Мәңгілікті мүсіндеу
2017 ж. 01 тамыз
4421
0
Мүсінші Бақытжан Әбішев туралы эссе. Ол кезде сақал дегенді суретшілер қоятын...
...1982 жылы екі бөлмелі пәтерге әрең қолымыз жетіп, баранды болмасақ та үйлі болғанымызға сенер-сенбесімізді білмей, есіміз шыға есіп жүрген тұс еді. Асқар Сүлейменов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Шәрбану Құмарова, Жамалиддин Босақов, Сейілхан Асқаров, Сұлтанәлі Балғабаев, Иранғайып, Күләш Ахметова Қайырбек жездемізбен, Александр Сергеев, Василий Антонов сияқты қаламдас аға-апалар мен әйгілі Зейнолла Қабдолов, Бердібек Соқпақбаев, Оспанхан Әубәкіровтей ағалардың ұл-қыздарымен және Әсет Бейсеуов, Мұрат Ахмадиев, Ерболат Төлепбаев сияқты композитор, әнші, суретшілермен көршілес қоныстандық. Жаңа үй, жаңа тұрмыс. Күнде қоныс той, күнде қонақ, таусылмас думан.
– Есентай өзенінің арғы бетінде жазушылардың екі үйі тұрғанын білесің. Бірі – «Сараңдардың сары үйі», екіншісі – «Алғыштардың ақ үйі» деп аталады. Ал біз өз үйімізге қандай ат қоямыз? «Жомарттардың жолым үйі» дейміз бе? – деп ақылдасады Иранғайып. Жомарт десе жомарт едік, жарымай жүрсек те қолымыз ашық, дастарқанымыз жиналмайтын.
Бірақ Иранғайыптың айтқаны болмады, ел аузында біздің тұрағымыз «Суретшілер үйі» атанып кетті. «Суретшілер үйі» десе дегендей, Есентай өзенінің жағалауына жақын салынған еңсесі биік ереймен үйіміздің доғадай иілген бір пұшпағы тұтасымен суретшілердің, бірінші қабаты түгелімен мүсіншілердің шеберханалары еді. Бұл жерде бір үй тұрмақ, тұтас аула суретшілер мен мүсіншілер орамы екен. Иелері – белгілі суретшілер Әубәкір Ысмайылов, Гүлфайруз Ысмайылова, Тоқболат Тоғысбаев, Әбдрашит Сыдыханов, Камил Муллашев, Мағауия Аманжолов, ортаншы Ақанаев, Балтабай Табылдиев, Табылды Мұқатов, Тимур Ордабеков, Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Анарбек Нақысбеков, т.б. мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ескен Сергебаев, Бақытжан Әбішев...т.б. бәрі осы кварталдан мекен, тұрақ, шеберхана тапқан. Осылардың көбі сақал қоятын. Атшаптырым ауладағы бір-бірімен иін тірескен төрт үйдің әр есігінен қаба сақалдылар, ақ сақал, көк сақал, қара сақалдылар әр кезде кіріп-шығып жататын. Өйткені, ол кезде сақал дегенді иегіне салафилер емес, суретшілер қоятын... Атышулы Асқар Сүлейменовтің анасы Айтотым апамыз аулада оларға қарап отырып: – Осылар сақал қоймаса сурет сала алмай қала ма? – деп сұрағаны есімде қалды. Сол суретшілерге жақын жүріп, мен де сақал қойдым. Бала кезімде суретші болу арманым болған. Салған суреттерім балалар газетінде, «Жыл – он екі ай» альманағында жарияланған. 9-сыныпта облыста сурет жарысынан бірінші орын алып, Алматының Гоголь атындағы сурет училищесіне жолдама да келген. Амал нешік... сөз сиқыры жеңіп, жын иектеп, жыр қуалап кете бардым. Сөйтіп, маған Карл Маркстің сақалындай қап-қара бұйра сақал бітті. Иегіне қылтанақ шықпайтын суретшілер сақалды суретшілердің сақалына қызыға қарайтынын байқадым. Кейбірі тіпті мен суретші болмасам да сақалымды сипап тұрып, үңіліп қараған. Сақал қойғасын суретші-мүсіншілер қауымына тіпті өз адамындай етене болып кеттім. Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиевпен ертеден тонның ішкі бауындай жақын, дос-жармыз. Енді күнде жолығып, ішек-қарнымызға дейін араласып кеттік. Кейбір кештерде суретшілер мен мүсіншілердің шеберханааралық басқосулары болып тұратын. Араларына кейде Асқар аға екеумізді шақыратын. Маған өлең оқытатын. Асқар Сүлейменов бәрінің аузын аштырып, өнер тарихынан не бір қысқа да тағылымды сырлар шертетін. Сондай кештің бірінде мүсінші Бақытжан Әбішевпен жақынырақ таныстым. Көркемсурет училищесін аяқтамастан оқудан шығарылған соң, Мәскеудің Суриков атындағы атақты оқу орнын бітірген екен. Ол мені өз шеберханасына бастады. Сөре-сөре толы балшықтан, гипстен, ағаштан, қоладан, гранит пен мәрмәрдан сомдалған мүсіндер. Үлкенді-кішілі бастар. Ұлылар мен бейтаныстар. Әл Фараби мен Махамбет, Мұхтар мен Күләш, Тоқаш Бокин мен Сәкен, генералдар мен батырлар, Жамбыл мен Қонаев... Әне бір Владимир Ильичтің қасында Абай Құнанбаевич сынай қарап тұрғандай. Солардың қатарында маң-маң басқан түйелер және жылқылар, жылқылар, жылқылар...
Жығылып жатқан, ойнақтаған, шиыршық атқан, қарғыған, орғыған, көкке атылған, сүрінген, аласұрған, тулаған, көсіле шапқан, құлағын тіккен, жымитқан, қайшылаған, жалы күдірейген, желбіреген, танауы делдиген... түрлі кейіптегі жылқылардың балшық, гипс, қола, тас мүсіндері. Дөңгелек жозыда жатқан қағаздарды парақтай қалсаң –жылқы жануардың самсаған эскиздері шыға келетін. Сол тұста Бақытжанның қолынан туған бір шедеврге Асқар Сүлейменов «Құлагер» деп ат қойды. Жығылып жатқан жылқы мүсіні. Құлагер десе Құлагер!.. Желмен жарысып, құйындап-құйғытып келіп, тосыннан омақаса құлаған қайран жануар өмір мен өлімнің арасында ышқынып, арпалысып жатыр. Жантәсілім сәт... Кісінеген дауысы жер дүниені жаңғыртып, жан дүниеңе ине сұққылағандай. Қапияда қаза құшқан тағдырдың қиянатқа лағнеті. Үнсіз шырқыраған жан дауысы...
Бір жылқының емес – бір адамның, бір адамның емес –тұтас бір халықтың қырқай шалынған шерлі тағдыры...
Сөз суреткері Асқар Сүлейменов осы мүсін туралы үнемі сүйсіне айтып жүрді. Бақытжанның 1991 жылдың ақпанында Ә.Қастеев музейінде өткен сурет көрмесінде Асқар ағаның сөйлеген сөзін жары Әлия Бөпежанова қағазға түсіріп, кейін жариялаған: «Әбішев – өз алдына дара тұлға. Бұған оның шығармашылығының күретамыры, кіндігі – сұлап түсіп мерт болған тұлпар бейнесі – «Өліара» деп қате аталған мүсін дәлел. Жанарына жарты әлемді сыйдырған тұлпардың қарашығына зер салыңыз. Жарты әлемнің емес, күллі ғаламның қасіреті осы қарашықта тұнып тұр. Бұл – келіспеске амалдарыңыз кем, – классика, ал, классика деуге тіпті қимасаңыздар, классикаға жетеғабыл туынды».
