Мәдидің әні
2017 ж. 11 шілде
3519
0
Илья Жақанов
1916 жыл. Оныншы шілде. Кеш... Қарқаралы түрмесі. Бір топ адаммен дарбазадан ренжіп шыққан түрме бастығы біреуге қатты ақырып: «Мәди ешкіммен тілдеспеуі тиіс! Түнде қадағалаңдар келіп! Ол тып-тыныш кетсін. Осындағы пәлелер басқадан бұрын Мәдиге сыйынады. Әй, сендерге айттың не, айтпадың не!» – деп қолын бір сілтеп кете барды.
Қарқаралының қоңыр салқын самалы желпіді, күндізгі абыр-сабыр тірлік саябыр тартып, қала тыныштық сәтіне енген. Күн қып-қызыл болып балқып, Қарқаралы тауының өркеш-өркеш шыңдарынан асып, жайлап шөгіп бара жатты.
«Күн ұясына батқан шақта келерсің» деп еді Мәди. Қази бұл кешті тағатсыз күтті ғой. Қандай мамыражай рахат кеш еді. Сонау биік шыңдарға иін тіресе өскен арша қарағай, шырша арасынан шашыраған нұр қала үйлерінің терзелеріне шағылысады екен. Қазидың жүрегі лүп-лүп етеді. «Жердің жәннаты ғой, Қарқаралы!». Осы сүйінішпен түрмеге жасырынып келе жатқаны мүлде есінен шыққан. Иығында дорба, басында ақ шәйі орамал, үстінде қос етек ақ көйлегі... Қарқаралы шыңдарынан көрінбей қалған қызыл күнді ұзатып сап тұрып, Қази Мәдимен ойша тілдесті.
«Самал соғып тұрған шығар, Қази?» Салқын екен, Қарқаралы кеші... Бұрын кім білген оны, Мәди». «Емін-еркін жұтар ма еді сол самалды, жаным Қази». «Сабыр ет, Мәди, бір-ақ күн... бір-ақ күн қалды ғой. Мазасызданбашы енді...». «Шыдайын, шыдайын, Қази...».
Қази ойға шомған күйі түрменің дарбазасына кеп тоқтады. Жан-жағына қараған да жоқ, үнсіз тізе бүгіп отыра кетті. – «Жалғанның бар қызығы сенің осы күлкіңде екенін білесің бе, Қази?». Бұл сөзді Мәди кеше ғана айтып еді. Оны енді тағы естіп отыр ма, тәңір-ау! – «Алма жүзің албырап, өстіп жайна да тұр, көз алдымда. Қабағыңа кірбің түсіре көрме...». Қази жалт етіп дарбаза саңылауынан ішке үңілді.
Сөйткенше болған жоқ: – Сіздің тәтті қиялыңызды бұзғым келмеді, – деген еркек үні табан астынан шыққандай болды. Қази ұшып тұрып, үні дірілдеп, тұтығыңқырап, сықырлап ашыла бастаған дарбазага үрейлене қарады. Дарбаза жартылай ашылды. Сұлу ғана мұрты бар, жылы жүзбен жымиып күлген қараторы жігіт тұр. Қазидың үні шықпады, өзіне қадала қараған күзетшіден жүзін үйіріп, бүгежектеп, дегбірі қашты.
– Мұнша неге қысылдыңыз?
Қазидың жүрегі қатты соғып, үнінен жылы лебіз білінген бұл жанға тіке қарағысы келіп, лып тоқтай қалды. Ұялды. Беті дуылдап кетті.
– Иығына погон іліп, мылтық асынғанның бәрінен қорқа беруге бола ма екен?
Қази аң-таң, жайлап басын көтерді.
– Әлде менің мұртым есерсоқ приставтың мұртыңа ұқсап, қаймығып тұрсыз ба?
Қазидың жанарына жас толды. Күзетші жігіттің күлкісі сап тиылып, енді оның мына әйелге қарап тұра беруге дәті бармады. Күйбеңдеп, есікті аша берді: – Кіріңіз! Уәде Құдай сөзі, кіріңіз! – дегеннен басқа ештеме дей алмады. Қази түрме ауласына кірген соң дарбазаның үлкен, ауыр есігі жабылды. Күзетші жігіттің артында келе жатып:
– Сізді тәңір жарылқасын! – деді.
