Тұрсынбек Кәкішев: Зұлымдықтың бәрi Еуропадан шығады
2017 ж. 07 қазан
4155
2
Уақыттың ығына жығыла сөйлеу – бiздiң зиялы қауымға тән бе деп қорқамын
— Ақыл сұрар алпыстан асып, Шерхан iнiңiз айтқан «жет»кен, «пiс»кен жетпiстi де артқа тастадыңыз. Өмiрден не түйдiңiз?
— Кеңес кезеңiнде де, бүгiн де менiң бар арманым қазақтың еңсесiн тiктеп ел болуы, өзгелермен тең болуы едi. Бүгiн тәуелсiз елмiз. Ал, тәуелсiздiк тiрегi – тiл. Ахмет Байтұрсынов «Тiл кетсе бәрi кетедi» деген болатын. Қоғамымызда тiлдiң кетiп бара жатқаны шындық. Ендi «оның себебi неде?» деген сұрақ туады ғой. Мен оны мынадан деп бiлемiн. 1870 жылы Святейший Синод «бұратана халықтардың ұлдарын емес, қыздарын оқыту керек, ертең ол әйел болып, бала тауып, ошаққа иелiк еткенде сол үйге орыстың рухын сеуiп отырады» деген шешiм қабылдаған болатын. Никита Хрущевтiң тың игеру басталған кезде «патшалық империя екi жүз, үш жүз жылда iске асыра алмаған орыстандыру саясатын бiз екi-үш жылда iске асырып тастадық» деп мақтанғанындай, кеңес өкiметi осы әйелдердi оқытуды артығымен iске асырды. Қазақ әйелiн әбден оқыттық. Оның оқып, жетiлгенi сонша, бүгiн ол еркектерге оқудың жолын бөгеп тастады. Қазiр оқып жатқан қазақ жастарының 75-80 пайызы қыздар. Мемлекеттiк қызметкерлердiң 60 пайыздан астамы тағы да әйелдер. Оның үстiне қазақша ауыз аша алмайтын Раушан Сәрсенбаева дегендер ту етiп көтерiп жүрген гендерлiк саясат деген бiр пәле шықты. Мен ұстаз болғандықтан, орысша оқыған қазақ қыздардың қазақтық келбетi жоқ екенiн көрiп жүрмiн. Олардың орыстардан бiрiншi үйренгенi «нет» деген сөз. Алдарына бара қалсаң бiр-ақ ауыз «нет» деген сөздi қойып қалып қарап отыра бередi. Сенiң сұрағыңның аржағын қазсақ осылай тереңдеп кете бередi. Бiздiң тiл туралы саятсатымыз бұлғаңдап тұрған бiрдеңе. «Қазақстандық ұлт» деген шықты. Сонда қазақ ұлты қайда қалады? Даурығып «пәлен облыста мемлекеттiк iс-қағаз қазақ тiлiне көштi» деймiз. Бұнымыз барып тұрған өтiрiк. Даурықтыруға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Министрлiктерде облыстан Астанаға барған хаттарды түсiнiп оқитын қазақ жоқ. Ал, Астанадан облысқа қызметтiк хаттар көбiне орысша кетiп жатыр. Жергiлiктi жер орысша жауап қайтаруға мәжбүр. Елбасы... Неге ол кiсi алыс-жақын шетелдерге барғанда қазақша сөйлемейдi? Қазақшадан тiкелей ағылшыншаға, немiсшеге, французшаға аударатын әлi күнге дейiн бiр аудармашы дайындай алмай отырмыз ба? Басқа-басқа, арабшаға аудара алатын мамандар жеткiлiктi ғой. Осындай ащы ойларымды ашық айтып жүргенiм отбасыма да оңай тиiп жатқан жоқ. Өткенде бiр сұхбатымнан кейiн университетте iстеп жүрген қызыма да, әйелiме де «мына шал қоя ма, қоймай ма?» дегендей зығырданы қайнап телефон шалған адамдар болыпты. Мен неге қоямын? Сонау 1956 жылы Рахманқұл Бердiбаевтың «Қазақ әдебиетi» газетiндегi мақаласына қолдау көрсетiп бiздер, Қазақстан коммунистiк партиясы орталық комитетiнiң жанындағы Партия тарихы институтының сегiз жiгiтi қол қойып, соның «арқасында» Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң қаулысына iлiккенбiз. Не үшiн өмiр сүрiп жатырмыз бiз өзi? Ел болу үшiн бе, жоқ басқа нәрсе үшiн бе? Кейде маған колхоз-совхоздарды сонша жедел тарату кiмге қажет болды деген жаман ой