ТЕРЕҢ ТАМЫРЛАР: ҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТ
2017 ж. 01 қараша
3413
2
Бүгінгі таңда жер бетінде екі жүздей мемлекет бар екен. Осылардың арасында әлемдік өркениет кеңістігіне құлаш ұрған Қазақ елінің де көк байрағы желбірейді! Сонау ұлы көшке қосылғанымызға ширек ғасырдан сәл асты. Бұл уақыт аз ба, көп пе...
Ойлап көрсек, тарих үшін жүз жылдың өзі аса ұзақ мерзім саналмаса керек. Жас мемлекеттің әр саладағы кем-кетігі біртіндеп түгенделіп келеді. Ендігі басты міндет – ғасырлар бойы аңсап жеткен ел дербестігін баянды ету екені анық. Себебі, қалай дегенмен, шапса тұлпар тұяғы тозатын, ұшса қыран қанаты талатын ұлан-ғайыр даламызға алыс жұртты былай қойып, жақын көршілеріміздің өзі көз сұғу дағдысын қоя алмайтыны түсінікті. Өйткені бұл да өмір заңдылығы. Өзара бақталастық, бәсекелестік деген табиғи құбылыс.
Дүбірлі заманалар тоғысында сәт сайын ауа жая түсетін «жаһандану» деп аталатын үдеріс те елдік келбетке орасан ықпал етпекші. Жер-жерде соғыс ошақтары көбейді. АҚШ секілді гиперимпериялардың дүние жүзіндегі демократияны реттеу желеуімен қиырда жатқан өзге елдерге озбырлық көрсетуі етек алды. Қазір Таяу Шығыс та жарылған бомба гүрсілі шалғай қыстақта отырған малшы қазақты да тіксінтеді. Геосаяси, геоидеологиялық тартыстар шалғай мемлекеттерді былай қойып, кеше ғана бір «шапаннан» шыққан ТМД республикалары арасында да ширығып тұр.
Нарықтың қатал заңдары өзіміздің кеңқолтық ағайынның да өмір салтын күрт өзге арнаға бұрды. Аз ғана аралықта ауыл тұрғындарының табиғаты танымастай өзгерді. Адамгершілік қасиеттер кейін ысырылып, ілгері кезекке ақша мен дүние-мүлік шықты. Бір кезең руханиятқа, ғылым-білім, әдебиет, мәдениет, өнер салаларына лайықты мән берілмеген кезеңдерді де өткердік. Іргелі мемлекеттермен үзеңгі қағыстыратындай елге аса қажетті өзге де бірқатар құнды жәйттер тасада қалған сәттер кездесті. Жаңаша дәуірдің осындай күрделі тәртібі көптеген келеңсіздікке жол ашқаны жасырын емес...
Мұның себептері, бір есептен, өте түсінікті де. Қоғамдық формациялар ауысу сәтіндегі өтпелі кезең ауыртпалығы айтуға ғана оңай шығар. Сонау ұзақ жылғы тоталитарлық жүйеде қалыптасқан сананы өзгерту оңайға соқпас.
Мұны әуелде Елбасының өзі де ескерткен-ді. Алда көптеген қиындықтар тұрғанын, белгілі кезең аралығында небір ауыртпалықтарды бірлесе еңсеруге тура келетінін ашық айтқан-ды. Ең алдымен тығырықтан шығып, еңсе көтеру қажет еді. Экономиканы құру қажет еді. Ел дәулетін еселеу қажет еді. Инвестиция тарту керек-тін... Жеңіл іс емес-ті...
Алайда уақыт күтіп тұрмайды – бұл мерзім аралығында озық елдер қатарына тартылып, халықтың әл-ауқатын түзеп, рухани жағынан да биік талаптар үдесінен шығу міндеті бір сәт те күн тәртібінен түспегені даусыз.
Әйткенмен, бәрібір, әлгіндей «ескі қоржынмен» дүние жүзіндегі айдарынан жел ескен елдермен иық теңестіре алмайсың. Ендеше үлкен кеңістікке қандай дайындықпен шықпақшымыз? Ол жолдағы бет-бейне, салт-сана, мінез-құлық, қадір-қасиет, дүниетаным, ілім-біліміміз, өнеріміз бен әдебиетіміз, мәдениетіміз... қандай болмақшы?
Міне, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дәл осы сұрақтардың ұтқыр жауабын берді. Және бұл ойлардың тура дер шағында айтылғаны қуантады.
Қарап отырсаң, бұл бағытта көп бас қатырудың да қажеті жоқ сияқты. Президенттің аталмыш мақаласын оқи отырып, жауапты кезеңдегі адастырмас Темірқазық – ұлттық салт-санаға бет бұру қажеттігін түйсінесің. Онда да жаңа заман талаптарын эмпиризмдік көзқарас арқылы, оның ішінде өз ата-бабаларымыздың даналығының көмегімен безбендесек жаңсақ баспайтынымыз сөзсіз. Абайдың «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиеті, әсіресе, қоғам мен жеке бастың, адам ара-қатынасы аспектілерінің маңызды екені айқындалған жаңаша кезеңде тіптен орынды екені байқалады. Ал ұлттық тамырымыздан алшақтай берген жағдайда түптің түбінде мүлде адасып, тарих сахнасынан мүлде жоғалған елдердің кебін киер ме едік...
