асығыстықпенен «Кеше оқытып едік. Бұл ештеңе шығара алмады, сөйте алмады, бүйте алмады» деп жатамыз. Төрт жыл бойына оқытқан, балаларымыздың бойына егілген сол бір дән тап бүгін жарылып шықпағаныменен, олардың бойында ең бастысы бүршік тұр. Ал, мұндай шәкірттердің біразын Әшекең артына қалдырды. Сыншы болып қана қоймай, халықты да тәрбиелей білген ұлт ұстазына ақындардың өзі ғашық болды. Талай ақындарымыз Әшекеңе арнап өлең жазды.
Соңғы кезде денсаулығым болмай, ауруханаға жиірек қаралуыма тура келді. Дәрігерлердің диагнозымен басыма операция жасалмаса болмайтын боп, өлім мен өмірдің ортасында жүргендей хал кешіп, ауруханаға жаттым. Бір күні Күләш жеңгем телефон соғып, сөз арасында Әшекеңнің де ауруханада екенін айтып қалды. Сол тұста Әшекең де кардиологияда жатыр екен. «Ой, Күләш, Әшекеңді өзім де сағынып жүрмін. Бірақ, мен ол ағамның жағдайын сұрап бара алмаймын, жүре алмаймын ғой» деп едім, Күләш «Жоға, ол өзі келеді ғой, сен барма» деді. Сол күні түстен кейін Әшекең келді. Мен системада жатқасын он-он бес минуттай отырды да, кетіп қалды. Кейін кешкісін сағат алтылардан өте қайта келді. Екеуіміз сол кезде бес сағаттай отырыппыз. Әңгіме арасында Әшекеңе: «Әшеке, биыл менің осы бір орында қызмет істеп келе жатқаныма 45 жыл толады екен. Осының бәріне өзіңіз басқарып, көмектесесіз ғой» деп едім, сонда ол кісі «Сенің қалай тойлаймын десең де еркің бар. Өйткені, сен бір орында тапжылмай істедің. Ал, біз басқа қызметтерді аралап келдік. Сен таза ұстаздық жолды алып келе жатқан адамсың. Сенің еңбегің бар. Қам жеме, өзім басы-қасында жүремін. Сенің таза еңбегіңді айтудан мен ешқандай да бас тартпаймын. Бас деген оңай нәрсе емес. Онымен ойнауға болмайды. Қарындасым, өзіңді-өзің сақта» деп ақылын айтып еді. Сол екінші келгенінде соңғы шыққан, әлі бір адамға бермеген, сиясы кеппеген «Таңғажайып театр» деген кітабын әкеп сыйлады. Өзі қолтаңбасын жазып тұрып беріп кетті. «Әнге, жырға өзек боларлық, қадірлі Дариға қызға! Құрметпен, ағаң Әшірбек Сығай.» 26.08.2014» деп. Сондай асыл ағаның бұл еңбегін соңғы жазған кітабы болады деп кім ойлапты?
Жалпы, өзі о кісі келсе ұзақ отырмайтын. Бұрын да жатқанымда ары кетсе жарты сағат, бір сағат отырып кететін. Ал мына жолы өзі асықпай, жайланып отырып, әр саладан көп әңгімелерді айтып отырды. Мені аяды ма екен? Әлде ауруханадан кейін кішкене көңілін көтеріп, жанымды жұбатайын деді ме екен? Кетерінде: «Қарындасым, ауруханада қоштаспайды дейді. Ауруханада қоштасса, жаман ырым бар екен. Қайтадан кеп, қайта ауырады. Мен қоштаспай шығып кетейін, ә?» деп шығып кетіп еді. Мен де «қоштаспасақ, қоштаспайық» деп едім. Осы кездесуіміз соңғы кездесу болатынын ойлаппын ба?
Әшекең қайтыс болды деген хабарды естігенде жан-дүниемнің алай-дүлей болғанын айтып жеткізе алмаспын. Осы баспенен әлі ауруханада жатқан кезім болатын. Сонда аурухананың тең жартысы кеп маған көңіл айтты. Өз бетімше тұрып, жүре алмайтын болғасын балаларым келіп, қоштасуына алып барды. «Әкем өлсе өлсін, көз көрген өлмесін» деген сөз бар ғой. Сол жерге қалай кіріп, қалай шығып кеткенімді білмеймін. Үлкен бір өзімнің таудай ұстыным құлап түскенін сонда сездім. Әшекеңді әлі күнге шейін іздеймін. Бұл – бір мен емес, талай адамның бәрінің көңілінде жүрген нәрсе. Күтпеген жағдай боп, халықтың бәрі аһ ұрып қала берді.