келедi. Онда тұратын халықтың басым көпшiлiгi қазақ екенi белгiлi. Елiмiздегi бұрын да, қазiр де ең кедей ұлт кiм? Тағы да қазақ. Бұл да бәрiмiзге белгiлi. Басшыларымыз артық қыламыз деп тыртық қылып алған жоқ па? Бұл жөнiнде тек олар ғана емес, бәрiмiз де тегiс ойлануға тиiспiз. Өзбек, әзiрбайжандардың латын әлiппесiне көшiп алғанына он жылдан асты. Ал, бiз әлi бару керек пе, жоқ па деген мәселенiң төңiрегiнде жүрмiз. Керауыздарымызға сөз берiп қойдық, олар кириллицада қанша құнды дүниемiз жатыр, соның бәрiнен айрыламыз деп еңiрегенде етегi жасқа толады. Ал, латын әлiппесiнде, араб әлiппесiнде қанша дүниемiз жатыр, ол жайлы ешкiм ешнәрсе айтпайды. Путиннiң қайтсем орыс империясын қайта жаңғыртамын деп, бұрынғы отар республикаларды қайтсем уысымнан шығармай ұстап отырамын деп шыр-пыры шығып жүргенiн бүкiл әлем көрiп отыр. Қазақстанды қойып, ол Өзбекстанды да өзiне иiп әкеле жатыр. Осындай саясатты көрiп отырып айтпасақ, бiздiң зиялы деген атымыздан не пайда? Бiрақ, айтқанымыз биiктегi билiктiң құлағына жетiп жатқаны, нәтиже шығып жатқаны шамалы. — Ал, оның себебi неде деп ойлайсыз? Жетпiс жылдың iшiнде бар қаймағымыздың қалқып алынғандығында емес пе? — Сендер осылай қит етсе кеңес өкiметiн жамандауға дайын тұрасыңдар. — Кешiрiңiз, жаппай жамандауға мен де қарсымын. Бiрақ, бiздiң бiрiмiз емес бәрiмiз бiрдей жалтақпыз ғой. — Бұның себебi бiздiң қорлық пен зорлықты көп көруiмiзде жатыр. Үш жүз жыл бiреудiң тепкiсiнiң астында болу оңай ма?! Оның алдында жоңғардың тепкiсiн көрдiк. Баяғыда Казақстан компартиясы орталық комитетiнiң хатшысы Нұрдiлдә Жандiлдин деген ағамыз «бiз әлi ұлт болып жетiлмеген халық екенбiз» деген едi. — Жетiлмеуiмiзге оның өзi де «үлесiн қосты» ғой. — Дұрыс, қосты ғой, бiрақ, сол кезде жаңадан талпынып жүрген бiздер «әй, мынау не деп отыр, бiз ұлт болмасақ кiм болғанымыз?» деп әлгi байғұсқа айтпаған сөзiмiз қалмаған едi. Сөйтсек, бiз күнi бүгiнге дейiн рулық деңгейден шыға алмай жүрген жұрт екенбiз. Мiне, бiздiң трагедиямыз! Бiздiң осындай деңгейден шыға алмай қалуымызды өткен ғасырдың 60-шы, 70-жылдарынан бастап жүйелi түрде жүзеге асырып отырған адамдар болды. Әйтсе де, кеңес кезiндегi жүзшiлдiк, рушылдық дегенiмiз қазiргiмен салыстырғанда ойыншық болып қалды. Бiз қазiр майдаланып, ұсақталып, рудан да төмен атаның деңгейiне түсiп кеттiк. Атаның iшiндегi кiшi аталарға дейiн шегiнiп бара жатырмыз. Сонда бiз қайда барамыз, тұтасып, ұйысып ұлт болуға бара жатқан түрiмiз осы ма? Бұл жайлы да бәрiмiз түгел, оның iшiнде ең алдымен басшыларымыз ойлануға тиiс. Бiрақ, айтылған сөздер айтылған күйiнде қалып жатыр, өзгерiп жатқан дүние жоқ. — Өзiмiздiң өкiметке «бұның дұрыс емес» дейтiн бүгiнгi Рахманқұлдар, оны қостайтын Тұрсынбектердiң көрiнбеуiнiң себебi не? — Рахаңның ұлт мәселесiндегi табандылығы тәнтi етедi. Ау, бiздiң бiрге өскен басқа жiгiттерiмiз қайда? Олар билiктiң өтiрiк-шыны аралас жазылған мадақ қағазын алғанға құмар. Соны алса болды бiр биiк жетiстiкке жетiп қалғандай сезiнедi өздерiн. Тәуелсiздiк келiп едi, талай адам Сәкендi сынап шыға келдi. Қадыр Мырзалиев «Нағыз биiк — Мағжан, ал, Сәкен — үгiт-насихатпен жүрген жан» дейдi. Менiң құдам Мұзафар Әлiмбаев «мағжаншылдар-жанжалшылдар» деген мақал-жаңылтпаш шығарды. Сонда немене, Сәкен заманында жасалған әдебиеттi, Сәбиттi, Ғабиттi, Ғабидендi қайда қоясың? Қазiр Мұхтар Әуезов айрықша, артықша мақталуда, мадақталуда. Себебi, ол басында «Алаш Орданың» қатарында болды да кейiн коммунистiк партияға кiрдi. Одан да шығып кеттi. 