ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТУГЕ ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ
2017 ж. 11 шілде
4059
2
Алматы қаласындағы «Азия» көпсалалы кешенінде Германиядан Дүниежүзі қазақтарының Астанада өткен құрылтайына арнайы келген Өмірхан Алтынмен кездесу болып өтті. Кездесуге ғалым, жазушы Советхан Ғаббасов, белгілі ақын Қазыбек Иса, саясаттанушы Расул Жұмалы және бірқатар зиялы қауым өкілдері шақырылды.
Әлемнің әр түкпірінен келген қандастарымыз жақында Астанада Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында бас қосып, бүгінгі күні толғандырған мәселелерді талқылағаны белгілі.Бұл алқалы жиында қандастарымыз өздерінің мұң-мұқтаждарын айтып, Елбасына Қытайдағы ағайындардың тағдырынан бастап, жеке шаруаларына дейін шешіп беруді өтінді. Президент шеттегі қазақтарға қолдау көрсету үшін Үкіметке «Отандастар» атты қор құруға және қысым көрген қандастарымызға араша түсуге пәрмен берді.
– Қаны қазақ деп қайнаған сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қытай елінің аумағында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақытта аса қиын жағдайды басынан кешіруде. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға қайшы келетін іс-әрекеттерімен ағайындарымыздың құқығын таптауда, – деді Германиядан келген бауырымыз Өмірхан Алтын.
Қазақтарға қиянат жасалып жатыр деген әңгіме маған жеткен жоқ. Бар болса, елшілік арқылы білейік. Сыртқы істер министрлігі арқылы біз оған тиісті көңіл аударатын боламыз, – деді Елбасы. Айта кетелік, осы құрылтайдан соң, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев орнынан кетіп, бұл қызметті енді белгілі саясаткер Зауытбек Тұрысбеков атқаратын болды.
«Атажұрт» қозғалысының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы мұрындық болған бұл кездесу тартымды өтті. Өмірхан Алтын Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайын Елбасына тайсалмай тікелей жеткізуін өзінің азаматтық борышы екенін, шетте жүрген ағайындарға көрсетілген қысымға қашан да қарсы тұру керектігін білдірді. Қарт қаламгер Советхан Ғаббасов пен саясатттанушы Расул Жұмалы қазіргі көші-қон, шетелдегі қандастарымыздың ата жұртына орлау мәселесіне тоқталып, өз пікірлерін білдірді. Белгілі ақын Қазыбек Иса өзі басқаратын «Қазақ үні» газеті мен осы аттас сайтта көші-қон мен шет жүрген қандастарымызға қатысты орын алып отырған мәселелер тұрақты көтеріліп келе жатқанын жеткізді. Тіпті Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың жұмысындағы кемшіліктері бірнеше рет қатаң сынға алынғанын атап айтып, бұл тақырып алдағы уақытта да үнемі басты назарда болатынын жеткізді.
Көкейтесті мәселеге арналған бұл кездесуге қатысушылардың пікірі «Шетелдегі қандастарымызға қысым көрсетуге ешқашан жол бермейміз!» деген ортақ арнаға тоғысты.
З.АБАЖАН
qazaquni.kz