Операцияға кіріп бара жатып та ең алдымен Әшекеңе хабарласып, «балаларыма бас-көз боларсыз» деп айтып едім. Ажал оғының біреуге ерте, біреуге кеш тиетінін ойлаппын ба? Бұл өмірде мәңгі қалатын ешкім де жоқ. Бірақ, сондай азаматтардың әлі де болса халқына беретін мәуелерін жеткізіп бере алмай кететіні өзегіңді өртейді.
Әшекең менің оқу-білім, ғылым, әртісік өнер жолындағы бір бағытшым болып қалды. Мен ол кісінің алдында ылғи аяғымды тартып тұрдым. Өйткені, менің алдымда көш ілгері таудай бір аға тұрды. Мен ол кісінің алдында үнемі әдеп сақтаймын да тұрамын. Алдымен ол кісі сөйлеу керек. Барлық ой-пікірлерін айтады. Сонан кейін мен жайлап отырып, не болмаса үйіне барып, не болмаса бір жерде отырсақ та өзіме бір қажет, түйінін шеше алмай тұрған мәселе болса, ақырындап бәрін ойдан өткізіп алып барып сұрайтынмын. Сонан кейін ол кісі де асықпай отырып ақылыменен түйінін шешіп беретін.
Бала кәмпит жей берсе «тәйт» дейді ғой. Сол сияқты біз де «тәйт» деп айтпаса да, сол «тәйт» деп айтпасын деген сөзден қорқып жүрдік. Біздің де жасымыз келіп қалғанына қарамастан бәрібір де рухани тіреуіш болар ағаларды іздейді екенсің. Аллаға шүкір, Дулат аға, Маман аға, Асанәлі, Есмұхан ағаларымыз бар ғой. Осындай ағалардың қауқайып жүргеніне қуанасың. Бірақ, әркімнің өзінің жанына жақын жандары болады. Өнердің ішінде, онда да сөз өнерінің ішіне бір бағытпен таза дәріс беріп, сөзді таза ұғып, шәкірттерімнің санасына қазақтың тілін ластамай, «арам шөптерден» тазартып беруге ат салысып жүрген қазақтың мықты бір қызы болып, тұлға боп келе жатсам, осы кісілердің арқасы. Маған осы кісілер бағыт салды. Бұл не деген бақыт! Сондай ағаларың болғаны бақыт қой.
Ана дүниеге кетсе де Әшекеңді өлді деп айта алмаймыз. Артында ісі қалды, әруағы жүрген шығар біздерді қолдап. Сондықтан да, мұндай қайталанбас тұлғалар өлмейді. Қалаған жеріңде, қиналған жеріңде Әшекеңді ашып оқы, артында қалған мұралары мен теледидарға түскен бағдарламаларын қара. Әйтеуір қарасаң, Әшекең әлі тірі тұрғандай, өзінің бір сәулесін, шапағатын шашып тұрғандай әсер береді.
Өзінің еңбекқорлығы мен тынымсыздығы, ұйқының аздығы, халықтың бәрін жортып жүріп, қазақтың қай жерде жыртығы болса, соған жамау боламын деп соққан жүрегінің ерте тоқтағаны да содан болар. Осынша әлемге кең адамға жар болу қандай қиын! Ал, сондай ел ағасының азаматтық өрісіне бір дақ түсірмей ұстаған Күләш жеңгеміздің де көңілін жұбатар сөз айтқаннан басқа не келер дейсің пенденің қолынан.
Өмірде бір қайталанбас тұлғалар бар, оны сөзбен айтсаң қарапайым сөз болып кетеді. Оның тұлғалық бейнесін ашу, оның арғы түкпірінде жатқан, айтылмай кеткен дүниесін айту біздің қолымыздан келмейді. Аллаға шүкір, артынан мұрагерлері қалды. Әшекеңнің көрмегендерін асықтай ұлдары Қанат, Сұңғат, Нұрзаттары көріп кетсін, аталары жасамаған жасын ұрпағы жасасын дейміз.
Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері
qazaquni.kz