Ж. Аязбеков: Біз латын әліпбиіне көшуде «Бір әріп – бір таңба» қағидатын ұстануымыз керек
2017 ж. 27 қыркүйек
3708
18
Жаңа латынша жазу қазіргі заманауи технологиялық ортаға, коммуникацияға, сондай-ақ, ғылыми және білім беру үдерісіне тиімді екенін жаппай дәлелдеп, түбі қазақ тілі ұтатынына көз жетіп отыр. Ал енді осы жаңа қаріпті ең көп пайдаланатын біздер – журналистер. Ендеше барлық ыстығы мен суығын бастан кешетін, әліпбидің ұлтқа қызметіндегі тағдыр-талайында жауапкершіліктің нар жүгін де алдағылардың бірі болып біз арқалаймыз. Ендеше, ел болып Елбасы бастамасын қызу қолдап отырған тарихи кезеңдегі қоғамға керегі - сарабдал сабыр. Президентіміз қайта-қайта ескертіп отырғандай асықпай, жан-жақты талқылап, саралап барып, түпкілікті шешім қабылдау лазым.
Осы жерде жаңа әліпби қабылданбай жатып-ақ, жекелеген БАҚ латынша жазуды бастап кеп жіберді. Мысалы, республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы. Өз аты мен кейбір жобаларын латынша таңбалауда. Ал алдағы уақытта сол таңбалардың мән-мағынасы өзгеріске ұшыраса, жаңа емле - ережеге сай болмаса сонда қалай болғаны? Сол сияқты кейбіреулер маңдайшалар, бильбордтар латынша бой көрсетіп жатыр. Әліпбиі, ережелері қабылданбаған мұндай асығыстық көрерменді, оқырманды адастыру болып шықпай ма? Түркия, Өзбекстан және Әзірбайжанда дәл осындай ойсыз әрекеттің салдарынан шатасуға, адасуға, бас қатыруға ұшырап, әлі күнге дейін соның салдарынан айыға алмағанын көзімен көріп, өз аузынан естігендермен жүздестік. Сондықтан латынша жазудың мән-жайын ғылыми ұйғарым жасалмай жатып, асығыс аттандауға үн қоспайық.
Алдымен әріптестеріме, кісіге кеңес бермес бұрын өзіміз тереңінен зерттеп, анық-танығына көз жеткізіп алайық дегім келеді.
Қазір қоғамдағы пікірлер әр алуан, сан қилы көзқарас айтылуда. Бәріне де төзімділік танытып, дұрыс қабылдауымыз керек. Осы орайда солтүстік өңірде орыс тілділер басым ортада тұтастай алғанда қазақ тілінің латын жазуына көшуін түсіністікпен қабылдағаны қуантты. Талай орыс және орыс тілді тұрғындармен жүзбе - жүз тілдестім. Мәселенің терең маңызды, ұлттық оң жаңғыру екенін атап көрсетті. Айталық, облыстық архивтың басшысы В.Вишниченко, «Тэрра» шаруа қожалығының жетекшісі В.Семейкин, әріптесім «Қостанайские новости» газетінің Бас редакторы С.Харченко ағынан жарыла шынайы қолдайтындығын дерек-дәйекпен айтқанда сүйсінесің. Бірге өмір сүріп отырған түрлі замандастардың осындайдағы ішкі бірлігіне тәнті боласың. Әйтсе де тек тыз етпе эмоциядан ғана тұратын, астарында қисынды ой жоқ, жұрттың бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін пікірсымақтарды әлеуметтік желіні айтпағанда, үш-төрт кісі бас қосқан де жылт ете қалады. Мұндайда байсалы жауабың болуы керек. Өйткені, көбі журналист ағайындардың аузын аңдитыны анық.
Сұрақ, сауал көп. Басқаны қайдам маған «Қазақ үні» газетінің биылғы 14 қыркүйектегі нөміріндегі Қазыбек ИСАНЫҢ «Қазақ әліпбиі қазақ үшін жаңару керек» деген дәйекті де дәлелді мақаласына қалың жұрттың назары ауса деймін. Себебі автордың жаңа жазуды қызу қолдай отырып, ұсынылған жобаны талдап,кемшілігін көрсеткен, өз ұсынысын көлденең тартады. Ең бастысы - «Бір дыбыс екі таңбаға» жол жоқ!-деген ұйғарымы, түйін сөзі қолдауға әбден лайық!
Бұл жерде айтайын дегеніміз, төл тілімізді латынша жазу біреулер айтып жүргендей бірден бола қоятын үдеріс емес. Оған тарих куә. Біздер БАҚта мұндай ұрандауға жел бермей жанашырлық танытсақ ұтамыз. Өйткені, айтылып жатқан ұсыныстардың қисындары да жеткілікті. Айталық, Е.Тлешовтың қазақ әліпбиін латыншаға ауыстыру нұсқасындағы диграфтық тәсіл компьютерде ыңғайлы, ауызша қолдануда ыңғайсыз дегенге, жаңа жобада акустикалық-артикуляциялық ерекшелік, үндестік заңы ескерілуіне, Елбасы айтқан компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігі, ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріпті нақтылау қажеттігіне аса зейін салынуына пейілді болуымыз шарт. Осы орайда әріптестерім Қазыбек Исаның да, М. Тоқашбаевтың екі таңбадан бір дыбыс жасау қазақ тілінің табиғатына жат, қысқа сөздердің өзі бұл тәсілден ұзарып кететіні, «бір әріп – бір таңба» қағидатын ұстанған дұрыс деуіне ғалымдар тереңірек ден қойса деймін. Осы секілді құнды пікірлерді қалың жұртқа ұсына отырып, біз неғұрлым парасатты түпкілікті шешім қабылдануына сеп бола білсек нұр үстіне нұр. Сайып келгенде, ұлт тағдырына, төл тілімізге тікелей қатысты бұл мәселеге өзгелерден де жіті қарап, шынайы жанашыр, үлгілі қызмет көрсетсек дейміз.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ, «Қостанай таңы» газетінің директор-Бас редакторы Қазақ үні