– Адамдық парыз деген болады...
– Жүзіңізге қарасам...
– Жендет, дей көрмеңіз, бар тілейтінім сол, сізден, – деп жігіт оқыс күліп жіберді.
– Жо-жоқ, олай десем сіздің осы жақсылығыңыздың алдында жер тартып кетсін мені! О не дегеніңіз!.. Тоба! Тоба! Құдай сақтасын... Бұл сорлы көңіл күпті болған соң қалш-қалш етіп, сөзі құрғыр ауызға түспей... Жүзіңізге қарасам, қиянаты жоқ инабатты жансыз. Не жассыз бізден, әлде көп болғанда қатарсыз Мәди екеуімізбен. Осы сөзді айтқым кеп еді, сіз іліп әкеттіңіз...
– Мәдиден бір жас кішімін. Атым – Кенжебек...
– Заманымыз бір екен.
– Менің де сізбен еркін тілдесіп тұрғаным сондықтан ғой. Погоныма көп қарай бермеңізші, бұл әншейін күн көрістің қамы, атқарып жүрген міндетім.
– Қай туған боласыз?
– Алыс емеспіз. Қаракесекпіз. Әнеугүні бір шатақ шал Мәдиге тамақ әкелді. – Кенжебек жүре сөйлеп келе жатып: – Міне, осы бөлмеде сол шал Мәдиге әкелген тамағын берді, – деп Қазиға есік ашты, ізетпен ішке кіргізді.
Бөлме ішінде бір қоңыр стол, екі орындықтан басқа мүлік жоқ, еденнің ескі қарағайы қайқайып кеткен, қабырғадан күлімсі иіс шығады. Аядай тар бөлменің терезесі де, есігі де темір тор, күзетшілер бақылап жүретін алақандай жалғыз тесігі бар.
– «Қолға түскен пендедей» деген осы. Мына оң жақтағы орындыққа Мәди отырды, оған қарсы шал отырды. Бейтаныс кісіге жалтақ-жалтақ қараған Мәди: «Әкей, қай ел боласыз? Кім боласыз?» деп қадала сұрады. – «Қай ел, кім екенімде жұмысың болмасын. Өзі жақсы кісіге жұрттың бәрі жақын. Сол жақсының бірісің сен, Мәди. Сөзді қой. Әңгіме айтылады, әлі... Кел, әуелі дәмге қара», – деп шал жанторсығынан тостағанға қымыз құйды. Білектеп сап-сары қазы алып, оны өткір бәкімен қиғаштап турап, Мәдидің алдына қойды. Дорбасынан тағы қос уыс құрт алып жатып «жеп ал, Мәдижан» деді. Мәди үн-түнсіз бас изеп, ілтипат көрсетті де, әуелі тостағанға қол созды. Дем алмай басына бір-ақ көтерді. Сонан соң қияқтай әдемі мұртын екі саусағының ұшымен сылап: «Салқынын-ай, шіркіннің! Мұздай тердің бұрқ еткенін қараңызшы! Тағы бір құйыңыз!» – деді Мәди жеңімен маңдайын сүртіп.
Күзетші жігіттің әңгімесіне ден қойған Қази, алғашында таңырқағандай қасын керіп, мырс еткендей болып еді. Бірақ заматта жасыды.
– Кім екен бұл қария? – деді ол іркіле үн қатып.
– Мәди екі тостаған қымызды қағып тастады да, бір-екі турам қазыны мейірлене аузына салды. «Кім едіңіз, қария?» деп шалға тағы қадалды ол.
– Қария жөнін айтты ма? – деді Қази бұл бір жанашыр пенденің кім екенін білгісі келіп.
