Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат - халқымыздың құндылықтары
2017 ж. 25 тамыз
3875
9
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық академиялық кітапханада және Ұлттық сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы әзірлеген «Ұлы Жібек жолындағы кітап басу» көрмесінде болды.
Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, Парламент жоғарғы Палатасының басшысы кітапханада болған кезде қазақ жазуы мен кітап шығару тарихын бейнелейтін кітап көрмесімен және кітап қорымен, оқырман залдарының жабдықталуымен танысты.
Сенат төрағасына Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтынсариннің, Шоқан Уәлихановтың сирек басылымдары мен қолжазбалары, орта ғасырдағы қалың кітаптар мен географиялық карталар көрсетілді. Қ. Тоқаев қойылған жәдігерлердің мәдени ағарту мен оны халықтың жадына сақтаудағы тарихи маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Сенат басшысы көрмені аралау барысында Ұлы Жібек жолы бойында өмір сүрген халық өмірін, тарихы мен географиялық жағдайларды паш ететін, түрлі кезеңде жарық көрген кітаптармен де танысты. Мұндағы көптеген жәдігерлердің дүние жүзінде басқа нұсқасы кездеспейді.
«Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат біздің еліміздің, біздің халқымыздың құндылықтары болып табылады. Мұнда өте құнды дүниелер бар. Бұл біздің елімізге өте қажет жұмыс. Елбасы осы салаға баса назар аударып келеді», - деді Сенат басшысы. Сондықтан Парламент пен Үкімет тарапынан мәдени-ағарту саласын дамытуға ерекше мән беріледі, - деп атап өтті Қ. Тоқаев.
qazaquni.kz