1932 жылы түрмеден шыққаннан кейiнгi Әуезовтiң сөзiн тыңдаңызшы. «Мен қателескен екенмiн» дейдi. Барлық шығармасында «қазақ әдебиетiнiң орыс реализмiмен дамуы» дейдi. Сонда орыстан басқада реализм жоқ па? Қазақта реализм болмап па? Не болмаса 1947 жылы Қазан төңкерiсiнiң 40-жылдығына орай жасалған «Октябрь өркендеуi» деген баяндамасындағы «Ыңыранған, күңiренген Мағжан, «қазақ даласын ақселеулер кебiн болып жауып жатыр» деген ойды айтқан Мағжан қазақ ақындарының ең бiр зиянды өкiлi болды» деген сөзiн бүгiнгi зерттеушiлер жазбайды. Әуезовке тiл тигiзбейдi. Мен де тiл тигiзейiн деп отырған жоқпын. Бiрақ, уақыттың ыңғайына жығыла сөйлеу – бiздiң зиялыларымызға тән нәрсе ме деп қорқамын... — Осы Ахаң, Әлекең бастаған «Алаш Орда» жетекшiлерiнiң «Мұхтар, сен райыңнан қайт, тiрi қалуды ойла» деген сипатта хат жазыпты деген әңгiме төңiрегiнде сөз көп. Бұның аңызы қайсы, ақиқаты қайсы? — Олардың Мұхтарға хат жазу жайлы ойлары болса болған шығар, бiрақ жазатын шамалары болған жоқ. Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы ұсталды, 1935 жылы қайтып оралды. Бiздiң кейбiр жiгiттер бұны пьеса етiп те жазып, насихаттап жүр. Сәкен мен Сәбиттiң трагедиясы — бұлар коммунистiк идеологияға сендi де, содан қайтпай қойды. Басқалар секiлдi бұлғаңдауды бiлмедi. Әйпесе, өз қолымен орнатқан өкiметтен өзi атылып кетуi оңай нәрсе ме?! Сәбитке жабылар жабулар тiптi толып жатыр. Оған Сәбиттiң жалпақшешейлiгi «кiнәлi». Көшеде кетiп бара жатқан баланы ұстап алып, «әй, сен пәленшенiң баласысың ғой, мен мынадай еңбек жазайын деп жатырмын» деп айта беретiн. Қазiр сен де, мен де «Сәбең олай деген, бұлай деген» деп қоса берсек не болады? «Алаш Орда» қозғалысына қатысқан адамның бiрi — Сәбит. Ендi келiп ол қозғалыстың иiсi мұрнына бармайтын адамдар «Сәбит олай дедi, Сәкен бұлай дедi» деп жатады. Жоқ! Архивтi қарасын! 1918 жылы 11 сентябрьде Уфа қаласында Халел Досмұхамедов бастаған топ «Батыс Алаш Орда» болып бөлiнiп шықанда олар қай мақсатты көздедi? «Семеймен байланысуға бiздiң мүмкiндiгiмiз жоқ, Ойыл уәлаятын, автономиясын құрамыз» деп бөлiнiп шықты. Бөлiну «Алаш Орданың» II съезiнен-ақ басталған болатын. Бүгiн кей жiгiттер «Алаштың» азаматтары тiрi болғанда бiзге жердегi жұмақты орнатып беретiн едi» дегендей ойды айтады. Жоқ! Оларда демократиялық идеялар ғана болды. Бiрақ, идеяларды жүзеге асыруға қажеттi нәрселердi олар жасай алған жоқ. Өйткенi, билiк олардың қолында болған жоқ.
Сәкенде зәредей өтiрiк жоқ!
— Сұхбаттың ауанын Сәкен жаққа қарай аударайықшы.
— Мен 1944 жылы Ақмоланың театрында әртiс болып iстедiм. Рәбиға Есiмжанованың ағасы Қосымжан Бабақов деген қазақтың мықты бiр әншiсiнiң үйiнде 6 ай тұрдым. Сол кiсi маған бiр күнi бiр кiтапты әкелiп бердi. Кiтаптың ия басы жоқ, ия аяғы жоқ. «Оқы, тек ешкiмге айтпа!» дедi. Оқып бiттiм. «Авторы кiм, бiлесiң бе?» дейдi. «Жоқ». «Бұның авторы Сәкен Сейфуллин, кiтаптың аты — «Тар жол, тайғақ кешу».
