Қос газеттің тарихы рухани жаңғыруға бастау болуда
2017 ж. 18 қыркүйек
2411
0
«Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына байланысты «Ғасырлық ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ақын Ақұштап Бақтыгереева және БАҚ саласының ардагерлері қатысты. Конференцияға облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті. Атаулы шарада қос газеттің тарихынан сыр шертетін шағын фильм көрсетілді.
– Конференция мақсаты – облыстық газеттердің қанат жаюына үлес қосқан арыстардың еңбегін насихаттау, болашақта республикалық деңгейде баспасөз тарихын зерттеуді жүйелі ұйымдастыру. Облыстық газеттердің ғасырлық мерейтойы Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келуі тегін емес. Атап өтерлігі, облыстық газет 1931-57 жылдары «Екпінді Қазақстан» латын қарпінде жарық көрді. Қазіргі уақытта қызу талқыланып жатқан латын әліпбиі ұлтымызға таңсық емес, шын мәнінде, өткеннің оралуы, өшкеннің жануы, яғни, рухани жаңғыру. Биыл «Қызыл ту» газетіндегі мақалалар жеке кітап болып дайындалды. Оған қоса, газеттердің 100 жылдық тігіндісі жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Бұл – Елбасы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» жобасына сәйкес келеді, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Кейін ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Руслан Алишев сөз алып, Елбасы тапсырмасымен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мақсатында қолға алынатын жаңа жобалар жөнінде баяндады.
Конференцияда «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Баспасөз тарихы» (http://www.1911.kz/) сайтын таныстырды.
Конференцияда «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай қос газет тарихы рухани жаңғыру бастау болуда екенін айтты.
– Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында Ақжайық өңірінде ұжымы елеулі еңбек жасалды. «Егемен Қазақстан» газетінің өзі «Ұран» баспахасынан бастау алатынын көбі біле бермейді. Өңірлік басылымдар тарихы жазылған жинақтарда ел мүддесіне қатысты жайттар, ең бастысы, «рухани жете» ұғымы кеңінен көрініс тапқан, – деді жазушы-ғалым.
Газеттерідің жүз жылдығына арналған мерейтойлық шаралар түстен кейін облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Көрмеге облыстық қос басылымның жүз жыл бойы жарық көрген барлық сандары жинақталған тігінділер, қилы тағдырдың табы қалған фотоаппараттар, баспасөз ардагерлерінің қолжазбалары сияқты жүздеген жәдігер қойылған.
Бес жыл бұрын «Жайық Пресс» медиахолдингінің жанынан ашылған облыстағы тарихшылар мен тілшілерден құралған бастамашыл топтың еңбегінің арқасында 1917-2017 жылдар аралығындағы басылым беттері түгел жинақталды. Олар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Уфа, Алматы мен Оралдағы мұрағаттардан табылған. Түрлі мұрағаттардан жиналған газет сандарының көшірмелері баспадан қайта шығарылып, түптелді.
– Екі әліпбимен қосарланып шыққан газеттер де бар. Мәселен, мақаланың тақырыбы латын, ал мәтіні араб қарпімен басылған. Сөйтіп халықты бірте-бірте үйреткен. Отызыншы жылдары он жылдай уақыт латын әліпбиімен шығып тұрған. Сол кезде халыққа қиын болды ма, оны білмейміз. Бірақ қазіргі оқу барысында бізге қиын емес, өте оңай оқылады. Айтпағым, қазіргі қоғам үшін латын әліпбиіне көшу жаңалық емес. Бұрынғы тәжірибені зерттеу керек, қандай кемшілігі, нендей жетістігі болды, соны қорытып барып, жалғастырып алып кетуге болады деп ойлаймын, – дейді баспасөз тарихын зерттеу орталығының бас маманы, журналист Қазыбек Құттымұратұлы.
qazaquni.kz