ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫНДА 92-ші МАУСЫМНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮРІЛДІ
2017 ж. 13 қазан
2137
1
92-ші театр маусымының ашылуына орай М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-конференция өтті.
Жиынға театр директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова және «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды.
Бұл басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай тұңғыш рет ұйымдастырылған Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме туралы әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ, театрдың алдағы шығармашылық жоспарлары мен алдағы күндері өткізілетін іс-шаралары жайлы сөз қозғалды. Сонымен қатар, театр қызметкерлері Лондон сапарындағы әсерлерімен бөлісті.
92-ші маусымашараға арналған пресс-конференцияның қорытындысында театр ұжымы шығарған театр альбомы мен 8 театрдың тарихы қамтылған буклет-кітапша БАҚ өкілдеріне таныстырылды.
Осыдан кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты Алматы қаласындағы 8 театр қатысқан көрме салтанатты түрде ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов құттықтау лебізін жеткізді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары Қанат Қаражанов ұжымдарының атынан ақ пейіл, ақжарма тілектерін жеткізді.
Құттықтау сөздерінен соң көрменің лентасы қиылып, Әуезов театры «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы көрмеге қойылған құнды жәдігерлермен таныстырды.
Бұл көрменің мақсаты – өскелең ұрпаққа, театр өнеріне қызығатын ізденушілерге, жалпы өнерсүйер қауымға қазақ өнерінің қарашаңырағы, 92 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі өнер шежіресінен сыр шертіп және Алматы қаласында орналасқан мәдени ордалардың басын қосу арқылы олардың тарихын бір арнада тоғыстырып, театр музейінің тыныс-тіршілігінен хабар бере отырып, мол мұра, құнды жәдігерлері туралы мағлұмат беру.
Көрмеге қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры және М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құнды жәдігерлері қойылды.
8 театр музейінің басын қосып көрме ұйымдастырудың мақсаты – ұлт руханиятының тұтастығын ту қылып, еліміздегі барлық театрлардың музейіндегі құндылықтар мен жәдігер-мұралардың басын біріктіретін республикалық деңгейде көрме ұйымдастыру. Бұл қазақ театр өнеріндегі ұлттық қазынамыздың қайнар бұлағы, жанған шырағы болмақ. Театр ұжымы 92-ші маусым шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашты.
Ұлы Абай… Шығармашылық тұлғасы өз алдына, ел ортасындағы, өз шәкірттері ортасындағы жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалай, әр шәкіртіне нағыз ұстаз бола білген адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақсыз өмірі. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы. Қойылымда ұлы ақын шығармашылығының композиторлық қыры да ашыла түседі.
Театрды сағынған жұртшылық өнер ордасынан рухани азық алып тарасты.
auezov-theatre.kz