Мен 1945 жылы Алматыға оқуға келе жатып, пойызда танысқан екi қыздың бiреуiн айналдырып алдым. Екеумiз бозбала-бойжеткен болып 5 жыл жүрдiк. Үйленетiн кез жақындады. Бiр күнi қалыңдығым «Сенi бiр апай көргiсi келедi» дейдi. «Кiм ол?» «Гүлбарам, Сәкен Сейфуллиннiң жесiрi». Менде ес қалмады. «Ойбай, жүр, бүгiн барайық, тiптi қазiр-ақ барайық. Ал, сен оны қайдан танисың?» «Мен ол кiсiге құдаша боламын». Гүлбараммен танысқан кезде апайдың көркi маған онша ұнамады. Қазақта Сәкеннен асқан сұлу еркек болмаған дегендi әбден естiп өскенбiз ғой, сол Сәкеннiң әйелi осы ма дегендей ой болды. Бiрақ... Ол кiсiнiң жүрiс-тұрысын, iс-әрекетiн, кесiп-кесiп сөйлейтiн мiнезiн көргеннен кейiн «е-е, Сәкендi осындай әйел ғана күйеу етiп ұстай алса керек-тi» деген пiкiр түйдiм. Мен де апайдың көңiлiнен шықтым ғой деймiн, содан былай екеумiз жақсы араласып кеттiк. Сәкеннiң туған iнiсi Мәжит 1957 жылы наурыз айында Сәкендер ақталып, Гүлбарамның үйiнде мәре-сәре той болып жатқанда келген жоқ. Тойға келген қонақтардың қолына су құйып мен қызмет етiп жүрдiм... Гүлбарамға алғашқы болып қуанып жеткендер Сәбит Мұқанов пен Мәриям апай болды. Жарты жылдан кейiн, 22 қарашада Жазушылар Одағында Сәкендi еске алу кешi болды. Сол кешке Одақтың төрағасы Ғабиден Мұстафин келмедi. Мәжит тағы келген жоқ. Араларында не болғанын қайдам, бiрақ, мен бұндайды түсiне алмаймын. Кеште Тайыр Жароков, Жұмағали Саин, тағы басқалармен қатар сөйлеген Сәбең екi сағат естелiк айтты. Сәбең: «Сендерге рахмет, бұған дейiн «қазақ совет әдебиетiнiң негiзiн қалаушы Сәбит Мұқанов» деп келiп едiңдер. Ендi оның заңды иесi қайтты, иесiне қайтарыңдар!» деп, сол үшiн үлкен жанжал жасады. Кейiн қазақ әдебиетiнiң тарихы, Қазақ ССР-iнiң тарихы жазылған уақытта да Сәкенге қатысты «қазақ совет әдебиетiнiң негiзiн салушылардың бiрi» деп қолданылып келген терминдi «қазақ совет әдебиетiнiң негiзiн салушы деп жазу керек, өйткенi 1917 жылдан 1920 жылға дейiн советтiң сөзiн сөйлеген Сәкеннен басқа адам болған жоқ!» деп отырып алды. Осындай пiкiрлердi айтқан Сәбеңе қазiр бiз қандай жақсылық көрсетiп жатырмыз? Жоқ, Сәкен де оңбаған, Сәбит те оңбаған, совет өкiметiн жақтаған жандардың бәрi оңбаған! Басқаларының бәрi совет өкiметiн құруға қатыспаған жандар сияқты. Ара-арасында кеңестiң iрi қайраткерiнiң бiрi Тұрар Рысқұловты да советтен арашалап, ақтап алғымыз келiп отырады. Қазақтың сол кездегi ел басқарып жүрген жiгiттерiнiң арасында араздық туындап жатса, ол көбiне Тұрардан таралып отырған. Осыны бiлмейтiн журналистер, публицистер қазiр көбейiп кеттi. Олар «Алаш! Алаш!» деп айқайлайды. Мен «Алашқа» қарсы емеспiн. «Алаш» та, Сәкен, Сәбит бастаған кеңес өкiметi де қазақтың жоғын жоқтады. Кеңестi жақтаған жандардың iсi нәтижелi болды да, «Алашты» жақтағандардiкi сөз күйiнде қалып қойды. Осыны қатты ескеру керек. Идея айту оңай, ал оны жүзеге асыру қиын. Мысалы, Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 28 қаңтарда Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығында сөз сөйледi. Оның алдында өлкелiк, яғни бүгiнгi сөзбен айтқанда республикалық партия комитетi «кеңес мекемелерi А.Байтұрсыновтың тойын тойламасын, ал, тойда кiмнiң не сөйлейтiнiн бақылайтын адам С.