Елбасы халықтың ұлттық кодты табуын үндеді. Ал бұл – ежелгі түп-тамырға, бастапқы негізге қайта оралу деген сөз.
Иә, «код» деген, айналып келгенде, біздің баяғы ата мұрамыз, мәдени қазынамыз. Ертеректе осы төңіректе недәуір шаруа атқарылғаны да есімізде. Дегенмен, бірталай іс әлі атқарылған жоқ. Елбасы бұл саладағы жұмысты да қаққан қазықтай нақты көрсетіп берді. Аталған мақала сол тұрғыдан алғанда да өте құнды.
Бұл орайда «өзіңді тану» деген философиялық қағида ойға оралады. Өзіңді танымай тұрып, өзгені білу мүмкін емес. Бұдан да шығатын қорытынды – ең алдымен жеке қасиетіңді таны, өзіңді құрметте; сонда ғана көршіңнің қадіріне жете бастайсың.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да автордың жас ұрпақ өзін толғандырған жәйттердің шешімін ұдайы тарих тереңінен, дана халқының жүрегінен іздеп табуға әдеттенсе деген ниетін аңдайсыз. Халқын, отандастарын, ұлтын шексіз сүйген жастар анау Абай заманынан бергі қазақ болмысы өзгерді ме, ілгерілеу бар ма деген бағыттағы сауалдар төңірегінде толғанса деп үміттенеді. Сөйтіп, дәуірдің өскелең қағидаларына түсінбей, кежегесі кейін тартып, тек өз құлқынын күйттеген тоғышар ағайынға үлгі көрсетуін діттейді.
Әлбетте, мұндай қастерлі мұраттарды көздегенде тек кешегі күннің құндылықтарына малдана берсек жаңсақтық болар еді. Өнерде, Әдебиетте, тіпті, өндірісте, жалпы өмірдің қай саласында болсын, өз қазанымызда өзіміз сақылдап қайнай бермей, бір мезгіл әлемнің озық технологиясымен тәжірибе алмасып отырмасақ тоқырауға түсіп, кейін кетеріміз сөзсіз. Елбасының аталған тағылымды тұжырымдамасында білім мен ғылымға айрықша ден қоюы, бұған қоса әдеби шығармаларды Біріккен Ұлттар Құрамына кіретін елдер тіліне аудару ісіне көңіл бөлуі бекер емес. Мемлекет басшысы, әсіресе, мектеп мәселесіне баса тоқталады. Оқулықтарды қалпына келтіру ісіне ерекше мән береді.
Сондай-ақ Елбасы ұрпақ болашағы үшін ұлттық сәйкестікті сақтау қажеттігін діттейді. Себебі, өзіндік бет-бейне, кескін-келбеті жоқ елді қалай бағалауға болады? Және мұндай жұрт қалайша «қайта түлеуі» мүмкін...
Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған мақалада тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту бағытындағы жеке-жеке бөлімдерді атап көрсетті. Олар, негізінен, алтау: 1. Бәсекеге қабілеттілік. 2. Прагматизм. 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау. 4. Білімнің салтанат құруы. 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. 6. Сананың ашықтығы...
Жалпы, қай формацияда болсын, адамды да, қоғамды да алға жылжытып, нақты бір белестерге бастайтын бәсекелестік екені мәлім. Иә, әріптесіңмен жақсы ниетте өзара тартысқа түсуде бүкіл қасиетің, тәжірибең, іскерлік машығың осындайда ашыла түсетіні анық. Елбасы да мұны мейлінше ауқымды мағынада түсіндіреді: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады».
Ендеше, жиырма алты жыл ішінде төрткүл дүниеге ең жас, әрі ең жасампаз мемлекет ретінде кең танылып үлгерген еліміздің қай жағынан да бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды қырымыз екен. Әсіресе, осы жолдарды оқи отырып, ел мен жердің ертеңгі иелері – бүгінгі жас ұрпақ осыны ерте бастан түйсінсе, кез келген салада жан-жақты болуға ұмтылса деген ой туындайды.
