Латын әліпбиі биыл қабылданатын болды
2017 ж. 27 шілде
2821
4
Биыл бірыңғай латын әліпбиіне көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҚР үкіметі ғимаратында өткен баспасөз конференциясы барысында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Латын әліпбиіне көшу жөнінде айтатын болсақ. Бұл маңызды жоба. Абай болу керек, қателеспеу керек. Биыл ең бастысы барлығына қолайлы болатын әлібиге көшуіміз қажет. Бірнеше нұсқасын дайындап, оларды талқылап, бір әліпбиге өту керек. Ал кейінірек латын әліпбиіне көшу туралы жоспар құру қажет. Арнайы комиссия құрылды, олар жұмыс істеп жатыр", - деді министр.
Еске сала кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінен латын әліпбиіне өту процесін созбалауға негіз жоқ екенін айтқан болатын.
"Жолдауымда мерзімді 2025 жыл деп белгіледім, бірақ, мұны созбалауға негіз жоқ деп ойлаймын. Ғалымдарымыз Түркияның, латын әліпбиіне өткен көршілеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып, біздің әліпбиімізді жасай алады. Олардың кемшіліктерін ескеріп, өз әліпбиімізді жасауымыз керек. Бұл қиын емес, өйткені балалар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқиды. Бізге қиын болмайды", - деген еді Елбасы.