Сейфуллин болсын» деген қаулы шығарған болатын. Сол қаулыны қолына ұстап отырған Сәкен сол сөзiнде не дедi? «Қазақта көзi ашық оқығандар шен-шекпен үшiн жұмыс iстеп келген болса, шын халық үшiн жұмыс iстеген адам осы Ахаң. Барлық қазақты жеткiземiн, барлық қазақтың көзiн ашамын деп жұмыс iстеген екi адам болса, соның бiрi осы Ахмет Байтұрсынов. Нағыз халқын сүйетiн, нағыз ұлтшыл адам осы кiсi. Оның ел алдындағы еңбегi асқар таудай» дедi. — Өзi кеңес үкiметiн құрысқан, кеңес үкiметiн басқарған адамның бiрi! — Иә. Ертеңiне-ақ Әбдiрахман Әйтиев орыс газеттерiнде «Сәкен Сейфуллин ұлтшылдардың көсемiн осылай мақтап жатыр» деп мақала жазады. Сәкеннiң үйiнде жататын (!) Сәбит Мұқанов «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер!» деген мақала жазады. Осының бәрiн көрiп отырған Сәкен не iстейдi ендi? 23 ақпан күнi «Еңбекшi қазақ» газетiнде «Қазақты қазақ дейiк, қатенi түзетейiк!» деп мақала жазады. — Иә, иә, ол кезде бiз «қырғыз» аталып жүрген едiк қой. — Ол кезде ғана емес, 1925 жылға дейiн «қырғыз» аталып жүрген адамсың сен! Сонда «бұның айтып отырғаны дұрыс қой» деп Сәкендi қолдап ала жөнелген бiр адамды мен газет беттерiнен таппаймын... Содан наурыз айында үшiншi өлкелiк партия конференциясында партия жетекшiсi Ярославскийдiң аузымен, оған өзiмiздiң қазақтардың сөз салып беруiмен «Сәкен – ұлтшыл!» деген айып тағылды. Оған тағы бiр себеп болған нәрсе Сәкеннiң «Азия – Европаға» деген өлеңi болатын. Бұл өлеңде Сәкен «тамтығымызды қалдырмаған жауыз Европа, сен бұл iсiңдi қоймасаң қысық көз моңғолымды жiберемiн» деген ойды айтады. Ярославский «бұл таптық көзқарас емес, бұл ұлттардың арасын ашатын көзқарас» деп Сәкендi ұлтшыл етiп шығарды. Соған 14 коммунист қарсылық, протест жариялағанда Ярославский «мен бұның бәрiн ойдан шығарып отырған жоқпын, сендердiң өздерiңнiң жазып бергендерiңе қарап айтып отырмын» дейдi. Бiзде осындай да жағдайлар болған, қазақпен байқап ойнау керек... — Елiмiзде Сәкентану iсiне сiзден артық үлес қосқан адам жоқ шығар. Сонда да болса ол адамның оқиғаға аса бай өмiрiн толық зерттеп бола алмаған секiлдi көрiнесiз... — Мен 1968 жылы «Қызыл сұңқар» деген кiтап шығардым. Қазақтың түрлi сөзi болатынын бiлдiм де, үндемей-түндемей 1972 жылы бұл кiтапты Мәскеудiң «Жизнь замечательных людей» сериясынан орысша шығардым. 1976 жылы «Жалын» баспасынан «Өнегелi өмiр» деген серия ашылғанда оны бастап шыққан да менiң осы Сәкен жайлы кiтабым болатын. Екiншi болып Медеу Сәрсекеевтiң Қаныш Сәтпаев жайлы кiтабы жарық көрдi. Бiрақ, ол кезде Қазақстан компартиясының орталық партия комитетiнде Сәкендi де, Қанышты да жарқыратып көрсетейiк деген ниет болған жоқ. «Қалай шығармаймын дейсiңдер, бұл Мәскеуден шығып қойған кiтаптың аудармасы» деп жүрiп, зорлықпен жариялатқан дүнием ол менiң. Одан кейiн «Дала дауылпазы» деген атпен шықты. Алла жазса, жақында «Нартұлға» деген атпен тағы шығады. «Сәкендi толық зерттеп бiте алмаған секiлдiсiз» деп отырсың ғой маған. Мен Сәкен туралы 10 шақты кiтап шығардым. «Сәкен сүйген сұлулар», «Сәкен аялаған арулар», 500 беттiк «Сәкен мен Мағжан», т.т. Соңғы кiтаптың халықтық нұсқасы «Сайыс» деп аталады. Неге жаздым мен бұл кiтапты? Жаңа айттым ғой, Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлiмбаевтар «Мағжанның қасында өзгелер ақын ба?!» дегеннен кейiн кiмнiң не жазғанын көрсету үшiн жаздым. Сәкен мен Мағжан екеуi Омбы семинариясында бiрге оқыған ғой. Сол кезден бастау алған достық олардың өмiрiнiң ақырына дейiн жалғасты. Тiптi, әрi-берiден соң Сәкендердiң ұсталуына қырсығын тигiзген адам Мағжан болатын. — Мағжан айдаудан оралғанда паналатқан, жұмыс, қаражат тауып берген адам Сәкен емес пе едi! — Соның бәрiн 1937 жылы «Социалистiк Қазақстан», «Лениншiл жас» газеттерiнiң бетiнде өзiмiздiң қазақтар «мықтап» тұрып жазды ғой. Атын айт десең айтып бере аламын. Мен соның бәрiн кiтабымда жазып жатырмын. Кеше ғана қолынан жетектеп адам еткен адамының көбi Сәкеннен терiс айналып кеттi. Менiң негiзгi ғылыми зерттеу тақырыбым – «Қазақ әдебиетi сынының тарихы». Құдайға тәубе, қазiр ол кiтап оқулық. Ал, Сәкен – менiң өмiрлiк хоббиiм. — Теледидар заманы ғой қазiр. 