Мұхамеджан Тазабек: Мені Ақтөбеде болған террорлық актілермен байланыстыру - беделімді түсіретін ақпарат
2017 ж. 20 шілде
2798
0
Күні кеше Мұхамеджан Тазабек радикалды топтың мүшесінің сөзін сөйлейді деген мәтіндегі мақала жарияланып, әлеуметтік желі қолданушыларының арасында дау туған еді. Мұхамеджан Тазабекті уахабилік ағымды насихаттап жүр деп жала жапқан автор бүркеншік есімді қолданған. Осы мәселеге байланысты Мұхмеджан Тазабекпен Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарласқан болатын.
«Ең алдымен, маған тағылған айыптауларды жоққа шығарамын. Фейсбукте миллиардқа жуық қолданушы бар десек, әлеуметтік желі қолданушыларын жете танып, олардың бағыттарын біліп жүру мүмкін емес. Әдетте, әлеуметтік желіде ақпарат бөліскен уақытта авторы емес, жазба контентіне көңіл бөлеміз. Ал аталған жазба жаназа туралы және онда заңға қайшы келетін, «құтылып кетуім неғайбыл» дүние болмағанын айтқым келеді.
Пост авторымен таныс емеспін және оның басқа жазбаларымен танысып, ұстанымын білген бетте, жылдам парақшамнан алып тастадым. Тиісінше, оның "қауіпті адам екенін" біліп тұрып жариялауым және аз уақыттың ішінде "он мыңдаған адамды жат ағыммен улап жіберуім" əсте мүмкін емес.
Сондықтан заң алдында жауап берсін деген «үміттердің» де орынсыз екенін айтқым келеді.
Керісінше, мақала мен оны бөлісушілердің менің атымды Ақтөбе мен басқа аймақтарда болған террорлық актілермен байланыстыруы және уахабилік уағызды тықпалап жүр деуі - көрінеу жəне беделімді түсіретін ақпарат деп білемін.
Аталған жағдайға байланысты ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес өз абыройымды қорғау мақсатында құқық қорғау органдарына шағым түсіру құқығым бар», - деп Асыл арна телеарнасының директоры өзіне байланысты пікір білдіргендерге жауап берді. Қазіргі кезде заңгерлермен кеңесіп жатқандығын да айтқан болатын.