Бибігүл Төлегенова Рымбаева мен Жүнісованы әнші деп санамайтынын айтты
2017 ж. 08 қыркүйек
34455
104
Бұлбұл дауысты әнші Бибігүл Төлегенова бүгінгі эстрада жұлдыздарын әнші деп есептемейтінін мәлімдеді. Халықаралық “Түркістан” газетіне берген сұхбатында Бибігүл Ахметқызы қазіргі қазақ жұлдыздарынан Димашты ғана мойындайтынын айтты. Сондай-ақ, өзінің ізінен ерген Мақпал Жүнісова мен Роза Рымбаева эстрада жолына түсіп кетті деп қынжылды.
“Мен эстрада әншілерін тіпті әнші деп санамаймын (Осылай деп Бибігүл Ахметқызы шыдамсыздана қолын бір сілтеді). Осылай дегенім үшін олар маған ренжиді. «Неге солай дейсіз?» деп. Мен оларға: «Сіздер әнші емессіздер, орындаушысыздар. Сіздің орындағаныңызды кім болса да орындайды. Тойда аста-төк тамақ ішіп, қарны тойып отырған адамға бойындағы асын қорыту үшін даңғыр-дұңғыр музыка қоясыңдар» деймін.
Эстрада әншісі деп Димашты айтсақ болады. Міне, нағыз әнші! Қандай әнші ол! Жер жүзіне аты мәлім.
Ең өкініштісі, екінің бірі айтатын әнді айтып жүрген, көптің бірі болатын әншілер көп. Ал оның ішінен іріктеп алатыны аз. Мысалы, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова даусы бар әншілер еді, олар да эстраданың жолына түсіп кетті.
Ал қазіргілерге қарасаң, не істеп тұрғаны түсініксіз, даңғыр-дұңғыр, не айтып тұрғанын да естімейсің. «Ана музыканың дауысын бассаңдаршы, әншінің үнін естиік те» десең, «Апай, сіз білмейсіз ғой, олар «Даусын көтер» деп өздері сұрап алады» дейді. Сонда олар өз дауысының жетіспеген тұсын білдіртпес үшін музыканы неғұрлым даңғырлатып қояды екен. Ал опера әншілеріне сүйемелдеудің қажеті жоқ, кез келген уақытта музыкасыз да ән шырқай береді. Менің өзім де әлі күнге дейін «Ән сал» десе, кез келген халық әнін өз даусыммен айта берем. Әнші деген сондай болуы керек”, – дейді Бибігүл Төлегенова.
Бұдан өзге, Бибігүл Төлегенова қазіргі эстраданы насихаттап, телеарнаны “өсекке” толтырғандарды сынады.
“Қазіргі эстрада – ию-қию, даңғаза музыка. Жын қаққан адамдай жұлынып тұрғаны сахнада. Олар ән айтпайды, музыканы қояды, ол музыка өзімен-өзі жүреді, ал олар секіріп, жұлқынып жүреді. Секіріп жүріп кім ән айта алады? Адамның тынысы тарылып, алқынып қалады. Секіріп жүріп ән айтпақ түгілі, сөйлей де алмайсың.
Қазір теледидар қарағанда, бір жағынан қарның ашады, бір жағынан елге жаның ашиды. Концерттің бәрі ырду-дырду, айғай-шу, ойын-күлкі. Ақыл салатын, ғибрат алатын салмақты дүниелер аз. Қайдағы біреуді отырғызып қойып, біреулерді жамандайды, өсек айтады. Бұл жаман нәрсе. Біздің кезімізде мұндай нәрселер болған жоқ. Жақсы әннің өзі жастарға күш-нәр беріп, тәрбиелейтін. Ал қазір ұрпақтың тәрбиесін ойлап жатқандар аз, өз қалтасына пайда түсуін ғана көздейтін сияқты”, – деді ол.