1989 жылы Мәскеу теледидарынан өзбектiң Хамза Хаким-задесi жайлы «Отты жолдар» деген көп сериялы телефильм көрсетiлдi. Мен соны көрiп отырып, «шiркiн, мұндай фильмге нағыз сұранып тұрған өмiр Сәкеннiң өмiрi ғой» деп ойладым. Бiрақ, бiздiң ондай серияны ол кезде де, бүгiн де қолға алар түрiмiз көрiнбейдi. Әлде де Құдай қуат берiп, өзiңiз қимылдамасаңыз... — Ондай iстi қолға алатын жiгiттер табылып, тапсырыс түсiп жатса, қанекей. Мен өзiм қолымнан келгенiн iстеп жатырмын. Сәкен өмiрi жайлы үлкен бiр роман жазу да ойымда болған. Кейiн заман өзгерiп кеттi де, ол ойымнан бас тарттым. Сосын, тек Сәкен ғана емес қой менiң тiршiлiгiм. Менiң өмiрден озғандарға жаным қатты ашып тұрады. Қазiр бәрiң Сәттар Ерубаевты тамаша бiлесiңдер ғой. — Бiлгенiмiзше бiлермiз. — Елжас Бекеновтi, Ерғали Тiлепбергеновтi бiлесiңдер ме? Сабыр Шәрiповтiң әдебиетке қалай келгенiн ше? Бiлмейсiңдер. Мiне, осы секiлдi бейнетi мол тақырыптарға данышпан академиктерiң бармайды. Мен оларды да зерттеп жүрмiн. — Сәкен, Сәбит бастаған бiрталай қазақ арысын зерттеген адам ретiнде не байқадыңыз, қазақ зиялысына қандай қасиеттер тән екен? Ненi дамытып, неден арылғанымыз жөн болмақ екен? — Мен өзi қазақтықтан безiнейiн деп жүрген адаммын. — «Дағдарған алаш ендi қайда бармақ?» деп Мағжан айтқандай, безiнсеңiз көп болса нағашыларыңызға барып қырғыз боларсыз, одан бөлек қайда барамын дейсiз. — Қырғызға да бардым. Барсам, олар бiзден де жаман екен... Бiздiң қазақтың ең бiр жаман жерi бiткен iске қуанып, құтты болсын айтудың орнына мiндеттi түрде бiр жерiнен мiн тауып, соны айтып қалады. Тырнақ астынан кiр iздейтiн күншiлдiгiн көргенде мен қазақтықтан безiп кеткiм келедi. Бiрақ, безгенде қайда барам? Сосын, амал жоқ, қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеуге қайтадан кiрiсемiн.
Зұлымдықтың бәрi Еуропадан шығады!
— Бiрақ, сол қазақты халық етiп ұстап тұрған бiр жақсы жағы да бар шығар?
— Ым-м-м... Ол мынау дастарқаны болу керек. Кiм көрiнген ғашық қой дастарқанымызға! Ол туралы да «Өзгеге қиғанды өзiңе қимайтын не жының бар?» деген мақала жаздым. Тегiн нәрсеге кiм риза болмайды дейсiң. Қазақ сол қонақжайлылығымен-ақ танылып жүр ғой деймiн... Қазақ деген керемет талантты халық қой!
— Мiне, мiне, осы жағын таратыңқырап айтыңызшы.
— Қазақтың қаншалықты дарындылығын бүгiн бiздiң теледидарды орысша қалай игерiп алғандығымыздан-ақ байқауға болады. Орыс келгенге дейiн түзiмiзде түрме, үйiмiзде құлып болған жоқ. Осының себебi не? Сонда қазақтың телiсi мен тентегi, ұрысы мен қарысы болмап па? Әрине, болған. Соның бәрiн қазақ ақылмен, санамен тыйып отырған. «Дидактикалық реализм» деген бар, соны қолдану керек деген ұсыныс жасап жүрмiн, бiрақ бiздiң көп жiгiттердiң құлағы керең бе, ұсынысым әлi өтпей жатыр. Дидактикалық реализм дегенiңiз сол ақыл мен сана. Шалкиiз, Қазтуғаннан Бұқарға дейiн барлық жырауларды алыңызшы, олар хандарға қарап қалай сөйлеген?! Еуропа болса фольклорға екiншi сортты дүние деп мұрнын шүйiре қарайды.
