Аятжан АХМЕТЖАН: Мені соттағанмен орыс тілінің құлдырауы тоқтамайды
2017 ж. 16 шілде
9457
7
Республикалық «ҚАЗБІЛІМ» орталығының директоры, Қазбілім порталының бас редакторы Аятжан Ахметжанұлы «БАЛАСЫН ОРЫС СЫНЫБЫНА БЕРЕТІНДЕРГЕ ЖАНЫМ АШИДЫ» деп мақаласын ақпарат құралдарына берген еді. Мақаланы оқыған халықтың арасында Аятжан Ахметжанұлына наразы болғандар болды және сотқа береміз деп қол жинап жатыр екен. Осыған орай Қамшы порталы Аятжан Ахметжанұлымен сұхбаттасқан екен.
Сіздің қазақ тілді және орыс тілді мектептер туралы жазған мақалаңызға қатысты сотқа қол жинап жүргендер кім екенін білесіз бе? Осы жөнінде заңгерлермен сөйлестіңіз бе?
Жоқ, кімдердің қол жинап жатқандарын білмедім. Заңгерлерменде сөйлеспедім. Бұл мақаланың толық барысын екі-үш рет көріп шықтым. Бұл жерде ешқандай нәсілдік, тілдік кемсітушіліктер жоқ. Сондықтан мен ештеңеге алаңдап тұрғаным жоқ.
Сізді сотқа беріп жүргендер қазіргі реалды жағдайды қабылдағысы келмей жүргендер деп ойлайсыз ба?
Кез-келген уақытта заман өздігінен өзгеретін дүниелер бар.Бұл демографиялық жағдайдан бастап тарих бет-бұрышының өздігінен жасалатын жағдайы, яғни демографияның алып келетін жағдайы. Біздің көтеріп отырған мәселе бүгінгі қоғамдағы қалыптасып келе жатқан шындық және алдағы уақытта болатын дүниеге байсалды түрде болжам жасау. Ал енді оны бір бетіме су шашып жібергендей қабылдау, ол қоғамның қожа жасап алғандардың қожа емессің деп айтқанға қатты ашуланғаны секілді дүние. Мақалаға және сандарға көз жеткізсе ешқандай дауда тумас еді. Оны қабылдау керек және бұл тарихи шындық.
Мақалаңызда сотқа беретіндей негіз бар ма?
Мақалада сотқа беретіндей ешқандай кемсітушілікте, негізде жоқ. Бұл жағдай бұрында айтылып жүрген дүние болатын, ал мен бұның басын қосып, сараптама жасадым. Мен өз ұлтымды және тілімді сүйем, ал өз ұлтымды, тілімді сүйгенім үшін сотқа тартыламын деп ойламаймын.
Қазақтың ішінен балаларын орыс мектебіне беруді қалайтындар ескі, жалған түсініктен арыла алмай жүргендер деп ойлайсыз ба?
Біріншіден, адамдар қазақ мектептеріндегі білім сапасы нашар деген сияқты көзқарас қалыптастырып алған, сол көзқарастың кесірі деп ойлаймын. Әйтпесе бүгінгі қазақ тілінің, мектептердің білім деңгейі төмен емес. Екіншіден, біз тәуелсіздік алғалы аз уақыт болған жоқ, ширек ғасырдан асты. Бұл белгілі бір деңгейде мемлекеттік тілге деген үстемдікті алып келетін аз уақыт емес. Үшіншіден мемлекеттің демографиялық жағдайда, тәуелсіздік алған уақытта алты миллион қазақ ұлты болса, бүгінде он екі миллион қазақ ұлты бар. Ал тәуелсіздік алған кезде алты миллион орыс болса, бүгінде үш миллион орыс бар, яғни қазақ ұлтының екі есеге артуы, орыс ұлтының екі есеге кемуі, қазақ мектептерінің көбеюі мен орыс мектептерінің азаюын келтіріп шығарады. Мемлекеттің тілін білмейтін адам түбінде оқшауланып қалады, яғни бізде кеңестік кезде орыс тілін білмей қалай қиналған болса, болашақта қазақ тілін білмейтін халық солай қиналады. Тәуелсіздіктен кейін туған балалардың ондай қиындыққа қалғанын қаламаймын, сол үшін өз пікірімді білдірдім. Ал осы сараптамадан кейін баласын орыс мектебіне берсе де өздері біледі, бірақ бізге ескерту парыз және маман ретінде әр сөзіме толық қанды жауап бере аламын. Сондықтанда ата-аналар ойланады деп ойлаймын.
Яғни қазақ тілі мәселесі әлі шешілмеді дегендер қателеседі ғой. Қазақ тілінің мәселесі кішкентай қадаммен болса да шешіліп жатыр ғой?
Қазақ тілінің мәселесі негізінен 100%-дың 90%-ы шешіліп қойды. Ол заңды норма тұрғысынан шешілмеген болуы мүмкін, бірақ қазақ тілінің жағдайын тәуелсіздіктің жағдайында біреу әкеп берген жоқ қой, тарих шешті. Дәл сол сияқты қазақтың жағдайында ешқандай билік жасамайды, қазақ тілінің жағдайы, қазақ ұлтының күшеюі, қазақ демократиясының күшеюі болды, ал тарих өз дегенін жасап келе жатыр.
Мақалаңызда «Қазақстанда нан тауып жеуде, өмір сүруде білмесе болмайтын тіл болары анық» деп жаздыңыз. Қазақ тілінің мәртебесі осындай жағдайға шамамен қашан жетеді деп ойлайсыз?
Ары кетсе бес-алты жылда өз мәртебесіне жетеді.
Мақалаңызды оқығаннан кейін өз пікірлерін білдіргендер болды ма?
Маған мақала жазылғаннан бері көптеген адамдар рахметін айтып хат жазды, біраз ата-аналар орыс мектебіне бергенін айтып өкінгендерін және қазақ мектептеріне беріп қуанып жатқандарын жазып жатыр. Осы мақала кем дегенде он қазақтың баласы қазақ мектебіне ауысуына септігін тигізеді.
Сұхбаттасқан: Ақнұр МҰХТАРХАН