«Бұл сенің – сыбағаң. Мен де елі алыс, жері шалғай бір тілектес жанның бірімін өзіңе. Басқа не дейін, бүгінде сені дүйім жұрт біледі. Есіл ерім деп еміренетіндер көп, шырағым. Кең дүниені тарылтып, өзіңдей арыстарға күннің нұрын қимай, мынадай тұңғиық көрге тірідей тығып жүрген нәлеттер қарғыс оғынан құтылар дейсің бе? Есесіз ешнәрсе болмайды. Қара бұлт та ауар Қарқаралыдан. Ел-жұрт сені, сендерді сыйлайтын болады. Ал, озбыр, залым атаулы қарғыстың уын ішеді. Солай... Солай, Мәдижан!». – «Апыр-ай, аты-жөніңізді айтыңызшы, тәңір жарылқағырым!» деп Мәди шалдың әлгі сөзіне буырқана толқып, мына тас түрменің талқанын шығаратындай орнынан тұтана атып тұрды. Дер шағында басынан сөз асырмаған қайсар жан болса керек, шал көз алдында Мәди емес, торға қамалған долы арыстан тұрғандай оған қызыға қарап: «Дәулет дегенді білесің бе?» – деді. Мәди елең етіп: «Дәулет?» – деді. – «Иә, Дәулет!» деді шал. Мәди ойға батты. – «Солай, батыр. Сол Дәулеттің әкесімін. Біздің ел Мұңлы, Қулыдағы Тамалар болады. Ықыластың елі, оны сен білесің де!» –деді шал. – «Сіз... Сіз қашан? Қалай келдіңіз? Не үшін...» – деп Мәди шалдан көз алмады. Шал: «Біздің Дәулет те сен секілді дүниеге сыймай қойды. Қарқаралыға келіп ән салып жүр екен. Сенің әніңді, Мәди! Қақабайдың балалары ұстатты. «Есеміз бар, баяғыда жылқымызды бағып жүріп талайын құртқан. Омбының генерал-губернаторына жазған шағымымыз бар» деп Қарқаралы әкімдерін тырп еткізбепті. Дәулет батыр осы түрмеде қазір...» – деді. Мәди тар бөлмені кезіп кетті. Бір отырды, бір тұрды. Есікке келіп, жылтыраған тар тесіктен маған қан толған отты көзің қадады. Сонда байқадым, Мәдидің көзі ініне тығылған қасқырдың көзіндей тым заһарлы екен...
– О, ол көзден төгілген мейір шуағын күн нұрынан кем көрем бе мен! –деп Қази күле сөйлеп еді, бірақ бетін басып, оқыс жылап жіберді. .
Кенжебек сасқалақтап:
– Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз... – деп Қазиды әзер жұбатты.
– Сабыр етпегенде не қылам. Сабырсыз әйел болсам, бар өмірі түрмеде өтіп, өзін де, мені де шерменде ғып қойған Мәдиден баяғыда-ақ жалт бұрылып, жөнімді табар едім. Бірақ Мәдидей жар, Мәдидей қорған қайда маған? Мәдидің әніндей әнді, ондай сырлы көкіректі қайдан табатын едім мен?.. – Қази көз-жасын жұтып отырып: – Мәди Дәулетті әлі көрген жоқ па? – деп сұрады.
– Көрген жоқ.
– Әкесі қайтты ма екен?
– Жоқ, ол өзі мықты шал екен. Осында қобызын тартып жүріп жатыр. Базарды думандатып жібереді. «Дәулетім үшін бәріне көндім. Бәрін көріп-бағам. Маған одан басқа тірлік қалған жоқ», – дейді. Бір кереметі... Иә... Иә, сол күні бастықтар жоқ, осындай бір орайлы сәт еді. Мәдиді тамақтандырып, екеуі түсініп алған соң, дорбасынан қол тоқпақтай ғана қобыз алып...
– Қобыз дейсіз бе?
– Кәдімгі қыл қобыз.
– Иә, – деп Қази күзетші жігіттің сөзіне зейін қойды.
– Дәулеттің түрмеге түскенін естігенде Мәди өзін қоярға жер таппады дедім ғой. Мәди көзі шатынап, екі білегін сыбанып: «Не деп отырсыз? Сіз маған не сұмдық хабар әкелдіңіз?» – деп алдындағы қара шалды бүріп тастай жаздады. Не істерін, не дерін білмей, атылып терезеге барды да, темір торды қолы қарыса сығымдап ұстаған күйі қатты да қалды. Дәл сол сәтте «Уақыттарыңыз бітті...» деп есікті ашып кіріп барсам, Мәди мені түтіп жіберер ме еді, кім білсін?.. – «Дәулеттің түрмеге түскеніне неге таңғалдың? Өзің неғып жатырсың мұнда?» деді қобызының қылын тарамыстай қатқан арық саусағымен сипап отырған қазымыр шал. Мәди тіл қатпады. Темір тор сықырлады. Тісі шықыр-шықыр қайралды. Әлденеге өкінгендей басын ызалана шайқай берді.