Осы тақылеттес бағалау сөзін Асқар ағамыз суретші-мүсінші-қаламгерлердің ортасында да, Бақытжанның шеберханасына шетелдік қонақтарды ертіп әкелген түрлі лауазымды-шенділер алдында да айылын жимай айтқан. Дуалы ауыздың сол бағасы – баға болып қалды. Мүсіншінің тырнақалды толымды туындысы Алматыдағы Тоқаш Бокиннің ескерткіші екенін естігенде авторынан: «Ол қай жерде тұр?» деп сұрағаным есімде. Сол кезде өзім он жылдан астам уақыт мекен еткен Алматыда Бокиннің ескерткіші барын білмегенім ұят-ақ еді.
Сөйтіп, панфиловшылар паркінің темір жол жақ бетінде тұрған «Тоқаш Бокинге» арнайы сәлем бере барғанмын. Сол ескерткіші үшін Бақытжан Қазақстан комсомолы сыйлығын алған екен. Басында Бақытжан ана тіліне шорқақ болды. Бірақ тілі келсін-келмесін қазақша сөйлеуге тырысатын. Түсінбеген сөздерін, жан-жары М.Әуезов драма театрының актрисасы Шәмшәгүл Меңдияровадан сұрап алатын. «Орыс мектебінде оқыдым. Қаланың баласымын. Ақтөбеде туғанмын, Алматыда өскенмін» дейтін. Қазақша сөйлеуге қысылмай-қымтырылмай тырмысып жүрген Бақытжан келе-келе бір қазақтай жатық сөйлейтін болды. Нағыз қазақ болуға жан-тәнімен ұмтылды. Тіпті соңғы 10-15 жылда дінге бойұсынып, бес уақыт намазын қаза жібермейтін дәретті тақуаға айналған. Ас-отырыстарда қалтасынан ақ тақиясын суырып алып, төбесіне қондыра қойып, заулатып Құран оқитынына да куә болғам. Міне, саған «асфальттің» баласы!
Басында портретші ретінде көрінген оның шығармашылығы «Құлагер» туындысынан кейін ұлттық-тарихи тақырыпқа түбегейлі бет бұрды. Келе-келе ат жалындағы азаттық, бабалар философиясы, ұлы дала рухы, көшпенділер тұрмысы Әбішев өнерінің негізгі лейтмотивіне айналды. Ол осы тұста көне түркі дүниесіне көп үңіліп, тәңіршілдік тереңіне құлаш ұрды, көне жәдігерлерді зерделеп, балбал тастар әлемін жаңа мазмұнмен тірілтуді қолға алды. Оның «Ұмай ана», «Кездесу», «Ұран», «Беташар», т.б. мүсіндері осы кезеңнің жемісі.
Сонау бір жылы Алматыда қойылған Жамбыл ата ескерткішінің жобасын талқылауға қатыстым. Бақытжан сомдаған домбыра ұстаған мүсін көптің көңілінен шықты. Ал архитектуралық шешіміне келгенде екіұдай пікір туды. Өйткені, жоба бойынша Жамбыл атаның онсыз да аласа тұғырының астынан бұлақ ағып жатуға тиіс екен. Сонда сол кездегі жоғарғы жақтың жауапты қызметкері, қазіргі депутат Сауытбек Абдрахманов жанды пікір айтты:
– Қазақта «Астыңнан су шықты ма?» деген жағымсыз әсер беретін сөз бар. Сондықтан, меніңше, суды Жамбыл атаның астынан ағызып қою жарамайды. Су болса болсын, ағып жатсын, бірақ астынан емес, бір жағынан, қасынан, жанынан ақса болмай ма? Көкейге қонымды осы пікірді қолдағандардың ішінде мен де болдым. Қазір Жамбыл атаның ескерткішін көрген сайын сол әңгіме есіме түседі. Жыраудың жанынан жыр ағысындай жылап ағып жатқан сызашық су соншалық үйлесімді. Бірде Бақытжанның шеберханасына кіріп келгенде, бұрыштағы қоқыс шелегінде жатқан ақ гипс бас мүсінге көзім түсті. Қос қолдап суырып алып қарасам – М.Әуезовтың бюсті екен.
– Бәке-ау, мынауың не? – деп шыр ете түстім.
– Жата берсін, қозғама, ол брак! – деді Бақытжан.