— Ал, жыраулар институты өздерiнде болмаған!
— Фольклор қазақтың қызығы да, қазығы да, азығы да. Бар нәрi сонда. Сөз өнерi барынша қонған қазаққа. Ән салмайтын, өлең шығармайтын қазақ болмаған. Ол неден? Анау ауылдағы қызына кетiп бара жатқан ата-ана барғанда мен не айтамын деп айдалада армансыз шырқап даусын сынап алған. Осы секiлдi барлық мәселеде көшпелi өмiр қазақтың дарынын ашуға себепкер болып отырған. Еуропа болса көшпелiлерден үйренетiн ешнәрсе жоқ деп келдi күнi кешеге дейiн. Атасының басы! Сол өркениеттi деген елдерiңiз адамдықты да, азаматтықты да, адалдықты да, тазалықты да көшпелiлерден үйренiп алсын. Зұлымдықтың бәрi Еуропадан шығады. Өйткенi, олардың өмiрi — ақшаға байланған өмiр! — Табиғи дамыған, табиғаттың төлбаласы қазақтың өмiрiнде Толыбай сыншы секiлдi сыншы адамдар бар едi. Адамның сыншысы тұрмақ, аттың сыншысы Күреңбайлардың ел арасындағы беделi өте жоғары едi. Өйткенi, сыншылық та билiк, шешендiк секiлдi сирек қасиеттiң бiрi болатын. Кеңес өкiметi келген соң қоғамдағы сот деген мамандық сияқты әдебиетте «сыншы» деген мамандық пайда болды. Сыншылық қасиет қарапайым жай мамандықтың бiрiнiң қатарына түсiп қалды. Ал, дәл қазiр сын да жоқ, сыншы да жоқ, бос кеңiстiк қана тұр. Болашақта не болады? — Дұрыс байқағансың. Қазақ шын мәнiнде сыншыл халық. Мен Қазан төңкерiсiне дейiнгi қазақ әдебиетiнде сын болғанын дәлелдедiм. Оған сен сенбейсiң. — Неге сенбеймiн, сенемiн. Қазақта одан да зор не бiр ұлы құндылықтар болған, тек көз жазып қалған өзiмiз ғой. — Сенбейтiн адам көп әлi. «Поэзиядан басқа не болды қазақта» дейдi олар. Кейбiр академик ағаларымыз «Октябрь революциясына дейiн қазақ әдебиетiнде сынның болмауы заңдылық едi» деп те сөйледi. Дұрыс, қазiр тоқырап отырмыз. Неге? Кеше ғана бiзде әжептәуiр сыншылар болып едi ғой? Есмағанбет Ысмайылов, Мұхамеджан Қаратаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Бейсенбай Кенжебаев, одан кейiн шыққан Қалжан Нұрмаханов және тағы басқалар ерiккеннен сыншы болған жоқ. Әдебиеттi насихаттай бiлу керек екенiн түсiнгеннен кейiн солай еттi. Сыншы болу жақсы, оңай, жағымды дүние емес. Оған жүрегiнiң түгi бар адам ғана бара алады. Осында небiр жақсы ағаларымыз жазғанымызды оқыған соң сыбап кеткен жағдайлар кездескен. Соған төзе бiлу керек. Ал, ол әдебиеттiң тууына байланысты. «Жұмбақ жалау». Кейiн «Ботакөз» аталды. Бұл қазақтың тұңғыш әлеуметтiк романы. Немесе «Адасқандар». Ол да кейiн өзгерiп «Мөлдiр махаббат» аталды. Әлi күнге дейiн оқырманын өзiне баурап тартып алады. «Бұл роман емес» деген Бейсенбай Кенжебаевтың мақаласы бар. «Жоқ, бұл нағыз роман!» деген Есмағанбет Ысмайловтың жауап мақаласы бар. Ғабит Мүсiрепов 1945 жылы «қазақ романы «Жұмбақ жалаудан» басталады» десе, Мұхтар Әуезов «әдебиеттiң негiзгi саласы – роман жанрын дамытуда Сәбиттiң еңбегi орасан зор» деп үн қосады. Сәбит қандай адам болғанда да бiз бұл екi шығармаға қоса «Сұлушашты» сызып тастай алмаймыз. Бұлар қазақ романының қалыптасуына ықпал еткен дүниелер. Жалпы, әлемге жарқыратып көрсетуге болатын қазақ прозасының қалыптасуына келсек, бұнда атақты «Абай жолы» эпопеясын алдымен ауызға аламыз. Оның алғашқы екi кiтабы адам жұтып қойғысы келетiн шығарма. Соңғы екi кiтабында социалистiк реализмнiң салқыны