Кенжебек әңгімесін жалғастырды... – «Ұлыңыз түрмеде жатыр... солай деңіз, қария» – деді Мәди. Шалдың жүзіне мысқыл күлкі үйірілді де, қобыздың құлағын сол жақ шекесіне тіреп, үсті-үстіне жеделдетіп ысып-ысып қалды да, ыңыранған ауыр саз күйзелтіп тұрып алды. Тесіктен қарап едім, күй жан түршіктіріп сарнай бастағанда зәрем кетті...
– Қобызды тартқызуыңыздың өзі кез келген жанның қолынан келе бермейтін жақсылық. Сізге тәңірдің шапағаты тисін. Зәузатыңыз жамандық көрмесін! – Бұл жас келіншектің емес, ақ шашты ананың берген батасындай ұғылды. – Дәулет Мәдидің осында екенін біле ме?
– Біледі. Мәди қазір жеке бөлмеде. Біздің әкімдер Мәдиден қатты қорқады. Оның жұртқа деген ықпалы сұмдық қой. Оны тыңдамайтын пенде жоқ мұнда...
– Сол Дәулетіңіз шыр айналып келіп Қарқаралы түрмесінен «қоныс» тапты.
– Кісіге қиянаты жоқ, сәбидей аңғал, ақ пейіл жандардың тұзы жеңіл болады екен. Дәулет те Мәди сияқты шырғалаң іспен жүр деңіз...
«Сүт кенжем еді. Соңғы рет нәресте иісі исіндірген құлыным еді. Жалғыз емес, жалқы емес, алдында көк тіреген алты ағасы бар. Бәрі жиылып бір Дәулетімнің садағасы боп кетсе өкінбес ем. Бір биеден ала да туады, құла да туады. Алтауы алты ауыл боп, аузымен құс тістеп, сіресіп, болып-толып отыр. Мал да жетеді, жан да жетеді. Бірақ рақымы жоқ. Шетінен кісәпір. Дәулетке «Әнді қой, мал жи» деді. Дәулет өзіме тартқан да, олардың ырқына көнбеді, елге қадірлі-ақ өзі. Мына темір торда бұлбұлдай шырылдаған Дәулетіме де бұл Құдай адалдығын, саңқылдаған әнін берді. Алты ағасы сияқты шіренбей, көпшіл болды. Ар жағын айтып не қылайын, баяғыда ә деп ағаларына ренжігенде, Едірей болысы, осы Мәдилердің аулына тартып отырды. Қақабайдың жылқысын бақты. Артынан іздеуші де барды. Келмеді. Мәдимен тағдырлас боп қалғанын сонда білдім. Арлылығы, әні жар болсын құлыныма. Ретін тауып, азаматтық жаса, Мәди мен Дәулетті жүздестір, шырағым. Ақ батамды берем. Екеуіне де ән салдыр, сауабына қаласың!» деді сол қария.
– Бұл тілекті орындай алдыңыз ба?
– Жоқ.
– Неге?
– Ретін таба алмай қойдым, – деп күрсінді Кенжебек.
Қази да жерге қарады.
– Және бір сұмырай соңыма түсіп үстімнен арыз беріп, тұтқындармен жасырын мәмілесі бар деп әбден әуре-сарсаңға салды. Ақыры оның өзі қызметтен қуылды. Жымысқы неме екен, біреуден пәре алған жерінде ұсталды.
– «Біреуге ор қазсаң кеңірек қаз, өзіңнің де жатуыңа жақсы» деген ғой бұрынғылар...
Кенжебек «солай» дегендей басын изеп, Қазиға жымия қарап тұрды да:
– Қазір Дәулет пен Мәдиді кездестірейін бе? – деді.
Қази аңырып, не дерін білмеді.
– Мынаған келіселік. Сіз бен біз уақытты созбайық енді. Қазір Мәдиді әкелем осында. Сырттарыңыздан жабам. Сонан соң...
– Иә, сонан соң? – деді Қази ұшып түрегеліп.
– Отырыңыз. Мұндайда сабырлы болған жөн... Дәулет Мәдидің жаңа әнін жақсылап үйреніп алсын...
– Жақсы... Жақсы... Сіз айтқандай болады.
– Бірақ Мәдиде бір осалдық бар.