Президент аталған мақалада «прагматизм» түсінігінің мән-мағынасын ашып көрсетті. «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» деп, нақты өмір шындығына сарабдал санамен қарап, іс тетігін дөп басып, әр әрекет салмағын дәл өлшеуді, ұсынақтылықты тапсырады. Абай айтқандай, «сабырсыз, арсыз еріншек, көрсеқызар жалмауыз, ...алты бақан алауыз, өзін-өзі күндейді, жақынын жалған міндейді» деген бос тоғышарлық пен дарақылықты, өзге де көптеген сұрқия әдеттен неғұрлым алыс жүруді қалайды. Осылайша, көзді қияларға тігіп, құлашты алысқа сермегенде, өзіңнің әрбір мүмкіндігіңді тура межелеуге, көрпеңе қарай көсілуге үндейді. Сонымен бірге бұл бөлімде, жоғарыда айтылғандай, бойға ұлттың ең жақсы қасиеттерін мол сіңіру сөз болады. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім», – деп Шәкерім қажы айтқандайын, отандастарының көкірек көзі ояу болуын тілейді.
Сана жаңғыруы ісі елдің телегей-теңіз ұлттық-рухани тамырынан бастау алмаса бәрі бекер – бағыттан адасасыз. Сонымен бірге әрекетіңіз тарлан тарих пен ұшқыр уақыттың бүгінгі жаңашыл үрдістерімен сәтті үйлеспесе тағы болмайды екен. Елбасы мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау тармағы, міне, осы қағиданы жандандырады. Президент: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп нақты екі ережені басшылыққа алуды нұсқайды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының ел Тәуелсіздігі жарияланғалы бері білім мәселесіне айрықша көңіл бөліп келе жатқаны мәлім. Соның айғағындай, Қазақ елінің қос астанасы мен өзге де облыс орталықтарында қыруар жұмыс атқарылғанын білеміз. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылып, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасқаны аян. Президент аталған тұжымдамалық материалында да осы салаға және ден қояды: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дей келіп, елдегі білім мен ғылымға, тәрбие саласына басым салмақ береді. Біздіңше, Елбасының әуел баста айтқан «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі» деген сөзі әрбір қазақстандықтың жадында жүретін сөз деп санаймыз. Өйткені, расында да, білім-ғылымның алапат жаһандық бәсеке бәйгесінде басты қару екені айқын.
Кез келген бәсекеге қабілетті, кемел елдікке жету – Мемлекет басшысының асыл арманы. Сондықтан да айдарынан жел ескен кез келген елдің алдында «міне, бұл менмін!» дейтіндей жарқын ұлттық кескін-келбетін сақтаған, терең білімді ұрпақ тәрбиелеп шығаруға ұмтылады.
Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласының «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» бағдарында: «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс» дейді.
Мұндайда кейбір ағайынның дәйексіз бос сөзге әуестігі еске түседі. Елбасы сөзі мұңы басым халқымыз бастан өткерген тарих сабақтарын терең сана сүзгісінен өтізуге үндейді. Ендеше лепіру мен көпіруді доғарыңқырап, етек жинамақ ләзім. Сонымен қатар дүбірлі дүниеде болып жатқан жағдайларды да ой елегінен өткізіп, қорытынды жасай білуіміз қажет екен.
Президент мақаласының «Сананың ашықтығы» тармағында да толғақты ойларын соқыр санаға сәуле құйғандай айқын кестелейді. Ал өз буына өзі пісіп, бүкіл дүниеге тоғышар көзбен қарап, жаңалық атаулыға мұрын шүйіруге әуестік нағыз надандықтың басы. Ал қазақтың кең байтақ даласына көз алартып, ыңғайлы сәт туса-ақ бас салуға даяр отырған сыртқы алпауыт күштердің тілегені де осы – халқы біртіндеп қараңғылана берсе, құрсауыңа күні ертең өздері-ақ келіп түседі. Бұдан соң сауатсыз, надан елді құл қылу да, күң қылу да оп-оңай...
Өз-өзіңе сын көзбен қарап, саясатта, экономикада, әдебиетте, мәдениетте, ғылым мен білімде, техника мен спортта межені биік қойып өз-өзіңді қамшыламасаң, құр тоқмейілсу ұшпаққа шығармайды. Бірақ алдымен шыңғырған шындықтың бетіне тура қарап, өзіңнің кем-кетігіңді бүтіндесең жаңылыспайсың. Жақсылық ешқайда қашпайды. Елбасы айтқандай: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі».
Ащы да болса тағы бір ақиқат – «бақа батпағын мақтайды» дегендей, өз-өзімізді дәріптейміз деп әлемдік өркениеттен тұйықталудың да өз шегі бар. Жаһандану деген «жалмауызға» жұтылып кетпейік деп жанталасу да дұрыс шығар. Дегенмен, бұған да бірден-бір тосқауыл болатын білімді, алғыр ұрпақ екені және айқын...
Сайып келгенде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы елді біртұтас ұлт ретінде ұйысып, әлемдегі шоқтығы асқақ елдермен тең дәрежеде көрінуге бастайтын аса құнды құжат. Алып теңіздегі ақ кемесін алыс мұхиттарға салған Қазақ елі күндердің күнінде сол межеден де көрінетіндігі де даусыз.
Жанна БАЙТЕЛЕСОВА,
доцент, филология ғылымының кандидаты
qazaquni.kz