– Ойбай-ау, брак та болса Әуезов қой!
– Оның ерні дәл келмей қалды. Міне, мынаны көр, нағыз Әуезов мұнда! Ал анда- ғыны сындырып, лақтырып тастау керек, – деді мүсінші.
Сөйтіп, ол ақ шүберекпен қымтап қойған басқа мүсінді ашып көрсетті. Ерні сәл түріле дүрдигені болмаса көп айырмашылық байқамадым. Ойда жоқта тапқан олжадан айырылғым келмей:
– Маған осы Әуезов те жарайды.
«Ит жегенше Қоңдыбай, Қанай жесін!» деген бар. Қиратып, лақтырғанша маған бер, – деп, қойныма қыса түсіп едім:
– Алсаң – ал, бірақ үйге апарған соң духовкада пәлен сағат күйдіру керек. Әйтпесе тез сынып қалады, – деді.
Қуанып ала жөнелдім. Айтқанын айнытпай жасап, сол гипс мүсінді газ пешінің духовкасына салып қойып, әйеліміз екеуміз күні бойы қасынан шықпай қадағалап, әбден күйдіргенімізде қына түсті әдемі қыш бюст сыңғырлап шыға келген.
Пеш қасынан шырғалап шықпай жүргенімізді көрген қызым Назым:
– Сіздер Әуезовті торт пісіргеннен әрман әдемілеп пісірдіңіздер ғой. Күйіп кетіп жүрмесін, – деп әзілдеген.
Біраз жылдан кейін інім Рүстем Есдәулет пен қызым Назым «Хабар» арнасының «Тілашар» атты 40 сабақтан тұратын сериалына түскен кезде реквизит үшін біздің үйден М.Әуезовтің сол мүсіні мен қабырғада ілулі тұрған елік сапты қамшыны апарып қойыпты. Кейін қайтпай қалды. Оны естіген Бақытжан сол тұста өткен 50 жылдық мерейтойымда маған М.Әуезов бюстінің кейінгі өзіне ұнаған фарфор нұсқасын тарту етті. Одан бұрынырақ қоладан құйылған «Бөріге мінген қыз» атты мүсіншесін сыйлаған болатын. Бөрісі сақ стилінде, сауырындағы қазақ қызы антикалық пішінде. Қазір ұлы жазушының мүсіні мен екеуі менің кітап сөремде тұр. Бақытжан Әбішевтің шығармашылығының бір үлкен шыңы деп Атырауда орнатылған Исатай-Махамбет ескерткішін айтар едім. Жалпы, бұл ескерткіштің идеясы мен жобасы о баста Иманғали Тасмағамбетовтен туған. 2000 жылы Премьер-Министрдің орынбасары болып жүргенінде мені өзіне шақырды. Мәдениет секторының меңгерушісі едім. Қолында өзі сызған ескерткіш жобасы. Екі салт атты адамның сұлбасы, артында самсаған қалың қол әлде қамал.
– Махамбеттің 200 жылдығына орай Атырауда ескерткіш орнату керек. Соның қаулысының жобасын жасауға кіріс. Мынау – менің ойымдағы Исатай мен Махамбет мемориалы. Осы ескерткішті жасауға байқау жариялау керек. Өзіңді 200 жылдықты өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның құрамына енгіземін. Бастан-аяқ өзің жауап бересің, – деп шегелеп, мені жегіп қойды.
Конкурсты Мәдениет министрлігі өткізіп жатқан. Ескерткіштер жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде талқылауға қатыстым. Комиссия мүшелері мүсін, архитектура өнерінің майталман мамандары, өнертанушылар, кілең ығай мен сығайлар финалға шыққан мүсіндердегі батырлар мінген аттардың аяқ алыстарын, дене-тұрқын іске алғысыз етіп, әбден сынап тастады.
Сол кезде мен:
– Осы ескерткішті жасауға неге Бақытжан Әбішевті тартпасқа? – деп қалдым да, – мен білсем, жылқының мүсінін келістіріп сомдайтын хас шебердің бірі сол. Оның Махамбетін де көргенмін, өте жақсы, – деп сөзімді үстедім.