– Осалдық?
– Ол – әнші. Ән айтылса болды ол бәрін... бәрін ұмытады.
– Мені ұмыта қоймас! Жаңағы тілегіңізді мүлт жібермеуге сөз берейін. Мәди тыңдайды мені!
Кенжебек Қазиды жеке қалдырып, көп ұзамай Мәдиді ертіп келді.
– Қази!
– Мәди!
– Жаным, Қазиым!
Есік сарт етіп жабылды да, күзетші жігіт Кенжебек барып қараңғы, тар коридордың түпкі бөлмесін ашты. Бұл тұтқындардың көр-жері, киім-кешегі сақталатын бөлме. Оның кілтін тек Кенжебек ұстайды. Осында Мәди кеп түскен күннің ертеңінде-ақ бұл жігіт қызыл аршадан жасалған кішкене домбыраны әкеліп, орайлы сәтте Мәдиге оңаша тарттырып, одан кейін кенеп қаппен орап, қайта тығып тастайтын. Ол енді сол домбыраны алды да, бөлме-бөлмені жағалап кеп, Мәди мен Қази отырған бөлмеге қарама-қарсы тұрған есіктің тесігінен ішке үңілді.
– Әлі ұйықтамағансыңдар ма? – деді ақырын ғана.
– Ресей жағы бүлініп, патша ағзамның жағасына жармасып жатыр дейді. Қайтіп ұйқы келеді...
– Қарқаралы аспаны да түнере бермес. Бізге де туар бір күн тірі болсақ! Дүниеде не боп жатыр? Не хабар білесің Кенжебек, шырағым?
– Бірдеме десеңші, Кенжебек? Сені тап қылған Құдай бізді өлтірмейді. Тіміскілей беретін иттерің жоқ қой бүгін.
– Дәулет мына домбыраны алсыншы...
– Әкел, әкел, айналайын.
– Тым қатты даурықпаңдар.
– Құп болады!
– Бағаналы бері құмалақ сап басты қатырып отыр едік, Құдай тілеуіңді бергір...
– Мінген аты, ішкен асы, көрген құрметіне мас болып: «Мен қаздауысты Қазыбек, аты шулы Алшынбай, Қақабайдың ұлымын!» – деп шалқақтаса Мәдиге не бөгет болар еді! Кім дәреже теңестірер еді онымен?
– Мәди өйткен жоқ. Ес білгеннен «Елдің ұлымын, көптің бірімін» деп өсті. Кембағалға қол ұшын берді. Тізесі бар, білегі жуан дөйлерге «тәубеңе кел, ит болма, залым болма» деп айта білді.
– Сол үшін ғой, әлдінің заманы ақ жол тілеген Мәдиді қаңбақша қуып, меңіреу зынданда зарықтырумен келеді.
– Айналып кетейін Дәулетжан, сен Мәдидің әлгі әнін айтқанда сай-сүйегі сырқырайтын адам түгіл Қарқаралы тауы күрсініп, тас екеш тастары үгіліп, орман-тоғайы аһ ұратын секілді. Қазір түн... Осы ән айтылып жатқанда қарар ма еді, Қарқаралыға. Қарауытып, мұңайып жатқан шығар ол да!
Жайлап есік ашылды. Домбыраны үнсіз келіп Дәулеттің өзі алды.
– Жөнсіз шуламаңдар, – деді Кенжебек.
Дәулет ұзақ шертті. Ешкім міз бақпады. Сөне жаздап тұрған май шамға кірпік қақпай қадалған Дәулеттің шарасы кең көзінен жалғыз тамшы жылтылдады. Дәулеттің бүгін көңіл хошы жоқ. Мәдимен жүздесе алмайтынын біледі, қасындағылардың бәрі өлімсіреген әлсіз шырақты айнала қоршап, қаны қашқан сұп-сұр реңдері тұнжырап, тырп етер емес. Түпсіз тұңғиыққа батып, ағылып жатқан толғау не дейді? Күйікті шертіс қой бұл. Жаңа ғана ешнәрседен қапері жоқ алаңсыз жандардай әзілдесіп, дауласып, құмалақ ашып, не болса соны сөз ғып гуілдескен байғүстар шерлі күйге езіліп шым-шытырық ойға шырмалған. Жігері құм боп, аяп кетті бәрін. Дәулет көкірек кере күрсіне беріп, ызалы уыт шыдатпады ма, домбыраның бетін шарт еткізіп қатты қағып жіберіп, сәл шалқайып, Мәдидің «Қарқаралысын» саңқылдатты. Тұтқындар дүр сілкініп, қозғалақтасып, біріне-бірі қарасып, «Е, шіркін, дүние!» дегендей бас изесті, әннің әр сөзі жандарына тиді, әр сөзге егіліп, әр сөзден қуат алды; әрқайсысының кешкен ғұмыры, көрген жақсылық, рахаты, қызық дәурені ынтықтырып, мына тамұқ азабын сездірер емес. Көздерінен сызылып қана жас ағады, сол жастың демеуі неткен күшті, тас түйін боп ширап, жаралы жолбарыстай атыла жаздап әзер отыр бәрі.
