Қуаныш Айтахановтың қос кітабы жарық көрді
2017 ж. 22 қыркүйек
2315
0
Белгілі қоғам қайраткері, Қуаныш Айтахановтың таяуда екі бірдей кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Сергек азаматтың бұл құнды дүниелерін парақтап отырғанда ел дамуындағы елеулі кезеңдерге қанық болдық. Бірінші кітап, «Өмір белестері» деп аталады. Ғұмырнамалық сұхбатты жүргізген журналист, филология ғылымдарының кандидаты Орынбек Жолдыбай екенін еске сала кетелік.
Жинақтың өн бойында Қуаныш Айтахановтың бүкіл өмір жолы көрініс тауыпты. Мәскеуде өткен жастық шағы, ауылды көркейтуге қосқан үлесі, Қазығұрт өңіріндегі елеулі еңбегі, ұлт арысы Д.Қонаевпен дидарласуы, алған сабағы, Шардарада шымыр болып шыңдалуы, идеология майданындағы еңбектері, халық қалаулысы болып атқарған қызметтері – бәрі де әдемі баяндалады. Ел тарихына үңіліп, жер жағдайын терең білуге талпынысы, алдыңғы толқынды ардақтап, кейінгі буынға жасаған қамқорлығы мен ілтипаты кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Қазақтың арыс ұлдары туралы толғамы да көп жайдан хабардар етеді.
«Отан – отбасынан басталады» деген қағида бар. Осы қағидаға қатысты ой өрбіткенде Қуаныш Айтаханұлы текті әулеттен шыққанына көзің жетіп қана қоймайды, өзі сол үлгіні жалғап, ұл-қызына озық дәстүрді жеткізумен қатар, бойларына дарытып, ойларына қондыруға баса көңіл бөлгенін көресің. Соның нәтижесі шығар, үлгілі ұл-қыздың өсіп-өніп отырғаны. Кітаптағы суреттерден де алар тағылым аз емес. Әсіресе кейбір ардақты бейнелерді көргенде, келісті де кемел тарихи тұлғалармен қайта қауышқандай боласың.
Екінші кітап «Қызмет еттім халқыма» деп аталады. Мұнда әр кезде жазған мақалалары, журналистермен болған сұхбаттары, сөйлеген сөздері топтастырылыпты. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясына қатысты топтамаларында азат елдің өткені мен бүгіні, кемел келешегі сөз болады. Сол секілді Отанымыздың бүкіл тыныс-тіршілігі, әсіресе, алтын бесігіміз ауыл туралы байламдарындағы көтерілген мәселелер қашанда көп көңілінен шыққанын осы арада айтуға тиістіміз. Мұнымен қатар, қазақтың біртуар ұлдары туралы жазған толғамдары да әдемі оқылады. Әсіресе, нарқы бөлек Нәзір Төреқұлов, арамыздан мәңгілікке аттанғанмен, артына өшпес өнеге қалдырған, қара сөздің қас шебері, дара сөздің данагөйі Әбіш Кекілбайұлы туралы, өзге де жазбалары мазмұнға бай, берер тағылымы мол.
Ал кезінде сергек сенатор ретінде ел қамына қатысты сұхбаттарындағы дереккөздері оның ой-биігін танытумен қатар, ғылым әлемінен де хабары аз еместігін дәйектейді. Әсіресе, Сенаттың отырыстарында сөйлеген сөздеріне үңіле қарасаң, ауылдың тыныс-тіршілігін терең айта келіп, жерді жалға беру ісіндегі түйткілдерге тереңдеп барады. Ішкі миграция, экономиканы әртараптандыру, пошта байланысын жетілдіру, мал жайылымы, қосалқы шаруашылық туралы ойлары елдік істі жетілдіруге, ілгері бастыруға арналған. Рухани салаға келгенде білім мен ғылымды дамыту жайын қозғап, қазақ тілінің тағдырына тереңдейді.
Кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Н.Жәрімбетова мен Қ.Тоқсанбай көтерген тіл мен оқулыққа қатысты мәселені Үкіметтің назарына салған еді. Содан бір мысал келтірер болсақ, Қостанай облысының Қарабалық ауданында 35 мектеп болса, соның үшеуі ғана қазақ тілді екенін. Онда 224 оқушы оқитынын, жалпы қазақ балаларының 80 пайызы орыс тілді білім ұясында жүргенін, бұл қалай деген сұрақты көлденең тартады.
Ал іргелес жатқан Ресей елінің Таулы Алтай Республикасындағы қазақ тілді жұрттың ұрпағына қатысты пікір білдіріп, 10 мың қазақтың тағдырына алаңдайды. Онда қазақ мектебі болғанмен, оқулықтың жетпейтінін, біздің елден барған кітаптарды сараптамадан өтпейінше, қолданысқа енгізбейтінін жеткізіп, көрші ел заңында мектептерде оқытылатын пәндердің оқулықтары жоқ болса, пән жабылып қалатынын айтып, осы мәселені Үкімет деңгейінде шешу қажеттігін еске салады. Осы арада мына бір жайды да айта кетсек дейміз. Кезінде қымыз бен шұбат туралы бас басылымда мәселе көтергенімізде халық қалаулыларының ішінен алғашқылардың бірі болып, Қуаныш Айтаханұлы арнайы мақала жазып, бұл ұлт бренді болуы керек дегені есте.
Бір сөзбен айтқанда, айтары бар азаматтың екі кітабынан үйренер үлгі, алар тағылым аз емес.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»