ОҢДАСЫНОВ ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ
2017 ж. 09 қыркүйек
3294
0
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарих беттерін қайтадан парақтап, оны халқымыздың басынан өткен айшықты оқиғаларды тарихи тұлғалардың аттарымен толықтыру жөніндегі нұсқауын орындау мақсатында Ақтау қаласындағы №5 мектепке көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың есімі берілді. Сондай-ақ, Білім күні мектепте өткен салтанатты шара барысында Нұртас Дәндібайұлына орнатылған бюсттің ашылу рәсімі өтті.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және 90 жастағы Еңбек ардагері, кезінде Оңдасыновпен бірге қатар қызмет атқарған Нұрмағамбет Әжметов ескерткіштің лентасын қиды.
Жиынға қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, сот жүйесінің ардагері Бекет Тұрғараев, ардагер-мұнайшы Мейрам Сапа, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, танымал публицист Ғани Қарин, мүсінші профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ескен Сергебаев, «Достар» ЖШС-ның директоры Тимур Әбдікәрімов, белгілі жазушы-журналист Гүлсім Оразалықызы, Ақтау қаласындағы №5 мектептің директоры Асқар Досовтар қатысып, оқушыларды білім күнімен құттықтап, мектеп атын иеленіп отырған біртуар азамат Нұртас Оңдасыновтың ел үшін еткен еселі еңбегін тілге тиек етті.
Осынау игі істің жүзеге асуына көзі тірісінде Оңдасыновтың шәкірті, мемлекет қайраткері Закаш Камалидиневтың зор үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші Ғани Қарин, Бекет Тұрғараев, Мейрам Сапа сынды ел азаматтары Нұртас Оңдасынов есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін жүйелі жұмыс жүргізуге бел шеше кіріскен. Әрі қаржылық тұрғыдан қолдау көрсеткен де өздері. Мұндай қадамға баруының сырын Ғани Қарин ағамыз былайша түсіндіреді:
«Мен бұрындары да Нұртас Оңдасыновты тек жақсы қырынан білуші едім. Кейін Гүлсім Оразалықызының ол кісі туралы жазған кітаптарын оқи келе Нұртас Дәндібайұлының Маңғыстау өңірі үшін жасаған еңбектерімен етене таныстым. 1961 жылы Жетібай алаңынан тұңғыш мұнай қоры табылғанда түркімендер де, әзірбайжандар да, «қазақтар мұнайды өндіре алмайды» деген сыңаржақ пікірді алға тартып, көз тіккен-ді. Қазақтың орасан зор байлығы «тістегеннің аузында» кетпей, өзіне бұйыруы да мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың және Қазақстанның ғылым және мемлекет қайраткері, Геология министрі болған Шахмардан Есеновтей атпал азаматтарымыздың арқасы деп білемін. Бұл тарихи шындық. Мұны маңғыстаулықтар жақсы біледі. Біздің туған елімізге осыншама еңбек сіңірген тұғырлы тұлғаны қалай ғана ұмыт қалдыруға болады?! Содан барып, маңғыстаулық ардагерлер ұйымы бас көтеріп, аймақ басшылығына Нұртас Оңдасыновқа бір мектептің атын беру жөнінде арнайы хат жаздық. Бұл ұсынысымыз Үкімет тарапынан қолдау тауып, қаладағы №5 мектепке Нұртас Оңдасыновтың аты берілді», – дейді.
Ал, нұртастанушы, журналист Гүлсім Оразалықызы: «1938-51 жылдар аралығында, яғни, қиын-қыстау кезеңде ел басқарған Нұртас Оңдасыновқа халқы қандай құрмет көрсетсе де жарасады деп ойлаймын. Менің 20 жыл бойы атқара алмай келе жатқан ісімді Маңғыстаудың марғасқа азаматтары қолға алып, аз уақыттың ішінде-ақ жүзеге асырды. Мен бұл кісілерге шын жүректен өз ризашылығымды білдіремін. Бюстін жасаған мүсінші профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ескен Сергебаевқа да алғысымыз шексіз. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әрине, ол кісінің еңбегі тек бір ғана облыспен шектеліп қалмаған. Еліміздің әрбір өңіріндегі өндіріс орындарының, мәдениет, өнер, білім, ғылым салаларының жандануына ықпал еткен бірден-бір басшы. Оның қолтаңбасы еліміздің әрбір аймағында сайрап тұр. Сондықтан да, Нұртас Оңдасыновтың есімі республикамыздың әрбір өңіріндегі мектепке, көшелерге берілуге тиісті», – деп түйіндеді сөзін.
Иә, рухани тұрғыдан жаңғырып жатқан егеменді еліміз, еңселі ерлерінің есімін ел есінде сақтау жолында көпке үлгі боларлық тындырымды тірліктер атқарып отыр. Ендеше, бұл үрдіс өз жалғасын таба берсін деп тілейік.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz
- Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
- Гүлсім Оразалықызы
- танымал публицист Ғани Қарин
- мүсінші профессор
- ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ескен Сергебаев
- «Достар» ЖШС-ның директоры Тимур Әбдікәрімов
- заң ғылымдарының докторы
- белгілі жазушы-журналист Гүлсім Оразалықызы
- Нұртас Оңдасынов
- сот жүйесінің ардагері Бекет Тұрғараев
- Ақтау қаласындағы №5 мектептің директоры Асқар Досов
- ардагер-мұнайшы Мейрам Сапа
- Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
- профессор