Бәрі де елең етті. Бақытжанға комиссия мүшелерінің Еркін Мергеновтен басқасының бәрінің көзқарасы түзу болып шықты. Бақытжанның кандидатурасын Иманғали Нұрғалиұлы да қолдады.
«Менде оның «Құлагерінің» көшірмесі бар. Оның қолынан келеді», – деді ол.
Сөйтіп, ойламаған жерден мемориал кешенін жасау Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаевқа тапсырылды. Және олар абыроймен орындап шықты. Бақытжан салт атты қос қаһарман мен оларға ілескен садақшы-мергенді сомдаса, Е.Сергебаев монумент-горельефтің екінші бөлігін – қамалдай қалың қол, тұтасқан күрескер халықтың жиынтық бейнесін жасап шықты. Бұл күнде Исатай мен Махамбет ескерткіші Атырау қаласының бетжүздігіне айналды. Бұрын ол жерде үлкен асыққа ескерткіш болғанын жұрт жымия еске алатын болды. Аруақты батырлардың тамаша ескерткіш-кешені бұл күнде халықтың көзайым жәдігері, рухын көтеретін, өркенін өсіретін сүйікті орны. Бірақ дер кезінде ұсынылғанымен горельеф-ескерткішке Мемлекеттік сыйлық бұйырмады...
Бұл туындыларға қоса, Астанадағы Мұстафа Ататүрік, Жаяу Мұса ескерткіштері, Ақтөбедегі Әлия, Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин, Баянауылдағы Жасыбай батыр, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Алматыдағы Әди Шәріпов ескерткіштері Бақытжан Әбішевтің сиқырлы саусағы, аялы алақанынан шыққанын айта кетсем деймін.
Дүниеден озарынан бірер ай бұрын, былтырғы күзде ол мені кейінгі жылдары көшіп кірген жаңа үйіне шақырып, жертөлесіне жайғастырған бұрынғы-соңғы жұмыстарын көрсетіп еді. «Бүркітші», «Салт атты», «Ұмай ана», «Томирис», «Ұран», «Көш», «Құрылтай», «Күйші», «Олимпиадашы», «Нәпсі», «Құдалар», «Беташар» туындыларының әрқайсысы бір-бір жауһар әлем! Ұлы даланың рухындай жүрегіңде жаңғыратын жырлар! Бір күндік емес, тарихпен тілдесетін, мәңгілікпен мұңдасатын мүсіндер! Бұл жербауырлаған күйкі тіршіліктен емес, биік адамзаттық философиялардан туындаған шығармаларда тылсым сыр, ғарыштық ғұмыр бары сезіледі. Қарапайым тірлік кешіп, қасымызда жүріп, ертеден қара кешке дейін балшық илеп, тас қашап, қола құйып, ағаш жонумен-ақ, қаншама өлмес туындылар беріп кеткеніне қалай таңырқамассың! Екінің бірі алып жатқан «Еңбегі сіңген қайраткер» атағына қатты қуанып еді. Қызығын да көріп үлгермеді. Тірі болса осы күндері 70 жасқа келер еді. Бақытжанның қолының табында құдірет бар еді.
Бірде мен одан:
– Сен мүсінді жасағанда портретін суретке сызып аламысың әлде, көзге елестетесің бе? – деп сұрағанымда:
– Қолымның ырқына бағынамын. Саусағым қалай сезінсе солай сомдап шығарамын. Қолым өзі біледі, – деп жауап беріп еді Бақытжан.
– Е, онда сенің қолыңның көзі бар екен ғой, – деп әзілдегем.
...Шеберханадағы бұрынғы және жаңа туындылар арасынан орындықта отырған Ғабит Мүсірепов пен оның қасында түрегеп тұрған Асқар Сүлейменовтің мүсінін бірден таныдым. Екеуі үйлесіп-ақ тұр. Бұйыртса, сәті түскенде бұл ескерткіш те Алаштың көз алдында асқақтап тұрар күн келер...
Ұлықбек Есдәулет,
ақын
Дереккөз: egemen.kz