күштi. Анау орыстың күнiн көре алмай көшiп келе жатқан мұжықтары қазақтың кедейiне көмекке ұмтылады. Мұның барлығы тарихи шындықтан алыс жатыр. Бiрақ, оны кiтапқа кiргiздiк... Сондай кемшiлiктерге қарамастан бiз қазақ прозасының негiзiн мықтап қаладық. Қазақ әдебиетiне еуропалық көзқараспен баға беретiн болсақ, барлық жанры дамыған, жетiлген әдебиет екенiн «Абай жолы» арқылы бүкiл дүние жүзiне таныттық. Бiз қазiр өтпелi кезеңде тұрмыз. Кеңес кезiнде жұмысшы, шаруа, батрақ, кедей бiздiң жағымды кейiпкерiмiзге айналды. Қайтсек соларды жеткiземiз деп күш салдық. Ал, қазiр кiмдi жеткiземiз деп күш саламыз? Мал тапқышты айтамыз ба? Жемқорды айтамыз ба? Қазiр әдебиетте үлгi тұтар кейiпкер жоқ. Кейiпкер қалыптасып бiткен жоқ. Сын да — сол өтiрiк айту сәнге айналған өмiр мен әдебиеттiң айнасы. Таңертеңнен кешке дейiн тек мақтауды естiген жағдайда қандай өркендеу болуы мүмкiн? Ол мадақ бiзге не бередi? Менде мынадай бiр жаман ой бар. Кеңес өкiметi бiздi жалдап алған екен. Шығармаңа аямай қаламақы беру арқылы. Содан барып бiз құлаш-құлаш өлең, том-том роман жазуға дағдыланып алғанбыз. Қазiр ақын-жазушылардың 10, 12, 15 томдықтарын шығаруы ақылға сыймайды. Абай марқұм 1 томдық қана дүние қалдырыпты... Көп жазып, яғни бос сөз жазып үйренiп қалған жазушыларымыз жаңа кезеңге икемделе алмай жүр. Марқұм Ғабиден Құлахметов «Үйiрi жоқ көкжал» деген романының 2-кiтабын да бiтiрiп кетiптi деп естiдiм. Бiрақ, жалмауыз көкжалдар бiзге жағымды кейiпкер бола алмайды. Бiзге халықты жақсылыққа бастайтын үлгi керек қой. — Үлгi болу үшiн де шыншыл реализммен суарылған дүние жазу керек қой. Жазушыларымыз болса «уақыт өтсiн, әзiр бұл дәуiр туралы жазуға ерте» дейдi. — Пендешiлiк бұның бәрi. Осы iстеп жүрген iсiм пендешiлiктен жоғары болсын десең, елге пайдам тисiн десең, сыншы болу қиындыққа түспейдi. Осы жағынан келгенде мен өзiмдi батырмын деп ойламаймын. Әкем алтын өндiрiсiнде шахтер болды. Жұмысшы ортада өстiм мен. Оның үстiне Сәкендi зерттеп жүрмiн. Сәкенде қылдай өтiрiк жоқ! «Тар жол, тайғақ кешудi» көп адамның көзi тiрi кезiнде жазды ғой ол. Сол адамдар неге сенiң мына жерiң өтiрiк деп айта алмады? Менiң 1956 жылғы көрген теперiшiм өз алдына. Сол жылдары кандидаттық диссертациямды дайындап жүргенде «Мұхтар Әуезовтiң 20-жылдардағы әңгiмелерi шыншылдық реализм негiзiнде жазылған, сол реализм социалистiк реализмге ұласқан» деген сөзiме Сәбит Мұқанов қарсы шықты. «Сен кешегi ұлтшыл болған, байшыл болған адамды социалистiк реализмге қалай сүйреп әкелгенсiң?» дедi. Достарым, құрдастарым Серiк Қирабаев, Зейнолла Қабдоловтар «шыншыл реализм капитализмге тән нәрсе» дедi. «Сен неге Мұхтар Әуезовке қырын қарайсың?» дедi. Мен «барлық игiлiк Европадан тараған» дейтiн евроцентризмге 60-жылдары қарсы шыққанмын. Зоя Кедринаның «Из живого источника» деген кiтабын сынағаным үшiн Мұхамеджан Қаратаев «Простордың», Жекен Жұмаханов «Социалистiк Қазақстанның» бетiнде менi «бiзге жақсылық жасап жатқан адамды неге сынайсың?» деп жерден алып, жерге салған. Әдебиет институтынан қуылып, университетке келгенмiн. Тыйылатын болсам, сол кезде тыйылар едiм ғой. Шындықты көрiп тұрып айтпасаң кiм болғаның?..
Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ,
«ЕВРАЗИЯ-KZ»
28.12.2007