– Ие, солай... Шіркін, Мәди бақ іздеп билік іздеп жүрсе, қане. Өз көзімізбен көріп, білдік қой Мәдиді!
Кенжебек осы сөздің бәрін анық естіп тұрды.
Ол Мәдидің Қарқаралы түрмесіне талай түскенін білетін еді. 1913 жылдың 6-желтоқсанында Қақабай әулеті оны жер аудартты. Мәди қашты. 1914 жылы 19-мамырда Спасск приставы оны ұстап алып, Ақмола уезінің бастығына тапсырды. Содан ол 1914 жылдың 6-маусымына дейін... Иә, одан кейінірек қыркүйек айында Мәди тағы қашып құтылды. 1915 жылы 13-ші маусым күні ол осы Қарқаралы түрмесіне қамалды...
Кенжебек Мәдидің әнін бір жыл бойы емін-еркін тыңдаумен болды. Осы бір жыл ішінде ол дүниеге қайта келгендей, көкірегі оянып, көп жайды... көп жайды ұқты. Мәдиге қызығады, сондай ер болғысы келеді, қазіргі тірлігі қорынтып амалсыз жүр.
Түн ортасы ауғанда, Кенжебек асығып ішке қайта кірді. Түсі суып, коридорда әрі-бері жүріп алды. Мазасызданды, күрсінді. Сәл демігіп, маңдайынан аққан мұздай терді сүртумен болды. Жұдырығы түйіліп, абыржыған қалпы Мәди мен Қазидың бөлмесін ашты. Екеуіне ұзақ тесілді де:
– Дәулетті әкелем қазір, – деді.
Ізінше бөлмеге қолында домбырасы бар Дәулет кеп кіргенде, Мәди оған қадалған күйі жайлап түрегеле беріп, қапсыра құшақтап:
– Өстіп сен ғана шырқай алатын едің, Дәулет. Бәрін біліп, тыңдап отырмын! – деп қатты құшып сүйді.
– Сәлемет пе, Қази. Біздің жай осы...
– Әнің сол баяғы ән, Дәулет. Қолыңнан домбыраң түспепті...
– Пәни жалғаннан бәріміз кетеміз, ән қалады. Әнге ешкімнің кұдіреті жүрмейді.
Бөлмеге Кенжебек кірді.
– Саған разымын! – деді оған Дәулет.
Сонан кейін ол Мәдиге, Қазиге, Кенжебекке алма-кезек қарап өтті де:
– Уақыт аз, Мәди. Мә, домбыраны ал. Әлгі бір әніңді өз аузыңнан үйренейін. Сен ертең босайсың. Менің жатқаным жатқан. Маған да бір медеу, жұбаныш, қуат керек! Қане, іркілме, уақыт тығыз. Қази мен Кенжебек те тыңдасын, үйреніп алсын, – деді.
Мәди домбыраны үнсіз алды.
– Жалтақтамаңыз. Саспаңыз, Мәди аға! – деді Кенжебек.
– Неге? Неге? – деп қауқалақтады толқыған Мәди. Сөйтті де, домбыраны жорғалата шертіп: – Әуелі сөзін ұғып алыңдар, – деді.
– Үшқара басың биік мүнар шалған,
Сұмпиып ете шықты мына жалған.
Тар есік, тар босаға жаман екен,
Ер едім ел ішінде сайран салған...
Адамдар қандай қытымыр, бірінің болғанын бірі көре алмайды. Ердің ісін істеп, еңсемді көтеріп жүрсем дегі ем, әндеткен күпі...
