Оралда қала күнін мерекелеу ортағасырлық Жайық қалашығынан басталды
2017 ж. 05 қыркүйек
4232
1
Оралда «қала күні» мерекесі ортағасырлық Жайық қаласы орнынан басталды Оралда «қала күні» мерекесі ортағасырлық Жайық қаласы орнынан басталды. Көне шаһар орнына бірнеше киіз үй тігіліп, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы ХІІІ-ХV ғасырларға тиесілі дейді тарихшылар. Алайда ІХ ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Фадланның жазбаларында Жайық қаласы туралы да айтылады. Жергілікті археологтар жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде көне шаһар орнынан мешіт, кесенелер, шығыс моншасы, тұрғын жайлар мен кірпіш күйдіретін көне зауыт орындары анықталды.
- Осы кезге дейін көшпелі халықтардың қала мәдениеті жоқ деген жаңсақ пікір қалыптасқан еді. Алайда ол дұрыс емес. Көшпелі өмір салтын ұстанған халықтардың өзінде басқару, сауда, айырбас, өнер, қорғаныс, ұйымдастыру орталығы ретінде қалалар болды. Жайық қалашығы – дәл осындай орталық болған. Біздің болжамымызша, қаланың өзінде 800-1500-дей адам тұрған. Сол кезеңнің өлшемімен алғанда бұл аз емес. Өйткені орталықта осынша адам тұрғанына қарап оның айналасында көшпелі тұрмыс салтын ұстанған біраз халық болғанын болжауға болады, - дейді Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов.
Орал қаласын қазақтар да, татар, ноғай секілді түркітілдес ағайын халықтар да бұрыннан «Теке» деп атаған. Совет өкіметі кезінде ғалымдар «қазіргі Орал қаласының төңірегінде көне шаһар болуы керек» деп қанша іздегенмен таба алмаған. 2001 жылы мұнай құбырын жүргізу кезінде Жайық өзені жағасынан ортағасырлық кірпіш күйдіретін пеш орны табылып, қазба жұмыстары басталды. Сөйтіп, археологтар көне шаһар аумағынан мешіттің, шығыс моншасы – хаммамның, тұрғын үйлердің орнын тапты. Бір қызығы, тұрғын үй құрылысы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі үлгілермен бірдей екен. Тек жылыту жүйесі екі есе күшейтілген.
- Шаһар орнына таяу Желтау биігінен бірнеше кесене орны табылды. Оның бірі сол кездегі өлшеммен алғанда өте үлкен – биіктігі 14-16 метр, ені – 13, ұзыны – 20 метрге жеткен. Үлкен кесенеде 6 ересек, 5 сәбидің сүйегі жерленген, әулеттік қабір болса керек. Ал сән-сәулеті келіскен кішкене кесенеде жалғыз адам жерленген. Біздің болжамымызша, бұл жерде Шыңғыс тұқымы – билеушілер, дінбасы – әулие жатуы мүмкін, - дейді Мұрат Наурызғалиұлы.
Мұрат Сыдықов бастаған Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы ортағасырлық Жайық қаласының ашық аспан астындағы мұражай ету мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген еді. Жақында ғана Қазақстанның жалпыұлттық киелі 100 нысаны тізіміне Жайық (Теке) қаласы да кірген соң, бұл идеяға да жан кіріп, жүзеге асар деген үміт бар.
Оралдықтар жыл сайын асыға күтетін «қала күні» мерекесі биыл тұңғыш рет көне шаһар орнынан бастау алғаны шынымен де көңілге шуақ сыйлағандай. Бұл ойды осы шараға қатысқан үлкен-кіші қайталап айтты. Қала басшылығы осы бір шараны керемет ұйымдастырған екен. Көне шаһар орнында, Ақ Жайықтың жағасындағы жайқалған әсем мүйісте бірнеше ақ отау тігілген. Алтыбақан орнатылып, қыз-жігіттер тербеліп жатыр. Бір топ аттылы жігіттер тазыларын ертіп, ауылға беттеп келеді. «Оралым» фольклорлық ансамблінің әдемі әуені жүректі тербейді.
- Баршамызға белгілі, биыл Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынған болатын. Жалпы, еліміздің көркеюі, экономикасының дамуы біздің тарихымызды түйсінуден басталады. Еліміздегі 100 киелі орынның бірі - біздің Жайық қаласы болғанына қуаныштымыз. Сондықтан биылғы қала күні мерекесінің тұсаукесерін зиялы қауымның ұсынысы бойынша осы жерден бастағалы отырмыз. Тарихымызды зерттеп, жоғымызды түгендеп жүрген барлық ғалымдар мен зерттеушілерге табыс тілеймін, - деді шараның салтанатты ашылу сәтінде Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.
Ортағасырлық Жайық (Теке) шаһары – қазіргі Орал қаласының арғы түбі екендігі зерттеушілер тарапынан соңғы кезде жиі айтылып келеді. Отарлық кезеңде туған «Орал қаласының іргетасын 1613 жылы қашқын казактар тақыр жерден тұрғызған» деген тұжырымның қате екендігін уақыттың өзі көрсетті. Алтын Орда кезеңінде 110 қала болған екен, Жайық (Теке) – соның бірі. Жайық пен Шаған өзендерінің қиылысар тұсында, әсем мүйісте орналасқан әдемі шаһардың басынан бақ тайып, қиратылғаны дәл сол XVI-XVII ғасырларға сәйкес келеді. Көздің жауын алатын көне қала ғимараттары аяусыз бұзылып, кірпішін іргетасына дейін тасып әкеткен. Содан бері 6-7 ғасыр өтті, дәл осы жерге киіз үй тігіліп, домбыра үні әуелемеген де шығар, бәлкім.
- Мен 1935 жылдан бері осы Орал қаласында тұрамын. Бірақ ауылда туып-өскен қазақ баласымыз ғой. Осындай тарихи жерге табаным тиіп, жусан иісін иіскеген сәтімде ерекше сезімді бастан кештім. Орал қаласы басшыларының бұл бастамасы өте керемет! Рухани жаңғыру – түп бастауыңды танудан басталады. Жайық қаласының жұлдызы жанып, ел-жұрттың игілігіне айналар сәт жақын болсын! – деді тоқсанның төріне шыққан ғалым Қалам Сүйіншәлиев толқып тұрып.
Жайық (Теке) қаласының бүгінгі аумағы 8 гектар шамасында. Мұрат Сыдықов бұл жерге ашық аспан асытндағы мұражай, ғылыми зерттеу орталығы және заманауи демалыс кешенін салуды ұсынып отыр.