Әлібек АСҚАРОВ: ӘЛІПБИДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
2017 ж. 01 қараша
3062
15
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы еліміздің рухани дамуына, жарқын болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Осынау ел өмірінің рухани кемелдену тұсында көп уақыттан бері қозғалып келе жатқан латын әліпбиінің жаңа нұсқасының дүниеге келуі ең бір маңызды қадамдардың бірі болды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, бұл мәселеге баса назар аударуы жаңа әліпбидің қазақ қоғамында қаншалықты маңызға ие екендігін көрсетсе керек-ті.
«Қазақ үні» газетінің президенті, белгілі ақын Қазыбек Иса «ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ҮШІН ЖАҢАРУЫ КЕРЕК» атты мақаласында латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы шыққан сәтте ақ, қазақтың төл дауысты дыбыстарының қос әріппен белгіленуіне -диграфтарға қарсы шыға отырып, оларды белгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жүйелі көрініс табуы бәріміздің көкеймізге қуаныш ұялатты.
Ендігі жерде зиялы қауым өкілдері мен тіл ғалымдары тізе қосып, жаңа нұсқаны жетілдіру жолында тер төгуге тиісті. Бұл жолда мүлт кетуге болмайды. Өйткені қасиетті де қастерлі қазақ тілін қаймағы бұзылмаған күйде келер ұрпаққа аман-есен жеткізу біздің бүгінгі қадамымызға тікелей байланысты.
Әлібек АСҚАРОВ, Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: "Қазақ үні"