Мәди домбыраны құшырлана қысып, сындырып жібере жаздады. Көзі жасаураған Қази оған тура қарай алмады. Дәулет тас мүсіндей қатты. Кенжебек төмен тұқиған күйі шөге берді езіліп.
– Басынан Үшқараның аса алмадым,
Жайқалтып жапырағын баса алмадым...
Жо-жоқ, осы да жетер, жетер... «Мәди деген кім осы?» дегендерге осы әнді айта беріңдер. Бұл әннің қайырмасы жанымды қинайды менің. Енді қоя қояйын... – деді Мәди қыжылы қайнап.
Қази енді байқады, Мәдидің реңі сартап боп, жағы қусырылып қатты жүдеген екен. Түйіліп отырып қалған Мәдиден домбыраны Дәулет алды.
– Күйінбе, ақылға жеңдір не болса да, – деді Дәулет оны сабырға шақырып.
– Қақабай Қаздауысты Қазыбекке тартса, сағым сынар ма еді бүйтіп? Ал, одан туған күшіктер... аяғының астынан арғын көрмейтін доңыздар... Өзді-өзін талап жатыр. Қандасы маған қастық қылған соң олардан не үміт, не қайыр? Әттең, дүние, сұмпиған сұм дүние...
– Жә, Мәди. Сен енді түрмеден шық. Жатып бақтың ғой, біраз. Онсыз да қысқа өмірді қиындатпа. Қазиыңды жалғызсыратпа! – деп Дәулет Мәдиге дем бере сөйлеп, әнді жалғастырып әкетті...
Мәди оны қуаттап басын изей берді.
– Осы әнді өзіңіз айтыңызшы, Мәди аға, – деді Кенжебек.
– Сен үшін айтайын, жаным, айтайын. Саған бір сауал, Кенжебек?
– Айтыңыз...
– Иығыңда погон, асынғаның мылтық, күзеткенің түрме, ал өзің иманжүзді жансың, біз сияқты жолы болмай жүрген ағаларыңа неге үйіріле бересің? Залалымыз тиеді ғой.
– Сіздерді ел сүйеді. Сол көптің бірімін, Мәди аға! Сіздерден аянып не болғанымыз...
Мәди масаттанып, иығын қозғалақтатып, алабұртқан қалпы әнді ұзақ толғау қылып тоқтаусыз ағылтты.
Домбыра енді Дәулетке көшті. Сыртта тасыр-тұсыр... Иттер абалады. Кенжебек сазара түсті. Біреу есікті жұлқып тартып, ашып кеп қалды. Түрме бастығы! Дәулет тоқтамады, оны елең де қыған жоқ. Әнді кеу-кеулете қоздырып, ашынып, қасарыса айтты. Мәди миығынан күліп, қыр көрсетіп, мерейі тасыды.
– Тоқтат!
Ән тоқтамады. Күйіп-пісіп түрме бастығы жерді бір тепті де, күзетші жігіт Кенжебекке төніп кеп:
– Ешкімге сенбей қойып ем, көрді ғой көзім. Жайың белгілі болды, ит! – деп иығындағы погонды жұлып алды.
Кенжебек қолындағы мылтықты түрме бастығына қарай лақтырып тастады.
Дәулеттің қолындагы домбыра зар төкті. Түрме бастығы зыта жөнелді.
Ағарып таң атты. Түрмеден босап отырған Мәдиді сол күні тағы да жер аударды. Қази Үшқараға тағы да жалғыз қайтты. Дәулет пен Кенжебек Қарқаралы түрмесінен қашан шығарын білмеді.
Бұл 1916 жылдың 11-шілдесі еді.
***
Автордан: Мәдидің бұл әнін алғаш рет Затаевич нотаға түсірді. «Қыз Жібек» операсында ол «Көп болды көрмегелі арма, Жібек, отырсың кімді күтіп жадап-жүдеп» дейтін Бекежанның әні боп кетті...
Ұзақ жылдар елеусіз боп келген әнді, Мәдимен аталас, алпыс екі жастағы қарт әнші Қайырбек Сәрсекеев 1978 жылдың 20-наурызында таспаға жаздырды. Бұл әнші Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы «Комсомол» совхозында тұрды. Әншімен өз үйінде кездестім...
qazaquni.kz